Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » М.Оразбаев: Арал кәсіпкерлеріне қолдау бар

М.Оразбаев: Арал кәсіпкерлеріне қолдау бар

Ақ сазанымен аты шыққан Арал өңірінде соңғы жылдары серпіліс байқалады. Астың дәмін келтіретін тұзымен әлемді мойындатқан өңір жұртшылығы байырғы кәсібінен әлі күнге қол үзген емес. Балық пен тұздан өзге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өз ықпалын тигізуге ниеті зор кәсіпкерлер жетерлік. Бұл тұрғыда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Осы төңірегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен сұхбат өрбіткен болатынбыз.
— Мұхтар Әуесұлы, сізге алдымен сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс білдіремін. Осы орайда ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласының даму барысын айтып өтсеңіз.
— Өзіңізге белгілі, аймағымызда 2018-2020 жыл жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Атаулы жыл аясында ауданда көптеген жұмыстар атқарылып, кәсіпкерлік саласы жоғары деңгейде дамыды деп айтуға болады.
Бұл тұрғыда алғашқы 2018 жылдың қорытындысымен Арал ауданы кәсіпкерлік саласының көрсеткіші бойынша республикадағы 290-ға жуық аудандар ішінен 7 орынды иеленгенін ерекше атап өтуге болады. Нәтижесінде сол жылы Қызылорда облысы бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған «Үздік өңір» болып танылды.
2019 жылы да аталған жұмыстар өз жалғасын тапты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіп ашуға ниетті көптеген азаматтар оқу курстарынан өтіп, сертификаттарын алды.
Бұдан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3,0 млрд. теңге болатын «Аралтұз» АҚ-ның «Ас тұзын өндіру» жобасы «Халық банкі» АҚ арқылы мақұлданды. Нәтижесінде 2019 жылдың 1,9 млрд.теңгесін алса, биыл 1,1 млрд.теңгеге қаржыландырылады.
Бүгінде аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4105 жетіп отыр. Аталған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінде 7031 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік даму барысы жоғары. Сала бойынша толайым жұмыстар атқарылуда.
— Кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан несиелендіру қаншалықты жүргізілуде?
— Жалпы ауданда өз кәсібін ашуға ынталы жандар аз емес. Кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан несиелендіру жұмыстары да ойдағыдай.
Атап өтсем, өңірде барлық қаржы институттары арқылы 1 млрд. 516,9 млн. теңгені құрайтын 161 жоба несиелендірілді. Оның ішінде 2020 жылдың 6 айының қорытындысымен жалпы құны 135,2 млн.теңгені құрайтын 23 жоба несиелендіріліп отыр. Әлі де жыл соңына дейін қаржыландырылатын жобалар бар екендігін атап өту қажет.
Осы орайда Қызылорда облысы аудандарының арасынан алғашқы болып «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1,0 млрд.теңге несиеге қол жеткізгенімізді атап өткім келеді.
— Аудан бюджетінің толықтырылуы жайында айтып өтсеңіз?
-2020 жылдың 1 маусымына Арал ауданы бюджетінің көлемі барлық трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 22 млрд. 332,1 млн. теңгені құрап отыр.
Салық базасын ұлғайтып, бюджетті толықтыру мақсатында сәуір айында салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша аудандық бюджет жоспары 71,2 млн.теңгеге ұлғайтылды. Оның ішінде дербес бюджеттер жоспары 134,3 млн теңгені құрады.
Жалпы ағымдағы жылға арналған аудан бюджетін толықтыру және сапалы орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
— Өңірде өз кәсібін сәтті өрге сүйреп жүрген кәсіпкерлер бар ма?
— Ауданымызда өз кәсібін өрге сүйреп жүрген Берік Жандаулетов, Мейрамбек Жұмашев секілді кәсіпкерлерді ерекше атап өтуге болады.
