Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бұйрабай Бердалиев, заңгер: Ата Заңды ардақтау – адамзаттың парызы

Бұйрабай Бердалиев, заңгер: Ата Заңды ардақтау – адамзаттың парызы

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәукенің жеті жарғысы сынды тарихта таңбаланған адамзат баласының өмір сүруі мен заңдылық құқықтарын қамтамасыз етіп, қоғамда бейберекетсіздіктің орын алмауын көздеген құнды құжаттар тарихтан белгілі. Сол сияқты Тәуелсіз ел атанып, еңсе тіктеген шақта біздің де Ата Заңымыз қабылданды. Содан бері Конституция қазақстандықтардың өмірінің құрамдас бөлігі ретінде жұмыс жасап келеді. Бүгінде заңда көзделген ережелер мен адамдардың құқықтық сауаттылығы турасында заңгер Бұйрабай Бердалиевпен сұхбаттасқан едік.
– 30 тамыз –Қазақстан Республикасының Конституция күні. Ата Заңның бүтіндігін, оның орындалуын іске асыруда құқық қорғау органдарының жұмысын қалай бағалайсыз?
– Конституция күні – елдегі басты әрі мерейлі мерекенің бірі. Себебі бұл құжат мың жылдық тарихы бар қазақ халқының қоғамда тәртіп орнату барысында даналықпен ойлап тапқан ережелер жинағының заманға сай өзгеріп, жарыққа шыққан күні. Құқық қорғау органдары да аудандағы мемлекет тарапынан іске асып жатқан бағдарламалардың нақты жүзеге асуын, тұрғындардың бостандығының, азаматтық құқықтарының, кәсіпкерлік мақсаттағы мүмкіндіктерінің бұзылмауын қамтамасыз етіп, заңдылық тұрғыдан кеңес беріп отырамыз.
– Әлеуметтік орталықтардың ішінде, оған қоса халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелерде «Заңгер кеңесі» бұрышы бар. Олар қандай қызмет көрсетеді? Халыққа көмегі қандай?
– «Заңгер бұрышында» отырып кеңес беретіндердің барлығы бірдей толыққанды заңгер деп айта алмаймын. Арнайы маманданған, құқықтық білімі жоғары жандар емес. Қарапайым халық өзіне кеңес беріп отырған маманның білімінің қандай екенін қайдан білсін? Аты дардай болған соң жарнамасына сеніп жәрдем беретін жалғыз тетік сол деп ойлайды. Заңгер кеңесіне жүгінетін жандардың қарасы қалың болғандықтан, мұндай орталықтарда кімдердің жұмыс істейтінін, білімінің сәйкестігін тексеріп тұрған артықтық етпейді. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, жаңбырдың арасынан су болмай өтетіндердің халықты алдауына жол бермегеніміз жөн. Өйткені біз құқықтық мемлекетпіз. Жалпы, басына іс түсіп, мәселесін шешсем деп көмекке жүгінетіндерді қолтығынан демеуді тәжірибелі мамандардың қолына тапсыру қажет. Таза, кәсіби білікті заңгерлер әлі де аз. Заңгер дегеніміз – жалпы заң саласындағы, қала берді, заңгерлік қызметтегі, заңдық істерді жүзеге асыратын маман. Қазіргі қоғамда заңгер мамандардың өз мамандығына сәйкес келуі аса маңызды болып отыр. Заңгерлердің ішкі дайындығы, кәсіби стандартқа сәйкестігі, заң жұмысының негізін білуі – қоғам талабы. Кеңеске жүгінушілердің жұмыстарын орындау барысында заңгерлер тек құқық көздерін ғана көрсетіп қоймай, құжат мәтіндерін талдай алуы керек. Шынайы көмек солай беріледі. Заңгерлік білімді мемлекеттік басқарудың әр саласында, айталық, ғылымда, экономикада, мәдениетте, спортта және журналистикада пайдалануға болатынын бүгінгі уақыт дәлелдеуде. Жалпы, жоғары білікті заңгер қай кезде де қажет. Заңгер мамандығын тәмамдаған шынайы білікті мамандар жоғары интеллектуалды әрі ұйымдастырушылық қабілетке ие болуы керек.
– Азаматтардың заңгер кеңесіне жиі жүгінетінін айттыңыз. Тұрғындарды қандай сұрақтар көп мазалайды? Қандай мәселелер бойынша кеңес алады?
