Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әбенің Аралдағы жазу бөлмесі

Әбенің Аралдағы жазу бөлмесі

Әр өңірдің табиғи, тарихи, рухани, дәстүрлік, тағы да басқа жағдайларына байланысты бір ерекше жұлдызды айлары, мезгілдері болады емес пе. Айдынды өңірде тірлік кешіп жатқан жұртшылық үшін осындай ерекше ай – әр жылдың қазан айы десем артық болмас. Бұл айда Аралдың күллі әлемге танымал болған аса дарынды перзенті – қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің теңіз жағалауындағы балықшы ауыл Үшкөңде шыр етіп дүниеге келген. Жар басындағы жатаған жеркепе тамда туған аймаңдай  сәбидің аты кейін жер-жаһан жүзіне белгілі болады деп сол күні сары сазанның ыстық сорпасын ішіп әл жиған анасы да, ұлды болған қуанышын асау теңіздің ақ көбік атқан талқындарымен бөліскендей боп қара қайықпен айдынға шыққан әкесінің де ойына еш келмеген болар.
Жерлес жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атына біздер бала кезден әбден қанық болып өстік. Өйткені оның есімін әкелеріміз асқан құрметпен айтып отырар еді. Үйдегі кітап сөресінде «Қан мен тер» трилогиясының бөлек-бөлек болып шыққан «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» кітаптары тұрар еді. Біздің есейе келе кітапқа деген құштарлығымыз осы романдарды оқыған соң тіпті еселеніп кеткендей-тін. Кімге қалай екенін білмеймін, осы бір Арал балықшылары туралы жазылған ғажайып туындылар маған тұнып тұрған поэзиялық шығармадай әсер ететін. Содан да әр бетін ашқан сайын, жан мейірін қандыратындай құмарлана қайталап оқи беретінмін. Ондағы сөз әлемінің сұлулығын айтып жеткізе алмаспын. Өлшеусіз ләззат алатынмын.
Жазушы шығармашылығына деген сүйіспеншілік талай мәрте қолға қалам алдырып, бірнеше деректі мақалалар, көркем эсселер, көріністік этюдтер жазып, оқырмандарға мезгіл-мезгіл ұсынып отырғанбыз. Жалпы Әбе туралы мүйізі қарағайдай жазушылар мен ғалымдар жазған көркем де, ғылыми да дүниелер өте көп қой. Біздің мақсатымыз қал-қадерімізше сол мол қазынаға өзінің туған жерінен тамшыдай болса да кішкентай үлесімізді қосу болатын.
Аралдықтар үшін ең үлкен мақтанышқа айналуға лайық болған тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған жерінен ұлы жазушының асқақ рухы есіп, асыл бейнесі көрініп тұрса дейміз. Өйткені ол кейінгі атағы аспандап тұрған уақыттарда да айдынды Аралға талай мәрте келіп аунап-қунап кетіп отырды. Иә, Аралда көзге көркем Әбенің Әдебиет үйі музейі бар, «Соңғы парыз» романы кейіпкерлеріне қойылған ескерткіш қандай керемет! Қасиетті Бел-Аран төбенің басында азынай соққан өкпек желге қосыла күңіреніп белгі-тақталары тұр. Дегенмен Аралдың аса талантты тумасын еске түсіріп тұратын нысандар тіптен аз сияқты болады да тұрады.
Осы олқысынған көңілдің жетіспейтінін қалай түгендесек, немен толтырсақ деген аңсарлы ойлар үнемі келіп жүреді. Оның үстіне сыртта жүрген белгілі жерлестеріміздің анда-санда: «Әбдіжәміл Нұрпейісов талай күндерін өткізіп, танымал туындыларын жазған Қазақ көшесіндегі Байғабыл деген кісінің үйі осы күні бар ма? Білесіңдер ме?» деп қадала сұрайтындары бар. Ойды ой қозғайды, жақында жазушының өзі естеліктерінде жиі-жиі еске алып отыратын әлгі Буденный төбесі, Қазақ көшесіндегі (қазір Н.Маханова атында) №3 үйдің маңына әдейілеп барып көріп қайттым.Әбе абыздың киелі ізі қалған, адамдық исі сіңген мекеннің бірі – осы үй. Немере ағасы Байғабыл Бекмурзиннің бұрынғы шаңырағы. Талай туындыларының жазылуына тілсіз куә болған мекен-жай. Қайбір жылдары Алматының тынымсыз даңғазасынан қашқанда, қайран Әбенің аяғы Арал топырағына тисе, әуелі осы үйге келіп жайланып жатып алатын еді дейді білетіндер. Өзі де бұл турасында естеліктерінде мөлдіретіп жазды, сан мәрте сұхбаттарында атап айтып кеткен.
Шіркін, осы бұрынғы Қазақ көшесіндегі шағын үйді мынандай қалпында сақтап, жергілікті мәні бар мәдени ескерткіштердің қатарына енгізіп, Әбенің Әдебиет үйі музейініңбір филиалы етіп мемлекеттік қорғауға алса ғой деп армандап қоямыз.  Аса дарынды суреткердің осы құтты шаңырақта біраз жылдар бедерінде қалам тербеген өзінің арнайы жазу бөлмесі болған дегенді құлағымыздың шалғаны бар. 
