Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Анаға тағзым

Анаға тағзым

«Ана – өмірдің бастауы, жүректің панасы» дейді халық даналығы. Қазақтың ақын-жазушылары да ана бейнесін әрдайым ерекше құрметпен, тебіреніспен жырлаған. Ана – адам баласының өміріндегі ең қастерлі есім, ең аяулы ұғым. Оның мейірімі мен махаббаты, ақ сүті мен ақ батасы перзент жүрегінде өмір бойы сақталады.
Жақында әкем туралы естеліктерден құралған кітабымыз жарық көрген еді. Биыл аяулы анамның дүниеден өткеніне қырық жеті жыл толып отыр. Осыған орай үлкендерден анам туралы естеліктер жинастырып, олардың айтқан әңгімелерін қағазға түсіруді жөн көрдім. Бұл – ана рухына деген перзенттік тағзым.
Абай атамыз ана қамқорлығын адам өміріндегі ең асыл қазыналардың бірі деп бағаласа, Мұқағали Мақатаев ана бейнесін жүрек түкпіріндегі ең қасиетті сезім ретінде жырлады. Осындай асыл сезімнің жетегімен мен де өз анам – Сералиева Жібек Еңсепқызы туралы естелігімді жазып отырмын.
Анам Сералиева Жібек Еңсепқызы 1939 жылы Тасбөгет стансасында дүниеге келген. Анамның әкесі – менің нағашы атам Еңсеп – орта шаруа отбасынан шыққан, еңбекқор әрі парасатты адам болған екен. 1957 жылы анам әкем Бақытжанға тұрмысқа шығады. Алайда жас жұбайлардың шаңырақ көтергеніне көп уақыт өтпей, әкем әскер қатарына шақырылып, Германияға аттанады. Сол кезде анам аяғы ауыр болады. Жап-жас келін атасы мен енесіне қарап, шаңырақтың бар ауыртпалығын мойнына алады. Жас келін болса да, үлкендердің алдындағы парызын адал атқарып, отбасының берекесін сақтайды.
Атам Ысқақ етік пен мәсі тігетін шебер, қолынан іс келетін ұста адам болған. Әжем Құндыз уақыт өте келе көзінің жарығынан айырылып, дүниені көрмей қалған екен. Соған қарамастан, балажан, мейірімді жан болған. 1958 жылы анамның тұңғыш баласы – Зейнолла ағамыз дүниеге келеді. Сол кезде әкемнің туған ағасында бала болмаған екен. Үлкендердің ақ батасы мен келісімі бойынша Зейнолла ағамызды сол кісілерге берген. Алайда тағдырдың жазуы солай болып, ағамыз небәрі бес жасында ауырып, дүниеден өтеді. Үлкендердің және Қалжан нағашымның айтуынша, Зейнолла ағамыз Тасбөгетте жерленген. Сол заманның салты бойынша атам қарағай ағашын ойып, қабірінің басына белгі орнатқан екен. Жылдар өте келе әлгі ағаш жаңбыр мен қардың әсерінен мүжіліп, бұзылғанымен, зираттың орны мен жазуы бүгінге дейін сақталған. Бұл – өткен ұрпақтан қалған өшпес із, сағыныш пен мәңгілік естеліктің белгісі.
1966 жылы әкем мен анам ата-енесін бірге алып, Арал қаласына көшіп келеді. 1967 жылы мен дүниеге келдім. Ал 1968 жылы әжем Құндыз дүниеден өткен екен. Біз Аралда тұрған жылдары үйімізде ағайын-туыстың балалары жатып оқитын. Анам үйге келген адамды қабағын шытпай қарсы алып, барынша жағдайын жасайтын. Дастарқанынан дәм, көңілінен жылу үзілмейтін. Қолы ашық, жүрегі жұмсақ, қонақжай жан еді.
1976 жылы әкемнің жұмысына байланысты «Приарал» совхозының №1 фермасының орталығы – Көктем елді мекеніне қоныс аудардық. Ауылға келген соң көршілермен тез тіл табысып, елмен етене араласып кеттік. Анам өте өнерлі адам еді. Жіп иіретін, алаша тоқитын, киіз басатын, жүннен шұлық пен қолғап тоқитын. Қолынан шыққан әрбір дүниесінен оның шеберлігі мен ұқыптылығы көрініп тұратын.