– Соңғы уақыттарда халықтың көпшілігі әлеуметтік мәселелер бойынша заңгер кеңесіне жүгінеді. Әсіресе, көп балалы аналар мәселесі, әлеуметтік жәрдемақылар жөніндегі сұрақтарға жиі жауап беруге тура келеді. Адам ең бірінші жеке басындағы кезек күттірмейтін мәселелерін шешпей, өзге де маңызды дүниелерге бас қояды деп айта алмаймыз. Міне, сондықтан да заңгер мен қоғам бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір заңгер кеңесіне сұраныс көп. Жалпы, халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де болса төмен. Әлеуметтік мәселелерді шешуде өздігінен ізденбейді. Әйтпесе, қазір интернет деген зымыраннан өзіңнің қиындығыңа қатысты мысалдарды да, оны шешудің жолдарын да тез тауып алуға болады. Менің таңғалатыным, электронды қызметті пайдаланбайтындар арамызда өте көп. Тіпті мекенжай бойынша анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұрады. Бұл нені көрсетеді? Бұл азаматтардың мүлде оқымайтынын, құқықтық мүмкіндіктеріне мүлде көңіл бөлмейтінін айғақтайды. Әйтпесе, анықтама тұрмақ, қазір көптеген қызметтерді электрондық қолтаңбаның көмегімен үйден-ақ шығарып алуға болады. Ол үшін уақытты шығындап, қаржыңды кетіріп, арнайы орталыққа барудың қажеті жоқ. Бүгінде барлық салада серпіліс, ізденіс, жаңғыру бар. Жаңа технологияның мүмкіндігін кез келген сала тиімді пайдалануда. Бірақ, сол ізгілікті негізгі тұтынушы қолданбақ түгілі, жаңалықтан хабарсыз болса, жұмыстың бәрі текке кетпей ме? Сондықтан, бізге жаңалықтарды қолға алумен бірге насихат жұмысын қатар алып жүру керек. Насихат болмаса, халықтың құқықтық сауатын
көтермесек, бастама жасаудың бәрі бекер. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазір жұртшылық қолда бар нәрсенің өзін пайдаланбайды. Цифрлы сауаттылықтың төмендігі мен өз құқығыңды білмеу фактілері бір-бірімен тығыз байланысты дер едім. Осыған арнайы методикалық құрал шығару керек пе деп ойлаймын кейде. Заңгер кеңесіне жүгінетіндер қатарының көп болғаны жақсылықтың нышаны деп айтуға келмейді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру ісі әрдайым мемлекет назарында болуы керек деп есептеймін.
         – Халықтың қанша пайызы заңдылық тұрғыдан өзін қорғай алатындай сауатты деп ойлайсыз?
         – Қазіргі күні халықтың басым бөлігі өзінің құқықтарын біледі деп ойлаймын. Әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығы жоғары. Өйткені қазір мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтану пәндері бағдарламаға енгізілген. Сондықтар адамдар заңда көзделген міндетті бап, тармақтары бойынша жатқа білмесе де өздерінің құқықтарын қорғай алатындай деңгейде біледі деп ойлаймын. Сол себепті де заңсыздыққа тап болғанын бірден біліп қояды. Толыққанды өз құқығын қамтамасыз ету үшін заңгердің қызметіне жүгінеді. Менің ойымша, Ата Заңды ардақтау – әрбіріміздің парызымыз. Онда көзделген міндеттерге кереғар қылық көрсету, заң бұзушылық болып табылады. Сондықтан әрбір адам өзінің іс-әрекетінің заңды немесе заңсыз екендігіне көз жеткізіп алуы керек. Пайызбен өлшер болсақ, қоғамдағы адамдардың 70 пайызы өздерінін құқықтарын қорғай алатындай білімі бар деп ойлаймын.
– Бүгінгі Конституция қазақстандықтардың дербестігін толық қамтамасыз ете ала ма?
         – Конституция – Мәңгілік Ел идея­сын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаз рухы салтанат құрған еліміздің берік тұғыры десек, оның кемелділігінің өзек-ар­қауы бүгінгі таңдағы қоғамдық қаты­настың сан-салалы мәселелерінде экономикалық-әлеуметтік, саяси, мә­­дени тұрғыдан дамып, өркен­деуі­міз­дің нәтижесіне тікелей байланысты. Конституция еліміздің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ететін орнық­ты саяси-құқықтық тәртіпті қалыптас­тыр­са, конституциялық жүйенің не­гіз­гі элементі ретіндегі қуатты прези­­денттік билік институты азамат­тық қоғам институттарының қалыптасуы­на баса назар аудара отырып, өзінің толыққанды әлеуетін дәлелдей алды.
         Қазақстандық конституцио­на­лизм­нің қалыптасуы мен нығаюы жолындағы батыл бастамалардың басты мақсаты – Қазақстан халқының мүддесі үшін тиімді әрі тұрлаулы әрекет ететін мемлекетті қалыптастыру. Оны үнемі жетілдіру, оның ішінде мемлекеттік биліктің тұғыры ретінде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы да конституциялық құндылықтың мәртебесі жоғарылап отыр. Конституция 1995 жылы қабылданғанымен, оған әр жылдары толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп отырды. Заман өзгерген сайын заңымыз да соған ыңғайлана түсті. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан, әрбір істі бастар алдында заңға сүйенеміз. Бұл – біздің мызғымаз ережеміз, әрбірімізді қорғайтын құнды құжат. Сол себепті біздегі заң адамдардың құқығын толық қорғай алады деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Н. БАҚЫРАН
28 тамыз 2021 ж. 11 140 0