Міне, аралдықтар ұнататын тағы бір қоңыржай лепті қазан айы келді. Алақандай Аралдың ғана емес, барша Алаштың ардақтысы, әлем әдебиетіне шедеврлер сыйлаған жампоз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің айы ғой бұл. Әнебірде құлаққа тиіп, елден есіткен сөзді тірілтейін деген мақсатпен, бір білсе осы білер деп, жазушының жақын аталас туысы Жұмағұлдың немересі, аймағымызға белгілі суретші, қарақұмдық өлкетанушы Абай Әбішев есімізге түсіп: «Әбенің Аралдағы жазу бөлмесін көрдің бе?» деп сұрап телефон соқтық.
– Е, неге білмейін. Білемін. Сол бөлмеде қона жатып, ағамның өзі жиған кітаптарын армансыз ақтарып, таң атқанша оқитынмын, – деді ол. Оның мына сөзін есіткеннен-ақ оған сұрақты жаудырып қоя бердік. Іздегенге сұраған дегендей-ақ ақ көңіл, дархан мінезді Абай досымыз ұлы жазушының шабытты сәттерінде жан әлемін бөліскен бөлме туралы ақтарыла айта бастады.
– Иә, қала орталығында Байғабыл ағамның үйі әлі тұр. Қазіргі тұрған адамдар оған еурожөндеу жүргізіп қойғанын көрдім. Мен ағайынмын. Ол жылдары комсомолда жұмыс істеймін. Аралға жиі-жиі келемін. Келген сайын осы қара шаңыраққа түсемін.
Байғабыл ағамның үйі ортадағы ұзынша коридорын қосқанда бес бөлмелі болатын. Осы үйдің оң жағында екі кішкене бөлме орналасқан. Жалпы қай-қай бөлмелері де шағын. Әр бөлмеде екі терезеден. Мына бөлмелер бірінен бірі өтетін қума бөлмелер. Осында Әбдіжәміл ағам атақты трилогиясы «Қан мен терді» бастап жазды дегенді еститінмін.
Бергі бөлмеде бір тумбалы кеңселік жазу үстелі қойылған. Беті қара сұр дирментинмен қапталған. Астында ысырмалы тартпасы бар. Жазу үстеліне жарығы тура түсетін етіліп қойылған электр шамының сыртына флакон кигізілген. Үстелдің маңдай тұсында майда-шүйдеге арналған қаламсауыт қойылған. Іргеде серіппелі сықырлауық диван тұрды. Ал бұрышта баяғы кеңес заманындағы сүйегі мықты сұр шкаф бар.Шкафтың үстінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйнек рамаға салынған кішкентай фотосуреті қойылған. Ағаш шкаф іші кітаптарға иін тіресе сықап тұрды.
Қашан бармайын, көп кісі кірмейтін бұл бөлме  айнадай боп жарқырап, Нағима жеңешемнің, Айнагүл келінімнің тазайындығын айқындап тұрады. Мені көбіне қызықтырған әлгі шкафтағы орысша кітаптар болды. Әлі есімде Алексей Толстойдың 12 томдығы, Шиллердің кітаптары сияқтылар ол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін. Көбі 1950-1960 жылдары Мәскеуден шыққан ескі томдар. Содан А.Толстойдың «Хождение мо мукам» романын, Шиллердің философиялық трактаттарын оқыдым. Еденіне кілем жайылған сол бөлмеге Нағима жеңешем төсек салып береді. Таң атқанша кітаптарды ақтарамын.
Сол мен жатқан бөлме Әбдіжәміл ағамның жазу бөлмесі болған. Ал екінші жатын бөлмеде ұйықтайды екен, онда көрпе-төсектен басқа ешқандай артық зат жоқ.
Бір күні жаңағы кітаптарға қызыққандығым сондай– біреуін колыма алып ұстап тұрып жеңешемнен:
– Нағима, мына кітапты берші, ауылға алып кетіп оқиын, – деп сұрадым.
Әдетте қолымды қайтармайтын Нағима жеңешем:
– Бала, кітаптың ешқайсысына тиюші болма. Бұл кітаптар – Алматыдағы жазушы ағамдікі. Өз қолымен реттеп қойған, алып-салып жүріп орындарын да ауыстырып тастама. Ол кісі келгенде, осы жазу столында тапжылмастан отырып жазулар жазады. Тіпті кейде жазуға бір кірісіп кетсе, жеті-сегіз сағат еңсесін көтермейді, –деді сабырлы жүзбен ескерте түсіндіріп.
Содан бастап осында кірген сайын, бөлмені кие көріп, ондағы әрбір затқа ерекше назар салып қарайтын болдым. Заманымыздың кемеңгер қаламгерінің жазу бөлмесінде оңаша ой кешіп отырудың өзі жанға дәру сыйлайтындай күйде болатынмын. Бүгінде сол бөлмеде отырған сәттерім жарқын естелік болып қалды...
Абай Әбішев достың келелі әңгімесі жазушының шығармашылық әлеміне тағы да бір қадам жақындатқандай болды.
Міне, енді даңғайыр суреткердің әлем әдебиетінде өзіндік орны шығармаларын туындатқан Аралдағы қарапайым жазу бөлмесі туралы бүгінгі естіп-білгенімді ақ қағазға зор қуанышпен түсіріп отырмын. Ұлылардың әрбір сәті, әрбір заты, әрбір күні бағасы жоқ рухани құндылық, өлшеусіз жәдігер емес пе. Қазіргі Набат Маханова көшесіндегі №3 үй, ондағы Әбенің жазу бөлмесін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізе алсақ, ең бір ғажап мәдени мұра боп қалар еді-ау дейміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
25 қазан 2026 ж. 51 0