Оның ішінде Берік Жандаулетов өз кәсібін 2000 жылдары Арал ауданының тұрғындарына қызмет көрсету және бөлшек саудамен айналысудан бастады. Қазіргі таңда Арал қаласында халыққа қызмет көрсетіп тұрған қоғамдық моншасы, «Айжулдыз» жол бойы сервис кешені және Арал қаласы мен Сексеуіл кенттерінде 3 май құю бекеттерін ашқан. Мемлекеттен көмек ретінде 60 млн. теңге несие және 4 га жер телімін алды. Бүгінде 37 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал Мейрамбек Жұмашев 2009 жылдан «Тоғыс-Аралотын» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Бұған қоса Ақирек ауылдық округінде «Күйдірілген кірпіш өндірісі» жобасын, 2017 жылы «Қаптама кірпіш өндіру» жобасын іске қосты. Сонымен қатар индустриялық аймақта орналасқан «Жүн және теріні алғашқы өңдеу» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар ауданымызда іскер әйелдер қауымдастығының ұйытқысы болып жүрген Ақыл Сәдуақасованы да айта кетуді жөн көріп отырмын. Арал ауданының мәслихатының депутаты А.Сәдуақасова «Дархан» базары, «Айбар» фитнес орталығын, «Ақ босаға» мейрамханасын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
Бұдан бөлек республикамызға белгілі ірі кәсіпорындардың бірі, ауданымыздың 850-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отырған «Аралтұз» АҚ -ын айрықша айтып өтуге болады.
Акционерлік қоғам республикадағы тұз қазу мен оны өндеу бойынша ең iрi кәсiпорын болып саналады. Биыл мекеменiң құрылғанына 95 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың 70-шы жылдарынан бастап бүгiнгi күнге дейiн йод жетiспеушiлiгi салдарының алдын алуға арналған, йодталған ас тұзын шығаратын республикамыздағы жалғыз мекеме болып келедi және оның негiзгi өндiрушiсi болып табылады.
2001-2003 жылдары “Аралтұз” АҚ-да зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске “тұзды екiншi рет байыту” технологиясы енгiзiлдi. 2013 жылы «Аралтұз» АҚ-да біраз игілікті жұмыстардың шарасы жүзеге асты.
Қазіргі таңда «Аралтұз» АҚ-ы өндіретін өнімнің 75% Ресей Федерациясына, Қырғызстанға, Әзірбайжан мен Украинаға экспортталады.
— Оларға аудан тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
— Негізінен кәсібін өрге сүйреймін деген азаматтарға аудан тарапынан қолдау ортаймайды. Ондай жандардың өз кәсібін өрістетуіне әрдайым демеу болуға ықпал жасаймыз. Бұл тұрғыда кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту мақсатында тиісті бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында жауапты тұлғалардан жұмысшы топ құрылып, іс-шара жоспары бекітілген. Алдағы уақытта тиісті іс-шара жоспарына сәйкес қаржы институттарымен бірлесіп, елді мекендерді аралап, тиісті бағдарламалар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бекітілген 1 млрд.теңге межені орындау мақсатында жобалар жинақталып жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Арал тұз» АҚның «3-испан цехын» салу жобасының қалған 1,1 млрд.теңгесіне ағымдағы жыл ішінде қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек ауданға жаңадан инвесторлар тарту мақсатында өңірлік индустрияландыру картасына бірнеше жобалар енгізіліп, аудан тарапынан жер телімдері берілді.
Бұдан бөлек ауданға жаңадан инвесторлар тарту мақсатында ауқымды жұмыстар жасалып, соның нәтижесінде өңірлік индустрияландыру картасына бірнеше жобалар енгізілді. Аудан тарапынан жер телімдері беріліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Олардың қатарында «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу», «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы» және «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» сынды жобалар қамтылған.
Қазіргі таңда «Qazaq Camel» ЖШСнің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехінің» құрылысы басталып кетсе, осы жылдың қыркүйек айында «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасының 1-кезеңі бойынша Арал қаласындағы балықты тереңінен өңдеу цехін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске қосылса, 189 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Жалпы кәсіпкерлік саласына қамқорлық әрқашанда ортаймайды. Ауданда кәсібін өрістетемін деген азаматтарға әрдайым мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретін болады.
— Келелі сұхбатыңызға рахмет!
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ
qaa.kz
26 маусым 2020 ж. 1 077 0