Аралдан ауылға көшіп келгеннен кейін қарт ата-енемізге сауын түйе керек болады. Сөйтіп, Көктемде тұратын Керім атамыздан бір қоспақ түйе сатып алады. Анам сол түйені сауып, шұбатын дайындап, қарт атамызға беріп отырған. Керім атамыздың әйелі Құрманбике әжеден бірде түйені сауғанда қалай еркелететінін сұрағанда, ол кісі: «Сары қоспағым, дәрі қоспағым», – деп еркелетеді, – деген екен. Содан анам да түйені дәл осылай еркелетіп атайтын болыпты. Осындай қарапайым ғана естеліктердің өзінен анамның малға да, адамға да мейіріммен қарайтын жұмсақ мінезін аңғаруға болады.
1979 жылы анамның денсаулығы күрт нашарлай бастайды. Сол кезді Шамшырақ жеңгеміз былай деп еске алады. Жадыра дүниеге келгеннен кейін үйде шілдехана жасалыпты. Анам үй шаруасынан, малдан, жұмыстан қолы босамай жүрген кез екен. Бір күні Шамшырақ жеңгеміз барған кезде, анам: «Үйге келіп, көмектессең болар еді. Бірақ түсінемін, жұмыстан қолдарың тимейді ғой», – депті. Біраз уақыттан кейін Серік ағамыз барған кезде, Жадыраны қолына ұстатқан анам қайнысына: «Ауырып жүрмін», – деп жылап айтқан екен.
Анамның нақты қай жері ауыратынын ол кезде өзіміз де білмедік. Әкем Алматыға апарып, дәрігерлерге тексертеді. Дәрігерлер белгілі бір ауруға шалдыққанын айтыпты. Ауылға қайтып келгеннен кейін анам төсек тартып жатып қалды. Сол уақыттарда ағайын-туыс жиі келіп, қолғабыс көрсетіп отырды. Әкем күн ұзақ өкіметтің жұмысында жүретіндіктен, әкеміздің туған апасы Сақыпжан апамыз анамның шай-суын дайындап, диірменнен талқан тартып әкеліп, барынша қарайласып тұрды.
Анам туралы үлкендерден көптеген естеліктер жинадым. Сол естеліктердің әрқайсысынан анамның адамгершілігі, кеңпейілділігі мен мейірімі көрінеді. Бірде құрдасымыз Айгүлден анасы Күлжан апаның өткен күндерден естелік ретінде анам жайлы айтқан сөзін тыңдадым. Айтуынша, анам еңбекқор, аса қонақжай әрі жомарт жан болған. Небір әдемі, көздің жауын алатын термелі алашаларды тоқитын. Қолынан бәрі келеді деп айтады екен.
Ол кезде қазіргі сияқты дайын пакет жоқ. Анам сары қағаздан қапшық тәрізді орама тігіп, оған қонақтардың сарқытын салып беруді әдетке айналдырған. Қонақтың көңілін қалдырмай, барын бөліп беретін кеңдігі ел есінде осылай қалыпты.
Ал әйелім Алтынайдың анасы Несібелі апаның есінде қалған бір оқиға ерекше әсерлі. Ертеректе жазғытұрым кезде үйге құдайы қонақ болып бір қария мен әжей келіп түседі. Қастарында басына қызыл орамал таққан, шашын өріп, ұшына қызыл лента байлаған қыз баласы болады. Кейін білсе, әлгі қыз сол отбасының келіні болып шығады. Күйеуі әскерде жүргендіктен, ата-енесі жас келінін өздеріне серік етіп ертіп жүрген екен. «Құданы құдай қосады» дегендей, дастарқанынан дәм татқан сол бір қыз біздің анамыз екенін кейін білдім деп жымиып еске алған болатын.
Ысқақ атамыз сексеннен асқан шағында аяғы ауырып, жаяу жүре алмайтын халге жеткен екен. Әкем жұмыста болған кездерде анам атасын құдажол тойларына есекпен жаяу жетектеп апаратын. Бірде ауылда біреу құдажол жасап, анам атамды тойға ауылдағы біреудің есегін сұрап алып, есекке мінгізіп апарады. «Ата, той тарқағасын өзім келіп алып кетемін», – депті.
Үйге келген соң малға шөбін салып, астын тазалап, суын беріп, қораның жұмысын бітіріп, үйге кірсе, төрде атасы отыр екен. Атамыз қалжыңдайтын, бірақ көп сөйлей қоймайтын кісі болған. Таңғалған анам: «Ата, қашан, қалай, немен келдіңіз?» – деп сұрайды. Сонда атам күлімсіреп: «Сен жіберген есекпен келдім», – деп әзілдеген екен. Сөйтсе, құдажол тойы тарқап, сол үйдің адамдары атамды өз көліктерімен үйге жеткізіп салған екен. Осындай шағын ғана оқиғалардың өзінен анамыздың үлкенге деген құрметі мен қамқорлығы, жауапкершілігі анық көрінеді.
