Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ардақты азамат еді...

Ардақты азамат еді...

Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зымырап өтіп жатқан өмір-ай десейші... Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты тең көрген, барға қанағат, жоққа салауат айтқан азаматтың бірі Қарасайұлы Құдайберген Нұрболатов болатын. Оның қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын адами қасиетін, жаратылысындағы кісілік пен кішілік болмысын көргенде марқайып қалатынбыз. Жайсаң жандарды жақын тартып, жалғандықтан бойын әркез аулақ ұстап, тек елім деп жүріп еңбек еткенін көргенде ет жүрегіміздің елжіреп сала беретіні тағы бар.
Өкініштісі сол, Құдайберген аға бұл өмірден мезгілсіз кетті. Бірақ тектен-тек кеткен жоқ, артында өлмейтұғын ісі мен өшпейтұғын ізін қалдырып кетті. Айтар ойымыз орнықты, сөзіміз уәлі болуы үшін Құдекеңнің өнегелі де өркенді өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасалық.
Қарасайұлы Құдайберген 1946 жылдың қоңырқай күз айы – 2-қазандда Арал теңізінің жағасында қоныс тепкен Ауан елді мекенінде өмір есігін ашады. Есін енді-енді жияр-жимаста асқар таудай әкесі Қарасайдан айырылған ол ерте есейеді. Құдекең өмірге келгенде Базар есімді туған апасы «Бізге Құдай берген болар» деп, есімін Құдайберген қойыпты. Балалық бал дәуренінде елгезек те ерке болған оны Құдекеш деп те атаған.
Бір таңғаларлығы, бары-жоғы төрт жасында әріп таныған Құдекеш бес жасында мектепке барып, «Әліппе» бетін ашады. 1961 жылы Ақбасты ауылындағы мектептен орта білім алған ол Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумының есепші мамандығын беретін факультетіне оқуға қабылданып, 1963 жылы мамандығын алып шығады. Сөйтіп, еңбек жолын Құланды жылқы зауыты шаруашылығында әртүрлі салада есепші болудан бастандырады. Бертін келе, яғни 1976 жылдың мамыражай май айында «Жіңішкеқұм» қой совхозының бас экономисі қызметіне тағайындалады. Жастайынан қаржы саласын жетік меңгерген ол «бала бухгалтер» атанып, өрлеу баспалдақтарына аяқ басады. Яғни, 1981 жылы Арал қаласына іргелес қоныс тепкен «Приарал» совхозына бас экономист болып қызмет етсе, 1982-1983 жылдары Арал аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі қызметіне келіп, билік басындағылардың назарына алынады. Содан болар, Құдекең 1983-1985 жылдары ол кезде – «Приарал» совхозы директоры болса, 1988-1993 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтеріне келіп, абыройлы атқарады.
Шыны керек, Құдекеңнің басында күрмеуі қиын кезеңдер де болған көрінеді. Десе де, қайраты бар Құдекең мұндайға мойыған жоқ, қайта қасқая тұрып, күреске шықты. Жеңді де. Саралап айтар болсақ, 1993-2002 жылдары «АгроБанк», «Наурыз Банк» директоры қызметтерін атқарса, 2002-2005 жылдары Арал вагон жөндеу зауыты директорының қаржы жөніндегі орынбасары, ал 2005 жылдан 2014 жылға дейін «Арал ырысы» несие серіктестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарады.
Келесі сөз кезегін Қарасайұлы Құдайберген ағаның өзіндік бітім-болмысына беруді жөн көрген жайым бар. Өйткені, мен Құдекеңмен көзі тірісінде ағалы-інілі сыйластықта болғандықтан оның жаратылысы, жүріс-тұрысы мен тіршілік тынысын жақсы білемін.
Қандай да болмасын бір пенденің дүние дәлізіне еніп, кіндік қаны тамған жердің табиғатындай болып, бітім-болмысы мен қадір-қасиетінің қалыптасары хақ. Содан да Құдекеңнің туған жері – Арал теңізінің маржандай мөлдірлігі, қиырсыз көкжиегіндей кеңпейілі, теңіздің балықпен аралдықтардың асыраушысы болғандай қамқорлығы оның ардақты азамат екендігін айшықтап тұратын.
