Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАЗАҚ – ДОСТЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ

ҚАЗАҚ – ДОСТЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ

Геннадий Шиповских – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасының алдында сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін құрметтеуге үндеп, елдің ризашылығына бөленген еді. Ол – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ең жас депутаты. 1 мамыр–Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.




–Оқырмандарды бала Генадан депутат Шиповскихке дейінгі жол қызықтыратыны анық. Дегенмен, бала кезгі сәттерді, өскен өлкені Бас қала ұмыттырып жібермей ме? Ауылды сағынасыз ба?
– Әрине, өскен ортаны еш нәрсемен айырбастамаймын. Себебі, осы топырақта аунап өстім. Менің бабаларымның Аралға келгеніне ғасырдан асыпты. Патшалық Ресей темір жол құрылысын жүргізген кезде келіп, осында тұрақтап қалған. Мен Сексеуіл кентінде дүниеге келдім. Әкем мен анам қарапайым еңбек адамдары болды. Тағдырдың жазуы шығар, анам 2002 жылы, ал әкем араға жыл салып өмірден озды. Мұнан кейінгі өмірім Қызылорда қаласындағы балалар үйінде жалғасты. Мені өмір жақсы адамдарға жолықтырды. Бірде Еркін деген досым қала іргесінде шаруа қожалығы бар қазіргі ата-анамның үйіне ертіп барды. Расын айтсам, өздерінің бес баласы бар, көпшіл отбасынан кеткім келген жоқ. Қандай да бір күш мені осы отбасына тартты. Менің бар жағдайымды естіген үй иесі көп ойланбастан патронаттық негізде мені қолдарына алды. Өзіме осынша қамқорлық жасауға тәуекел еткен жандарға алғысым шексіз. Он жеті жасымда «Алтынбек» деп азан шақырып ат қойды. Содан бері бәрі Алтынбек деп атап, Алтош деп еркелетеді. Бүгінгідей жетістікке жетуім Жаратқанның сыйы мен тумаса да туғандай болған ата-анамның арқасы деп ойлаймын. Мектепті бітірген соң, Қазалыдағы темір жол училищесіне түстім. Оны тәмамдағаннан соң, Қызылорда Локомотив жөндеу депосында еңбек жолымды бастадым. Одан соң, Қызылорда Локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болдым. Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түскен кезден бастап, қоғамдық шараларға белсене қатыстым.
– Сізді көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясындағы іс- шаралар арқылы таныды. Қоғамдық басқосулардың ортасынан табыласыз. Шаралардан шаршайтын кез болады ма?
 –Әрине, жоқ. Керісінше, жақсы істердің жанында жүргеніме қуанамын. Президент бірде «Ассамблея дегеніміз – бұл 17 миллион қазақстандық» деген еді. Негізгі бағыты – барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Ассамблея сессиясында Елбасы алдында алғаш сөз сөйлегенде ерекше сезімде болдым. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Елбасының биылғы рухани жаңғыруға байланысты мақаласы бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Ең алдымен, «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Сонымен бірге, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея мүшелері тікелей қатысып, басы-қасында жүрді. Мұнда қойылған талап та біреу болды. Ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүрген қаншама белсенді жастардың еңбегі елге танылды. Сол секілді, Ассамблея «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да табысты атсалысуда. Ал, «Жаңа гуманитарлық білім» жобасының жастардың сана-сезімін қалыптастыруда маңызы ерекше. Түрлі саладағы әлемдік таңдаулы 100 оқулықтың 18-інің жарық көруі –үлкен құндылық емес пе?
– Мәжіліс мінберінен қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде сауал жолдайтын сексеуілдік сары баланың министрді сасқалақтатқаны да көптің есінде...
 – Мен алдымен қазақ тілін, содан соң орыс тілін үйрендім. Қазақтың жерін басқан әр адам қазақ тілін білуі керек. Депутаттық сауалды тек қазақша жолдаймын. Сұхбатқа шақырған телеарналарға сауалдарын мемлекеттік тілде қоюды талап етемін. Қазақ даласында туып, сол жерді басып жүргеннен кейін барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз бар қазақта. Тіл мәселесі, шындап келсек, ар-ұяттың өлшемі ғой. Ілияс Есенберлин, Дүкенбай Досжанның шығармаларын құмарта оқимын. Ал, Мұқағалидың өлеңдері жаныма жақын. Жастармен кездесулерде қазақ тілін барынша насихаттауға тырысамын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртатындай үлкен бағыттар берілді. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу. Біле-білсек, біз латын әліпбиіне көшпейміз, ораламыз.
–Осы орайда халық қалаулысын қазір қандай мәселелер толғандырып жүр деген сұрақтың реті келіп тұрғандай...
–Мен қарапайым жұмысшылар қатарынан шыққан адаммын. Тек, темір жол емес, көлік және логистика салаларының маманымын. Елдің арыз-мұңы сан-салалы. Әрине, сонымен бірге, әр депутат заң шығарушылық қызметі аясында өзі маманданған сала мен мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп, депутаттық сауалдар көтереді. Бұған қоса, еңбеккерлердің, әсіресе, қызметі қауіптің жоғары деңгейімен байланысты жұмысшылардың мәселелерін шешу – негізгі ойларымның бірі. Мұндай адамдар тиісті жеңілдіктермен қамтамасыз етілуі тиіс деп ойлаймын. Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде Елбасының тікелей қамқорлығындағы Арал өңірінің проблемалары да әрқашан назарымда. Ата-анамнан ерте айырылғанда, жетімсіретпей, маңдайымнан сипаған қазақ халқына қарыздармын. Ынтымақ пен достықтың мерекесі құтты болсын! Барша аралдықтарға бірлік пен береке, табысты еңбек тілеймін!
–Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет. Қашанда халықтың сенімінен шыға беріңіз.
Сұхбаттасқан Лаура ӘЙТІМОВА.
02 мамыр 2018 ж. 1 290 0