Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрметке лайық азамат

Құрметке лайық азамат

Қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков: «Менің артыма, бала-шағама қалдырған ең қымбат қазынам да, мұрам да – дақ түсірмеген ар-ұятым мен адамгершілігім» деп ағамыз айтқандай, ел игілігіне жарау – пенденің маңдайына жазылған ең ұлы сынақ, әрі ең ұлы мүмкіндік. Адам өмірінің шынайы құны оның артында қалдырған ізінен, ел жадында сақталған өнегесімен танылса керек. Расында да, өмірдің мәні де қай жастың төріне шықса да, адамгершілік, ар-намысы биік, ізгілік пен парасаттылық, адалдық сияқты қазақи тәрбиені бойына сіңірген, сүйегі асыл, сөзі мазмұнды, әділеттілікті ту етіп көтерген, өресі биік, өз ауылының, өз өлкесінің тарих шежіресіне еніп, бүтін бір әулеттің мақтанышына айналған азаматтарымыз баршылық.
Міне, осындай азаматтардың бірегейі, өмірін ізгілік пен еңбегінің нұрына шомылған ұрпақтарға өмір жолы өнеге, құрылыс саласының жоғары білімді маманы, білікті сарапшы-қадағалаушы (технадзор), «Бақыт» шаруа қожалығының төрағасы, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері», бірнеше марапаттардың иегері Айменов Қасым Садықұлы туралы айтпақпын.
Қасым Садықұлы 1958 жылы 3 қаңтар айында Сексеуіл стансасында теміржолшылар жанұясында дүниеге келген. Әкесі Садық Айменұлы кәсіби теміржолшы ретінде Отан соғысы кезінде бронмен қалып, жеңісті жақындатуға өзінің сүбелі үлесін қосқан, айтары бар, ортасына сыйлы ақсақал болған екен. Анасы Зібира Сәндібекқызы 6 перзентін дүниеге әкелген, ошағы оттан түспеген, қонақжайлы, әке қаны, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезді аяулы ел анасы болған деседі.
Қасым Садықұлы 1975 жылы орта мектепті бітірісімен Қызылорда политехникумының «Өндіріс және азаматтық құрылыс» мамандығына түсіп, 1976-1978 жылдар аралығында әскери борышын өтеп, 1981 жылы оқу орнын бітіріп шықты.
Алғашқы еңбек жолын Сексеуіл депосында бригадир-құрылысшы болып бастады. Одақтас мемлекеттер арасындағы Сексеуіл депосында салынып жатқан екі қатар жолдың құрылысын жүргізеді.
1981 жылы әскери мекемеде прораб болып орналасып, орталық жылу қазандығы, жылу құбырлары, кәріз жүйесі, қалдықтарды айдайтын насос стансасы, сауда орталығы, Жауқазын балабақшасы мен 100 орындық жатақхана құрылыстарын аяқтап, пайдалануға берілді.
1985 жылы Қазалы СНП-716 құрылыс-монтаждау поезында Сексеуіл депосын қайта жаңғырту жобасында шебер, прораб қызметін атқарып, аталған нысандар пайдалануға берілді.
1988 жылы Сексеуілде халыққа қызмет көрсету мақсатында өзін-өзі қаржыландыратын Арал құрылыс мекемесінің бөлімше басшысы болып, халыққа керекті есік, терезе, құрылыс бұйымдарын, үй шаруасына қажетті тұрмыстық құрал-жабдықтарды жасап, қызмет көрсетілді.
1990 жылы Сексеуіл депосында «Тұрғын үй-90» бағдарламасы бойынша салынған нысандарда құрылыс шебері болып қызмет етіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. 1995-2016 жылдар аралығында депо шаруашылығында жабдықтау бөлімін басқарды. 2016 жылы «Аралсарыбұлақ» мекемесіне қарасты Сексеуіл бөлімшесінде аға шебер болып орналасып, Сексеуіл кентінде ішкі су құбырлары жаңартылып, 24 сағат бойы халыққа су тарату мүмкіндігі жасалынды. Кентті газдандыру бағдарламасы бойынша уақытында халыққа пайдалануға берілді, сонымен қатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыда аталған жұмыстарға сарапшы-қадағалаушы (технадзор) қызметін атқарды.
