Қойдың кезегін күтіп жүрміз

– М-ә-ә-ә, мынаны қара, – деген дауыс шықты. Жалт қарасам, Қасымның қолынан бір қызылдың мойны қылтиып шығып тұр. Әлдекім аңдып тұрғандай жан-жағымызға қарап, айдалада сыбырлап сөйлесеміз. Әрі ойланып, бері ойланып ақыры екеуміздің ойымыз бір жерден шықты да, сындырмай сөмкеге салып алдық. Біреу әдейілеп қойғандай, қасында қырлы стақаны да бар екен. Қойды айдап әкеп бір жерге үйірдік те, өзіміз сайдың ішіне түсіп, көлеңке тауып алдық. Жайланып отырып, кішігірім дастарқан жасадық. Сытыр еткен дыбыстан қайта-қайта үркіп, сөмкеден коньякті шығардық-ау әйтеуір. Қалтырап отырып қақпағы ашылды. Сасқалақтап отырып стаканға құйылды. Ендігісі белгілі. Бірақ, соған екеуміз де дауаламадық. Ішімізде ұят аралас үрей бар. Ойымызға «арақ деген жаман, жолама» деген үлкендер сөзі орала берді. Қасым екеуміз «сен баста, сен баста» деп бір-бірімізге сілтеп ұзақ отырдық. Дегенмен, мынадай оңаша, оңтайлы сәт келе бермейтіні еске түсіп, не де болса тәуекелмен Қасым бір қолына суды, бір қолына стаканды ұстап тартып жіберді. Коньякті ішкенде көзінің шарасы кеңейді де, тарс жұмып алды. Сосын артынан су кетіп, көзінің қарашығы орнына түсті. Қасымның бетіндегі мимикадан коньяктің дәмі қандай екенін өзімше топшылап отырмын. Кезек менде. Бірге бастадық па, бірге аяқтау керек. Шешінген судан тайынбаспен мен тартып жібердім. Одан кейін Қасым, одан кейін мен... Қызды-қыздымен жартысына келгенімізді де сезбеппіз. Бойымыз балқып, денемізде бір қызу жүре бастады. Барлығын ысырып тастадық сәлден соң. Қой бағуға шыққанымыз мүлде есімізде жоқ. Шалқалап аспанға қарап жатырмыз. Қасым әңгіме бастады:
– Мәә-ә-ә, қазір алдыма кинодағыдай әдемі мотоцикл келсе. Ышқынтып тұрып айдар едім.
– Ал маған аппақ ат келсе, мініп алып шабар едім.
– Ақымақ, атпен қызға қалай барасың? Ал қыздар мотоцикл десе өледі. Мотоциклің болса, барлық қыз сенің қасыңда жүреді.
– Оны сен қайдан білесің?
– Үй жақтағы қалада оқитын ағалар әңгімелесіп отырғанда естіп қалдым.
Біз қой бағып жүргенімізді ұмытып кеттік, төрт аяқтылардың не боп жатқанын құдай білсін. Арманымыз таусылар емес. Сөздің жүйесі кеудеміздің түкпіріндегі қыз жайына келгенде, екеуміз де бұрып әкетеміз. Өз қиялымызға өзіміз рахаттанып жатырмыз. Сәл үнсіз қалып, әңгімені қайта жалғаймыз. Біраздан кейін ырғақ өзгеріп, аузымыздан шыққан әріптердің орны ауысып, әліппеден жаңылыса бастадық. Кеш батып барады, менің ойыма не істеп жүргенім енді түсіп:
– Қасым, қойларға кеттік, – дедім.
Ол жалма-жан орнынан тұрып сөмкені жинай бастады, бірақ өз қолы өзіне бағынар емес. Екеуміз бар күшімізді жинап, сайдан шықтық. Жер әлдилеп, бір орнында тұрғызар емес. Қойлар көз ұшында көрінер-көрінбес. Буыннан әл кетіп біз келеміз. Жеткізбейді қанша жүрсек те. Қойлар бізден бұрын әлдеқашан ауылға кірген. Әйтеуір, ауылға жеттік-ау. У-шу, азан-қазан. «Неге қойды кеш әкелесіңдер, сендерді жер жұтып кеткен жоқ па өзі. Әй, менің ала қозым жоқ, менің қара қойым жоқ» деген неше түрлі дауыс арасынан тілмен шықпыртар сөз де естіліп жатыр. Әркімге жауап беріп, ашуланып келе жатқанымызда алдымыздан Шорман шал шығып;
– Әй, шорный, менің қара тоқтым жоқ қой, – деді.
– Не қойыңды мен бағып жүрмін бе?! – деді ашу қысқан Қасым.
– Енді кім бағып жүр, сен бақпасаң. Ой әкеңнің... Не деп тұрсың, – дегенінше болған жоқ қолындағы таяқ бізге қарай ұшты. Оған пысқырып та қарамадық. Енді үйге барудың жайын ойлап келеміз. Мына түрімізді үйдегілер көрмесін дейміз өзімізше. Сөйттік те әжеміздің үйіне тарттық. Қазіргі халімізде сынақтан аман шығудың жалғыз жолы – әжеміздің үйі. Бойымыз бағанағыға қарағанда жинақталайын деген. Дұрыс жүруге тырысып келеміз. Есіктен енген бойда «біз мас емеспіз көрдіңдер ме, дұрыс сөйлеп тұрмыз» дегендей, айқайлап өлең айтып кірдік. Сезікті бірінші секіредінің кері ғой. Жеңгем бір өзгерістің барын іштей сезген болуы керек білем, әр өткен сайын бізге қарап күле берді. Жуынып-шайындық та, тамаққа отырдық. Енді дастарқан басынан аман шығуымыз қалды. Үстел басында – мен, Қасым, әжем, ағам, жеңгем. Әрине, әжемізді алдау оңайлау, алайда ағамыздың «құрығы» ұзын ғой. Ол кісіге қарап әңгіме айтқымыз келмей, қысқа жауаппен шектелеміз. Ол да ерегескендей даланың жайын, қайда жайғанымызды сұрай береді. «Қызық-ей, қойдың қарны қашан тойып еді. Алдына бір мәшине шөп қойсаң да отап тұра береді олар. Сонша сұрағаны несі» деп кіжінеміз. Үстел басында ас батпай әзер отырдық. Тұрып кетейік десем, қойдың қарнын қойып, біздің қамымызды ойлап, «ештеңе жемедіңдер» деп отырғызып қойды. Осындайда жағдайыңды түсінетін жеңгелеріңнен айналып кетесің ғой. «Тимеші, кеш батты ойнағысы келіп отырған ғой, бара берсін» деді. Бағанадан күткеніміз осы. Аяғымызды асыға басып, сыртқа шықтық. Бойдағы әлгі бәле толық тарқамаған болу керек, аяқ киімді теңселіп тұрып кидім. Әдеттегідей доп ойнауға шықтық. Әзірше бұл мен, жеңгем, Қасым үшеуміздің арамыздағы құпия боп қалды. Ешкім білген жо... Ааа-а, айтпақшы қойлар да біледі бұл құпияны. Қой баққанда осындай қызықтар боп тұрады. Енді келесі қойдың кезегін күтіп жүрміз.
Иса ҚҰРМАНАЙ.