Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарқын жобаларға бастаған толымды тірлік

Жарқын жобаларға бастаған толымды тірлік

Кәсіпкерлік – өркен жайып, ел экономикасының күре тамырына айналып келе жатқан салалардың бірі. Бұл салаға аяқ басқандардың дені кәсіпкер атанып, асығы алшысынан түсіп жатқандары қаншама?! Өйткені мемлекеттен қолдау жеткілікті.
Оған әрине бірден-бір себепкер осы саладағы мамандар, қала берді жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік саласының жетекшілері. Соның нәтижесінде қазір өзін-өзі жұмыспен қамтып келе жатқандардың қатары артып келеді. Ауданда да осы салаға жетекшілік ететін сала бар. Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі. Осы бөлімге басшылық ететін Ренат Жанаев есімді азамат. Бұған дейін бірнеше қызметтерде болып, мемлекеттік қызметтің кәнігі маманына айналған. Халықпен қалай сөйлесіп, өз қызметі аясында қандай шешімдер қабылдау керектігін жақсы білетін білікті кадр. Жыл басталғалы біз әңгімеге арқау еткен салада нендей өзгерістер болып жатыр, кәсіпкерлікті жандандыру аясында қандай қаржы институттарымен жұмыс жүруде, бағдарламалар шеңбері ше? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алмақ болып сөзге тарттық.
– Жалпақ жұрт түсіне бермейтін шағын және орта бизнес деген ресми атау бар. Жалпыға бірдей ұғынықты болу үшін осы шағын және орта бизнестің ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз...
– Шағын бизнес дегеніміз – кәдімгі отбасылық бизнес. Мүмкін ол шаштараз немес кондитерлік өнім жасайтын орын бола ма, мүмкін салон немесе дүкен. Міне, осындай шағын көлемдегі кәсіпті шағын бизнес деуге болады. Ал орта бизнес – бір және бірнеше адамның бірлесе қолға алған кәсібі. Оның қатарына қожалық немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді. Ол ферма немесе фабрика, құрылтай немесе қандай да бір қызмет көрсету орталықтары болуы мүмкін.
– Өзіңіз білесіз, соңғы жылдары сіз жетекшілік ететін сала қарқынды дамып, түрлі деңгейде кәсіпкерлерді қолдау шаралары жандануда. Жемісін берген түрлі бағдарламалар, кәсіп бастаймын деушілерге қомақты мөлшерде қаржы ұсынуға дайын қаржы ұйымдары да бар. Сол қаржы ұйымдары мен мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып өтсеңіз.
– Расында бұл саланың өзіндік жолы бар. Еліміздің дамуында кәсіпкерлік ең маңызды сектор болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз ауданымыздың экономикасын, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге жағдай жасаймыз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан кәсібін бастаймын немесе өз кәсібін одан әрі жандандырамын деуші азаматтарға барлық мүмкіндіктер қарастырылған деуге болады. Мәселен, кәсібін енді бастаймын деуші азаматтарға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 583 400 мың теңге қайтарымсыз қаражатына 430 азамат қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастады. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның атауы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болып өзгеріп, қайтарымсыз грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 225 200 теңгеге өсті. Бұл дегеніміз – кәсібін ашамын деуші азаматтар өз қалтасынан қаражат шығармай, ешқандай несиесіз мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өз кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік.
Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 000 000 мен 5 000 000 теңге аралығында инновациялық жобаға қомақты қайтарымсыз қаражат алып, кәсіп бастауға болады. Өткен жылы осы мүмкіндікті пайдаланып, ауданымызда 4 жас кәсіпкер жалпы құны 14,5 млн теңгені жеңіп алып өз кәсіптерін бастап, 14 адамды жұмыспен қамтыды. Атап айтатын болсақ: "Су ұңғымасын бұрғылау" жобасы, "Пескоблок өндірісі" жобасы, Сексеуіл кентінде "Балалар, ДЦП мүгедектеріне және ересектерге арналған массаж кабинетін ашу" жобасы, "Түйе сүтінен сүт өнімдерін өндіру", яғни шұбат өнімі жобасы. Бұл жастар өз әлеуеттерін кәсіп ашу арқылы көтеріп қана қоймай, аудан тұрғындарына өз өнімдері мен қызметтерін көрсету арқылы септігін тигізуде. Бұл жоба осы жылы да өз жалғасын таппақ.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражаттары кәсібін енді бастайтын азаматтарға арналған болса, кәсібін одан әрі дамытамын, кеңейтемін деуші кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары қарастырылған?
– Қазіргі таңда кәсібін одан әрі дамытамын, кеңейтемін деуші кәсіпкерлерге біршама қолдаулар бар. Атап айтатын болсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы жылдық жарнасы 6%-бен 5 жылға кепілдікке койылатын мүліктің (залог) бағасына қарай 7 млрд теңгеге дейін төмендетілген несие алып, кәсіптерін дөңгелетсе болады. Бұл жерде екінші деңгейлі банктер кәсіпкерге 14,5% -бен несие берсе, оның 8,5 %-ын мемлекет субсидиялайды.