Арал қаласындағы ауыл шаруашылығы лабораториялық мекемесін газдандыру, Қазалы ауданындағы жеке кәсіпкер салып жатқан керуен жолаушылар тасымалдау бекетінің нысанын бірлесіп салу жобасына облыстық бюджеттен газдандыру жұмысын, сыртқы электр, телефон желілері, кәріз, жылу жүйелерін сапалы түрде пайдалануға беріліп, аталған барлық жұмыстарға сарапшы-қадағалаушы болып қызмет етті.
2016 жылдан бастап өзге облыстардың құрылыс нысандарында да еңбек етті. Атырау облысындағы Балғынбаев Саламат атындағы мұнай кешенінің 19 км құбыры алмастырылып, пайдалануға берілді. Жезқазған, Шалқар қалаларындағы көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Базой ауылында ішкі электр желілерін, жарығын және құрал-жабдықтары жаңартылды. Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылында 100 орындық мектеп салынды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығына сарапшы-қадағалаушы болып абыройлы еңбек етті.
«Аралсарыбұлақ» мекемесінде 2021 жылы зейнеткерлікке шығып, бүгінгі таңға дейін сарапшы-қадағалаушы қызметін біліктілігінің арқасында жалғастырып келеді.
«Адалдық – ардың ісі, ауырлықты көтеру – нардың ісі, жақсы іске жан семірер» демекші. Мамандығына адалдық танытқан адамдар қоғамда да қозғаушы күшке айналатыны белгілі. Жүрек қалауымен игерілген мамандық – нағыз игілік. Өз ісінің шебері болу үшін терең білім мен жоғары біліктіліктер Қасым ініміздің бойынан табылады.
Енді Қасым Садықұлына сөз берсек:
– 1993 жылдары жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар уақытылы берілмей жатқан қиын кезеңде кәсіп ашып, халыққа қызмет көрсету мақсатында, негізгі жұмысымнан қол үзбей жүріп, «Бақыт» шаруа қожалығын аштым. Сол кезде бауырларым сенбей, бастаған тірлігіме қарсы болды. Мемлекеттік жер қорынан жер алып, «Жалғыз түйеңе бола қай малыңды сыйғыза алмай жатырсың» деп, айтқандарымды ертегіге балап, күлген болатын. Бірақ 10 жыл өткеннен кейін «Сенің ертегілерің орындалып, нәтиже шыға бастады» деген.
1997 жылы Америкадан грант ұтып, колбаса цехын әкеліп, жұмысқа қостым. Алғашқы шағын кәсіпкерлікті бастаған жұмыстарым – балмұздақ, нан, кондитер және шұжық өнімдерін жасап, сонымен қатар көмір мен құрылыс материалдарын вагонмен тасымалдап қызмет көрсеттім.
Қазақстанда жекешелендіру жұмыстары жүріп жатқан кезде, ҚР-ның қаулысына сәйкес, депо шаруашылығындағы қосалқы шаруашылықтың түйе малын жекешелендіріп алдым. Халыққа қажетті азық-түлік және тұрмыстық тауарларды сататын сауда орталығын ашып, малымызды бағып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып, халыққа қызмет етіп келеміз.
1993 жылдан бастап 2026 жыл аралығында кәсіпкерлікті дамытуда ҚР-ның заңдарына сәйкес мемлекет тарапынан көптеген жеңіл несиелер алуға мүмкіндіктер жасалды.
«Әуелі Құдай жерге береді, жердегіні елге береді, елдегіні ерге береді, бергенді төккен маңдай терге береді» деп бабаларымыз айтып кеткендей, төккен маңдай тердің, ауызбіршілікпен, ынтымақ-бірліктің арқасында орта бизнесті дамытып, халыққа қызмет жасап, еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз, – деп ағынан жарылғаны бар еді.
«Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа қыл, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға қыл» деп бабаларымыз айтқандай, Қасым ініміз «Бөрі» бабадан тараған ұрпақтар арасында ойып алатын орны бар. Туыстардың қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасады. Оның ізгі мақсаты ешкімді таңдап, талғамай, бөле-жармай, ең бастысы, міндет қылмай, ештеңе дәметпей, айналасына жақсылық жасап, тектілік көрсетіп, қажет болған жағдайда басшылық, көшбасшылық жасаумен келеді.
