Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлт ұстазының өшпес үні

Ұлт ұстазының өшпес үні

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың рухани тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлға. Ол – әдебиет зерттеушісі, публицист, аудармашы, педагог, түркітанушы әрі қоғам қайраткері. Бар ғұмырын халқына арнаған ұлт ұстазы қазақтың сауатын ашуға, білім мен мәдениетті дамытуға және ұлттық сананы оятуға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Қазақтың  көрнекті ағартушысы 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай өңірінде дүниеге келген. Биыл ұлт ұстазының туғанына 154 жыл толып отыр. Оның қазақтың білім алуы мен рухани дамуы жолындағы қызметі, елдің саяси-әлеуметтік мәселелерін көтерген «Қазақ» газеті, сондай-ақ «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтары – ұлттық руханияттың қалыптасуына зор үлес қосқан құнды мұра. Бұл шығармалардың әрқайсысынан Ахметтің жұртшылықты ояту, оқуға ұмтылдыру және ел келешегіне жауапкершілікпен қарауға үндеген азаматтық үнін аңғаруға болады.
Ахаң бас редактор ретінде «Қазақ» газетін елдің саяси, әлеуметтік, мәдени және рухани мәселелері талқыланатын маңызды мінберге айналдырды. Басылым беттерінде халыққа оқу-білімнің қажеттігін түсіндіріп, дін мен діл, жер мәселелері секілді өзекті тақырыптарды да көтерді. Ағартушы білім беру мәселесін «Қазақ» газетінің негізгі бағыттарының біріне айналдырды. 1913 жылы жарық көрген «Оқу жайы» мақаласында ол қазақ қоғамындағы білім беру саласының кемшіліктерін ашық көрсетіп, жұртты өнер-білімге талпынуға шақырды. Ғалым: «Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім», – деп оқудың ұлт болашағындағы маңызын ерекше атап көрсеткен болатын.
Ақынның «Маса» жинағы – халықты оятуға, оның санасын сілкіндіруге бағытталған туындылар топтамасы. Ақын елдің надандық пен енжарлық күйінде қала беруін үлкен мәселе деп танып, жұртшылықты білімге, ізденіске, әрекетке үндеді. Оның «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» деген сөзі де осы ағартушылық ұстанымын айқын аңғартады. Меніңше, бұл туындылар бүгінгі жастарды да намысқа қамшылайды.
Жинақтан үзінді:
«Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса:
Сап-сары, аяқтары ұзын маса
Өзіне біткен түсі езгерілмес
Дегенмен қара яки қызыл маса,
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?!»
Ақын өзін «масаға» теңейді. Маса ұйықтап жатқан адамның айналасында ұшып, ызыңдап, оның тыныштығын бұзуға тырысатыны секілді, Ахмет те ұйқыда жатқан қазақ халқын серпілуге шақыруды көздеді. Ол өз жұртының сауатын ашып, ел жағдайына бейжай қарамауына, санасының оянуына үндеу тастады.
Ұлт зиялысы кеңестік билік тұсында да қоғамдық қызмет атқарғанымен, оның негізгі мұраты – қазақ халқының келешегі үшін қызмет ету еді. Ол бай мен кедейді бөліп-жармай, ең алдымен қазақты тұтас ұлт ретінде сүйді. Сондықтан оны белгілі бір таптың ғана өкілі емес, күллі қазақтың сөзін сөйлеген, елінің қамын жеген нағыз ұлт жанашыры деп бағалауға болады.
Менің ойымша, ақынның «маса» бейнесін таңдауы да бекер емес. Ол халыққа тыным бермей, үнемі білімге, серпілуге және ел болуға шақырған қайраткер. Оның «ызыңы» – қазақтың санасын оятуға бағытталған үндеу, ал шығармалары – ұрпақты білім мен жауапкершілікке жетелейтін рухани мұра.
Қорыта айтқанда Алаштың  көрнекті қайраткері –00 халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлға ғана емес, ұлттың рухани тірегіне айналған қайраткер. Оның ел болашағы үшін атқарған еңбегі мен қалдырған мол мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де аса құнды. Оның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, оның өнегесін кейінгі буынға жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ұлт ұстазының мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқының рухани қазынасы ретінде мәңгі жасай бермек.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
08 қыркүйек 2026 ж. 57 0