Шамшырақ жеңгеміз де анам туралы тебірене еске алады. Оның айтуынша, анам тұйықтау, көп сөйлемейтін, момын адам болған екен. Анам ауырып, төсек тартып жатқан кезі. Бір күні Шамшырақ жеңгеміз енесінен сұранып, анамның жағдайын білуге келеді. Үйге кіргенде, әкем сарайда бізді жуындырып жатыр екен. Шамшырақ жеңгеміздің көңілі босап кетіпті. Үйге кіріп, анамның қасына барған. «Қалайсыз, апа?» – деп жағдайын сұрағанда, анам бұрынғыдан өзгеше, ішіндегі шерін ақтара сөйлепті.
Сол кезде анам өзі тоқып жасаған алашасын ұстап, сипап отырып: «Мынаның бәрін тоқып, үйден шықпай, күйеуімнің қасына ермей, қыдыратын жерге бармай, пайда істеп, ұршық иіріп, алаша тоқыдым. Сөйтсем, бәрі бекершілік екен. Олай етпеу керек екен. Қыдыру керек екен, бірге жүру керек екен», – деп күрсінген екен.
Бұл – Шамшырақ жеңгеміздің анамды соңғы рет көрген сәті болыпты. Бұл сөздер мен үшін анамның өмір жолындағы ең үлкен өкініштерінің бірі секілді. Бар ғұмырын отбасы мен бала-шағасына, үлкендерге қызмет етуге арнаған жанның өмірінің соңында ғана өзіне де уақыт бөлу керектігін түсінгені жүректі ауыртады. Анам Жібек – жан дүниесі кең, қолы шебер, жүрегі жомарт, бауырмал, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген аяулы ана еді.
1979 жылдың 21 қазаны еді. Мен мектептің 5-сыныбында оқитынмын. Ауылда электр жарығы жоқ болғандықтан, кешкісін әкем екеуміз үйге жарық беретін ток моторын дайындап жатқанбыз. Үйде әкемнің апасы Сақыпжамал апа анамның қасында болып, дәрі-дәрмегін уақытында беріп, жағдайын жасап отырған еді. Бір кезде Сақыпжамал апа үйден жүгіре шығып, еңіреп жылаған күйі: «Бақыт-ау, келе ғой! Келе ғой!» – деп әкеме қарай айқайлады. Оның дауысынан бір сұмдықтың болғанын бірден сездік. Әкем екеуміз моторды да, басқа дүниені де ойламай, бәрін сол жерде тастай салып, үйге қарай жүгірдік. Үйге кірсек, аяулы анамыздан айырылып қалыппыз...
Сол сәтте жүрегімізді орны толмас қайғының қасіреті қарып өтті. Бір сәттің ішінде өміріміздің бір бөлшегі үзіліп, аяулы анамыз мәңгілік сапарға аттанып кеткен еді. 1979 жылдың 21 қазаны – менің жүрегімде мәңгі сақталған, ешқашан ұмытылмайтын ауыр күн болды. Анадан айырылу – баланың жүрегінде жазылмайтын жара қалдырады екен. Жылдар өтеді, адам өседі, өмір өзгереді. Бірақ анаға деген сағыныш ешқашан өшпейді. Керісінше, уақыт өткен сайын тереңдей түседі.
Бүгінде біз – анамыздың балалары мен немерелері – оның есімін ардақтап, қиындыққа толы болса да, адалдық пен мейірімге негізделген өмір жолына тағзым етеміз. Анамыздың ғұмыры ұзақ болмады. Бірақ аз ғұмырында артына өшпес із, өнегелі сөз, мейірімге толы естелік қалдырды. Оның қолымен тоқылған алаша, иірген жібі, дайындаған сарқыты, қарт ата-енесіне жасаған қамқорлығы – бәрі де бүгін біз үшін қымбат естелік. Ана – адамға бір-ақ рет берілетін ең қымбат жан. Сондықтан анамыз Жібек Еңсепқызының есімі де, аяулы бейнесі де, мейірімге толы жүрегі де біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Анаға тағзым – перзенттің парызы. Ана рухын ардақтау – ұрпақтың қасиетті борышы.
Әсет Елмағамбетов
17 қазан 2026 ж. 49 0