Сырлы бояудың сыры
Арал тағдыры – жер мен адам, табиғат пен уақыт арасындағы терең драма. Ұсынылған үш туынды Арал өңірінің кешегі мен бүгінгі болмысын, тартылған теңіздің қасіретін, туған топырақтағы жалғыздық пен үміт отын әртүрлі қылқалам мәнерінде шебер шендестіріп жеткізеді.Бірінші сурет: Жағалауда жайылған түйелер, тартылған балықшы қайықтары мен жайылған аулар бейнеленген. Артқы фоннан жарқабақты жағалау мен көгілдір су айдыны көрінгенімен, картинадан бұрынғы Аралдың шулы, берекелі балықшы ауылының саябырсып, тыныштыққа шомған сәті сезіледі. Табиғат әлі де тіршілік нұрын сақтап тұрғандай, десе де жағада қаңтарулы тұрған бос қайық пен аулар өңірдің бұрынғы балықшылық кәсібінен ажырап, жаңа өмір салтына бейімделуге мәжбүр болғанын аңғартады. Суретші табиғаттың сұлулығы мен өзгере бастаған тағдыр арасындағы нәзік тепе-теңдікті шебер бейнелеген.

Екінші сурет («Жетім шағыл»): Туындыда жалғыз аяқ жолмен құм ортасындағы кішкентай, қарапайым үйге қарай таяғына сүйеніп ақырын аяңдап бара жатқан қарияны көреміз. Бұл полотнода суретші «қонашалану» мен «жалғыздық» философиясын аша түседі. Құм шағылдардың ортасындағы жалғыз үй мен шалдың бейнесі – туған топырағын тастап кете алмаған, өткен күннің елесімен және теңіздің тағдырымен бірге қартайған аралдықтардың символы. Бұл сурет өңірдің әлеуметтік толқынын, ауылдардың босап, мекендердің ошақ оты сөне бастаған «жетімділік» күйін терең тербейді.

Үшінші сурет: Сұрғылт, сор басқан құмның ортасында тұрған қаңқаға айналған кеме мен оның алдында үрей мен тосырқaуға толы көзқараспен қарап тұрған жалғыз түйе. Айналада қаңбақтар домалап жүр. Картина – Арал апатының ең айқын да ащы символы. Уақыт тоқтап қалғандай, құмға батқан бұрынғы алып кеме – адамзаттың табиғатқа келтірген зардабының ескерткіші тәрізді. Ал түйенің бейнесі мен оның тіксінген тұрысы – шөлге айналған өлкедегі тіршіліктің, сонымен бірге табиғаттың адам баласына қойған үнсіз сұрағы тәріздес.
Түйін:
Үш сурет те бірін-бірі толықтырып, Аралдың трагедиясын тұтас көркем шежіреге айналдырады. Суретшілер көрерменге тек экологиялық апатты көрсетіп қоймай, жер бетіндегі әрбір жаратылыстың, адам мен табиғаттың арасындағы тығыз байланысты қадірлеу керектігін ұғындырады.
Редакциядан