Арқалы ақын Қадыр Мырзаәлі «Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға дейін бірде-біреуін жатырқамайды. Иә, жатырқамайды. Бірақ, ол екінің бірінің басына бұйыра бермейтін адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет» деген екен. Айтса айтқандай, біздің Құдекең де ешкімді жатырқамайтын, кісілік пен кішілік келбеті келіскен ардақты азамат еді. Тағы бір айтпағым, орыстың ұлы классигі Лев Толстойдың: «Текті әулеттің үш қасиеті болады: біріншісі – біреуге кеңес берер нәрсесін алдымен өзінен бастандыру, екіншісі – ешқашанда әділдікке қарсы шықпау, үшіншісі – өз айналасындағылардың осалдығына шыдамдылық жасау» деген екен. Біздің пайымдауымызша, Құдекең осы қағидаларды ұстаным еткен азамат болатын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Құдекеңнің жүріс-тұрысы, сөз саптауы, парасат пайымы ерекше болатын. Бұл өмірден үлкендердің ортасында кіші емес, кішілердің ортасында үлкен емес, яғни бетегеден биік, жусаннан аласа күйде өмір кешумен өтті. Содан да кісілігі мен кішілігі жарасып тұратын жақсылығы баршаға бірдей болғандықтан ел-халық оны аса қадір тұтатын. Атам қазақта: «Топырағына қарай дән өседі, тегіне қарай жан өседі» деген қағида бар. Менің пайымдауымша, Құдекең деген ел-жұрттың қадір-қасиеті арғы ата-тегіне берілген баға болар.
Көзі тірісінде Құдекең былай деген еді:
– Өмір дегеніңіз үдіре көшкен керуен ғой. Кеше ғана жалындап жүрген жас едік, міне бүгін 70 жастың да желкесіне мінгелі отырмын. Шынымды айтсам, аялдап, алды-артыңа көз салуға, көкжиектерге ой жіберіп, келер болашаққа қарауға мұрса болмапты ғой. Әйтеуір, бірде сүріндік, ал енді бірде тұрдық, сөйтіп жүріп мәре басына келіп те қалыппыз ғой.
Осылай ойға тұмшаланған Құдекең 2011 жылдың қазан айында зейнеткерлікке шығып, енді ғана немере-шөбере қызығына кенелермін деп жүргенде айықпас дертке шалдығады. Өмір үшін күреске түседі. Ауруды мойындамайды. Сырқатын бала-шағасына сездірмеу үшін жүзінен жылылық шуағы арылмайды. Жаратылысына тән қалпымен аңқылдай сөйлеп, қарқылдай күлумен жүреді. Жанұясына салмақ салмайды. Бірақ, тағдырдың жазмышына қолдан келер шара бар ма? Құдайберген аға 2016 жылдың қыркүйек айында өмірден озады.
Қарасайұлы Құдайбергеннің қара басының қамы үшін емес, ел-халық үшін емірене жүріп еткен еңбегі де ескерусіз қалған емес. Атап айтар болсақ, «Халықтар достығы» орденімен және де ондаған еңбек медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімі мен мәслихат хатшылығы тарапынан алған «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» жаңбырша жауған. Құдекеңнің кезінде дүркіреп тұратын облыстық партия конференциясына бір емес, екі рет, ал аудандық партия конференциясына тұрақты түрде делегат болып қатысуы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып тағайындалуы да тектен-тек болмаса керек. Сол сияқты аудандық мәслихат депутаттығына сайланып, тексеру комиссиясының төрағасы қызметін абыройлы атқарған.
Жақсы адамның атын шығаратын оны дара тұлғалық бітім-болмысы ғана емес. Оны шын бабына келтіретін. Ардақты азамат атануына септігі тиетін құдай қосқан қосағы емес пе? Мен  білерде осындай асыл жардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі Зухра жеңгеміз. Құдекеңнің айықпас дертке шалдығуы Зухраның да жүрегіне жара салған. Бірақ мойыған емес, көп әйелдердің қолынан келмейтін ерлерге тән істерді тындырып жүрген ол бүгінде Құдекеңді өлді деуге болмайды. Өйткені, Құдекең бұл өмірден өткенше шуақты шаңырақтарын шайқалтпай ұстап отырды. Шаңырақ ошағында қайнап жатқан қазан арылмайтын, ақ дастархан жиналмайтын. Зухра жеңгеміздің аялы алақанынан даярланған астың дәмін татпаған аралдықтар кемде-кем болар. Ал қос бәйтеректің өмірге әкелген ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» қағидасын ұстанып, сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет етіп, әке аманатын арқалаумен келеді.
Сөз соңында айтпағым, туған топырағы үшін қанатымен су сеуіп, артында өшпестей із бен өлместей іс қалдырған, яғни ғибратты ғұмыр кешкен Қарасайұлы Құдайбергеннің бұл өмірден өткеніне 10 жыл болса да өлді деуге әсте болмайды. Атам қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, Құдекең бізден алыстаса да аласармайды, қайта ұрпақтар сабақтастығымен биіктей бермек. Лайым, солай болсын.
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Арал ауданының құрметті азаматы
08 қыркүйек 2026 ж. 105 0