Теңізді жырлаған жүрек

Өтебай Серәлі 1958 жылы 10 қыркүйекте Арал ауданы, Ауан ауылында туған. 1980-1983 жылдары Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумын, 1990-1995 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың (АлМУ) филология факультетін бітірген.
Ұзақ жылдар бойы Ақбасты ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Сонымен қатар оның мақалалары, өлеңдері, әңгімелері республикалық «Жас Алаш», «Ұстаз мәртебесі», «Ана тілі» газеттерінде, аудандық «Толқын», «Құрылтай» басылымдарында және республикалық «Әлімсақ» журналында жарияланып келеді.
Жақында жарық көрген «Жырлайды теңіз, жырлайды» атты жыр жинағы үш бөлімнен тұрады. Жастық шақ, ғұмыр, теңіз тақырыбын арқау еткен бұл жинақтың «Жастық жырлары» бөлімінде балалық пен жастық дәуреннің сырлы сәттері бейнеленсе, «Жыр ғұмырда» ақын өмірден түйген ойларын, ортасын көркем тілмен өрнектейді. Мұнда махаббат тақырыбы лирикалық иіріммен берілген. Ал «Теңіз, сенің ұлыңмын» атты бөлім туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікке толы өлеңдерден тұрады.
Автордың тілі жатық, оқуға жеңіл, шынайылығымен де оқырман жүрегіне жол табады.
Өтебай Сералі – ұстаздықты өмірлік мұрат, ал ақындықты жүрек қалауына айналдырған қаламгер. Оның шығармалары – туған жерге деген махаббаттың, өмірге деген іңкәрліктің айқын көрінісі. Жаңа жыр жинағын оқи отырып, қаламыңыз мұқалмай, шығармашылығыңыз оқырманға қуаныш сыйлай берсін деген тілек айтамыз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА