Аналар кеңесі алда ауқымды іс атқарады
Бүгінде нәзік жандылар қоғамның әрбір саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Қызметте де, отбасында да берекелі тұрмыс кешіп, елге үлгі болып жүрген әйелдер аз емес. Осылайша әдемілігімен әлемді жайнатып, шуағымен төңіректі нұрландырып, ақылымен тәрбиелі ұл- қыз өсірген жандардың өмір жолы өнеге. Жыл басында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Арал аудандық аналар кеңесінің құрамы жаңартылды. Төрайымы болып Халыққа қызмет көрсету орталығының Арал ауданы бойынша басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Лаура Қолғанатқызы тағайындалды. Мереке қарсаңында аудандық аналар кеңесінің тізгінін ұстаған Лаура Қолғанатқызымен сұхбаттасқан едік.
– Аналар кеңесінің құрамы қалай таңдалды?
– Алдымен алғашқы басқосу өткізіп, жалпы осы салада тәжірибесі бар, әйелдер ісімен айналысып жүрген аудандағы әйелдердің ұсыныс-пікірлеріне құлақ салдық. Сол жерде еңбегімен танылып, отбасында да, қоғам өмірінде де айшықты орны бар әйелдерге ұсыныс жасадық. Біздің кеңестің жұмысымен таныстырдық. Әрине олар бірден келісе кетті. Осылайша әр саладан еңбегімен танылған жандардың басын құрап, аналар кеңесіне мүше етіп алдық. Құрамымызда кезінде мемлекеттік қызметте болған аналар, үкіметтік емес ұйым төрайымдары, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасап жүрген қыздар, кәсіпкерлер, мұғалім, дәрігерлер бар. Жалпы, бұл жерде қатып қалған ереже жоқ. Менің бір байқағаным, ауданда мұндай жұмыспен айналысқысы келетін нәзік жандылар көп екен. Шынымен, қоғамдық жұмыстарға араласып, әйелдер мәселесіне мән беріп, бәрін ұштастыра білемін деген жанды әркез қуана қабыл алатын боламыз.
– Сіздің осы аналар кеңесіне төрайым болып келуіңіздің сыры неде?
– Өзіңіз білесіз, мен халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын салада қызмет етіп келемін. Оның үстіне, биыл ғана облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде, халықпен жүздесу барысында елге не керек екендігін аңғардым. Жасыратыны жоқ, біздің ауданда әйелдер ісі кенже қалып отыр. Қазір көмекке мұқтаж жандар өте көп. Олар материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани да жүдеу. Депутаттық мандатқа ие болған соң, әрі өзім де ана болғандықтан, аналар ісін қолға алуды ұйғардым. Әрине мен өзімді өзім сайлап алғаным жоқ. Осынау қоғамдық іске кеңес мүшелерінің ұсынуы арқылы келдім.
– Өзіңіз де айтып қалдыңыз, ауданда нәзік жандылардың мәселесімен айналысатын салалардың жұмысы тым баяу, тіпті жоқ деуге болады. Бұның себебі неде?
– Бұған дейін жұмыс жасаған жандарды өз қызметін атқара алмады деп айта алмаймын. Ең бастысы, адам өз жұмысына шын жанашыр болу керек. Сосын "жалғыздың үні шықпас" деген жақсы сөз бар. Бір адамның бастамасымен ешқандай шаруа шешіле кетпейді. Ол үшін құрам мықты болу керек. Қазіргі құрамдағы қыздардың бәрі өз саласында абыройлы қызмет етіп, жетістікке жеткен, өте белсенді әйелдерден құрылған. Менің ұсынысымды қолдап, жұмысты топтасып, бөліп алып отыр. Біздің де бойымыз енді тіктеліп жатқандықтан, алдағы уақытта мазмұнды, мағыналы ісімізбен таныламыз деп ойлаймын.
– Аналар кеңесінің қаражат көзі қарастырылған ба?
– Жоқ. Біз қазіргі шараларды демеушілердің есебінен ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ кеңес мүшелері қаражат мәселесінің шешімін табуға септігін тигізіп отыр. Бұл шартты жұмыс емес, ерікті түрде жанашыр жандардан құралған кеңес болғандықтан, біз атқарып жатқан жұмыстарға халық бағасын беріп жатса болғаны.
– Әрине жұмыстарыңызға енді ғана кірісіп жатқандарыңызды түсініп отырмын. Дегенмен атқарылған шаруалар бар ма?
– Қазір әлеуметтік желі жақсы дамыған ғой. Біз алдымен өзіміздің ақпарат көзімізді айқындап алдық. Сол арқылы халыққа аналар кеңесінің құрамын таныстырдық. Сосын Алғыс айту күніне орай әлеуметтік желі арқылы құттықтаулар ұйымдастырдық. 8 наурыз –Халықаралық әйелдер күніне орай отбасының ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиелеген, қазірде үлгілі жанұяға айналған шаңырақтардың аналарымен кездесу, «Алаштың асыл қыздары» атты кездесу кештерін өткіздік. Жоспарланған іс-шаралардың бәрін өткізуге болады. Бірақ қазір елдегі ахуалға байланысты шаралардың көбі онлайн форматта өткізіліп отыр.
– Аналар кеңесінің алдағы жұмысынан не күтеміз?
– Бізде бір ғана мақсат бар. Ол – аудандағы әйелдерді қолдау. Қай кезде болмасын, қазақтың қыздары өздерінің батылдығымен, қайраткерлігімен танылған. Ондай қыздар әлі де арамызда бар. Тек оларға қолдау көрсету керек. Ана – өмір жасаушы құдірет қана емес, сол өмірді гүлдендіруші. Аралда да белсенді арулар жетерлік. Біз сол жандардың еңбегін бағалау арқылы қарапайым аналарды да назардан тыс қалдырмай, жұртшылыққа таныстырғымыз келеді. Алда жоспарланған жұмыстар өте көп. Түрлі форматтағы кездесулер мен әйелдерді жігерлендіретін семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Қайырымдылық шаралары да бар.
– Әйел ерден бір саты төмен тұру керек деген позицияға көзқарасыңыз қалай?
– Әрине орынды айтылған сөз деп ойлаймын. Қазақы ғұрыпта қазақ әйелі ешқашан ер-азаматтың алдынан кесе өтпеген. Өзіміз де ерін сыйлаған ананың, қартын қадірлеген әженің тәрбиесін көріп өстік. Ер адам әркез отбасының тірегі, қолдаушы қамқоршысы болып қала береді. Ал әйелдер ақылдылықпен ерін қадірлеп, еңбек етіп, табысқа жетіп, ұрпағына тәрбие беріп отырса қандай жарасымды. Біз қанша десек те, баланың болашағына 70 пайыз аналардың тәрбиесі әсерін тигізеді.
– Қазіргі жас аналар қазақылық қалпымызды бұзып алмай ма, қалай ойлайсыз?
– Өзім де белорта жасқа келіп, келіндік, аналық белестен өтіп, әжелікке бет бұрған жанмын. Қазіргі жас келіндерге кейде қызыға қараймын. Бүгінде барлық мүмкіндік бар. Бұл жақсы ғой. Заман өзгерді, адам да өзгерді. Десе де Аралда өсіп, әже, ана тәрбиесін көрген жастарды қазақы қалыптан асып кетеді деп әсте ойламаймын. Қайта қазіргі жастардың жігерлілігі, ойын ашық жеткізетіндігі мені қызықтырады. Болашақ – жастардікі. Сондықтан аналар кеңесі бастамашы болып, жастарға үлгі көрсетіп отыруымыз керек. Анасы жақсының баласы да жақсы болатындығын санасына сіңіретін болсақ, сол біздің жетістігіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н. МАРАТҚЫЗЫ