Мұқтажға қамқорлық – асыл іс. Қамқорлық тек материалдық көмек емес, ол – адамның жанын түсіну, қиын кезде жанынан табылу, үміт сыйлау. Кейде бір ауыз сөздің өзі күш береді. Міне, осындай қамқорлық мәдениеті Қасым ініміздің бойынан табылып жүр деп айтуға толық негіз бар.
Жақында ғана ауданымызда болған облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысында алған Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісі омырауында жарқырауда. Бұл – ерен еңбегінің қайтарымы ретінде берілген әділ баға деп түсінудеміз.
«Өз қосағын тапқан қос жұптың өмірді ақ некемен бастауы – мұсылманның парызы» деген сөз құдіреті бар. «Жақсы жар – жарты ғұмыр» демекші, Қасым ініміз де жар таңдауда маңдайлы болды. 1981 жылы Құрманай бабаларынан тараған Қазалының шынарындай ару қызы Шолпан Ерланқызымен бас қосып, отау құрды.
Ақын, философ Жүсіп Баласағұн: «Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың» деп айтқандай, Шолпан келініміздің қазақ келініне тән жарасымды жүріс-тұрысына, мағыналы, мәнерлі сөздеріне, аналық мейіріміне, қазақы салт-дәстүрге беріктігіне, ана сүтімен дарыған жібектей есілген мінезіне, айналасына жұғымды, үлкенді құрметтеген, кішіні ізеттеген кішіпейілділігіне, келіндерінің білікті тәлімгер ұстазы ретінде де, қонақжайлылығына ешкімнің таласы жоқ.
Қонақжайлылық демекші, бірде отбасында қонақта болғанымда қазақтың «Түске дейін тойып ішкен тамағың кешке жетпес, күліп берген тамағың естен кетпес» деген қасиетті сөзі Шолпан келінімнің қонақжайлылығына қаратып айтылғандай.
Шолпанның әкесі Таңат баласы Ерлан шежіренің шерін тарқататын, ауылының сыйлы ақсақалы болған екен. Ал анасы Күлаш Сазанбайқызы құрт қайнатып, сүр қақтаған, бесік жырын жырлаған, көргені көп ана болған деседі. Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылар жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап болған қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кететінін өмір көрсетуде.
«Босағаңды алтыннан соқтырсаң да, бала сүймей мейірің қанбас» деп үлкендер айтқандай, Қасым мен Шолпан босағаларын алтыннан да соқтырды, бала сүйіп, мейірімдерін қандырған жандар. Осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұлдары ұялтқан жоқ, қыздары қызартқан жоқ, бір-бір шаңырақтың шаттығына бөленіп жүрген жайсаң жандар екенін білген соң айтамыз.
Тұла бойы тұңғышы Бақыт Қасымқызы Қызылорда қаласында тұрмыста, теміржолда жоғары білімді қызметкер. Айнұр Қасымқызы Сексеуілде кәсіпкер. Қобыланды Қасымұлы ауыл шаруашылығымен айналысады. Келіншегі Ақдана жас ұрпаққа білім нәріне сусындатып жүрген ұстаз. Құрманғазы Қасымұлы газ шаруашылығында қызмет жасайды. Келіншегі Индира – теміржолшы. Қазбек Қасымұлы, келіншегі Аружан бірігіп, екеуі халыққа азық-түлікпен қызмет етеді. Барлығы да бала-шағалы жанұялар.
Атақты Досмамбет жырау:
«Даралардың қасында дана жүрсе жарасар,
Жақсылардың қасында жайсаң жүрсе жарасар,
Қиын-қыстау күндерде тірек болса жарасар,
Қайыспайтын қайраты білек болса жарасар», – деп жырлағандай, даналардан үлгі алған, жақсылармен жанасқан, қиын-қыстау күндерде қол ұшын беріп, тірек бола білген қос білек – Қасым інім мен келінім Шолпанға, отбасыларыңа амандық, өздеріңе зор денсаулық, көрген перзенттеріңнің, немере, шөберелеріңнің шат күлкісіне бөленіп, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпақтарға еге беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
15 қыркүйек 2026 ж. 90 0