Сондай-ақ кепілдік мүлкі жоқ кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 жылға 5 млн теңге көлемінде 6%-бен кепілсіз несие беру қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» микроқаржылық  ұйымы арқылы 1 млн теңгеден бастап 7 млн теңгеге дейін жылдық  6% жарнамен 5 жылдан 7 жылға дейін несие алуға болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 4%-дан 6%-ға дейін 1 жылдан 10 жылға дейін несие қарастырылған. Бұл қаржы ұйымының бір тиімділігі – 24 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Басқаша айтқанда каникул. Бұл жерде 4%-дық жарна көпбалалы аналарға қарастырылған.
«Қызылорда өңірлік инвестициялық орталық шағын қаржылық ұйым» ЖШС арқылы жылдық 2%-дан 6%-ға дейін несие алуға болады. Бұл жерде 2%-бен несие тек өнім өндіруші кәсіпкерлерге беріледі.
– Жыл басынан бері ауданда кәсіпкерліктің даму деңгейі қандай және мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы ұйымдары арқылы қандай жұмыстар қолға алынды?
– Қазіргі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 4421 бірлікті құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 341 бірлікке артық болып отыр. Жыл басынан ауданда мемлекеттік бағадарламалар және қаржы институттары арқылы 7,8 млн теңгенің 2 жобасы қаржыландырылып, 245,4 млн теңгенің 14 жобасы мақұлданды.  Атап айтсам, «Атамекен» шағын несие ұйымы арқылы 14,4 млн теңгенің 2 жобасы мақұлданды. «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы құны 61 млн теңгенің 8 жобасы, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 170 млн теңгенің 4 жобасы қолдау тапты. Атап өту қажет, бұл жұмыстар аудан әкімінің жіті бақылауында және алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
– Өзіңіздің де осы салаға басшылық еткеніңізге көп бола қойған жоқ. Десе де ізі бар жұмысты ілгерілетуде нендей жұмыстарды қолға алып жатырсыз, осы саланы одан әрі дамыту бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоғарыда атап өткенімдей, кәсіпкерлік саласы еліміздің басты секторы болып табылады. Осы бағытта аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің тапсырмасына сәйкес Арал ауданының 2022-2024 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарына 40 жоба ұсынылып, бекітілген болатын. Бұл жобалардың жалпы құны 8 327,2 млн теңгені құрап, ауданымыздың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуына оң әсерін тигізетін болады.
Бұдан бөлек, 2022 жылы кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында қала, кент және ауылдық округ бөлінісіндегі іске асырылуы жоспарланған жобалар тізімі бекітіліп, қазіргі таңда аталған жобалар бойынша күнделікті бақылау орнатылып, жоба бастамашыларына сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Жоспасға сәйкес азық-түлік тауарларын өндіру бағытында – 10 жоба, азық-түлік емес тауарларын өндіру бағытында – 2 жоба, құрылыс материалдарын өндіру бағытында – 2 жоба, қызмет көрсету бағытында – 33 жоба, сауда қызметін дамыту бағытында  8 жоба белгіленіп, жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен «Атамекен Қызылорда» шағын несие ұйымы арқылы несиелендіру бойынша кепіл мүліктердің бағалау құнын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде біршама ауылдық округтердегі кепіл мүліктердің бағалау құны 2 есеге дейін арттырылды.
Сонымен қатар 2021 жылдың 10 маусымында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз, – деген болатын.
Осы ретте, ауданымызға қосымша инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында үстіміздегі жылы «Арал инвест» форумын өткізу жоспарлануда.
– Ауданымызда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келе жатыр десек те болады. Ал бұлардан бөлек ірі кәсіпкерлік және өндіріс орындарын ашу жағынан ауданымыздың перспективасы қандай және бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Сауалыңызға рақмет. Қазіргі таңда аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің  бастамасымен Индустрия инновациялық даму мемлекеттік  бағдарламасының III  бесжылдығы аясында Арал ауданында құны 108,7 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1317 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 9 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Аралтұз» АҚ-ның 2,9 млрд теңгеге «Ас тұзын өндіру» жобасы III испан цехы және «Aral Quartz » ЖШС-ның 790 млн теңгеге «Кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының құрылысы» жобалары іске қосылып, жаңадан 250 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауытын салу» жобасы, «AralSeefood» ЖШС-ның «Балық қалдықтарын қайта өңдеу цехы» жобасы және «Камыш Орда» ЖШС-ның «Қамыс Шатыр» жобалары іске қосылады деп жоспарлануда.
Бұлардан бөлек, ағымдағы жылы Индустрия инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына құны 320 млн теңгенің «Мал бордақылау алаңы және шұжық өндіру цехын ашу» және 1,9 млрд теңгенің «Құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру зауытын салу» жобаларын енгізіп, жүзеге асыру жоспарымызда бар.
– Ренат Қуанғанұлы, сұхбатыңыз үшін сізге рақмет. Сөз соңында оқырмандарға айтарыңыз болса.
– Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына қолдаулар өте көп. Тек жұмыс жасаймын, өз кәсібімді ашамын, дамытамын деген талпыныс пен ізденіс қажет. Түсіну қажет тағы да бір мәселе, еңбексіз ешнәрсе оңайлықпен келмейді. Жаңашылдықты әркім өзінен бастау қажет. Ең алдымен мемлекет береді екен деп күтіп жатпай, ізденіп, өз кәсібімді ашамын, адамдарды жұмыспен қамтимын деген талап қойып еңбектенсе, жетістік те ұзартпай келетіндігі анық. Ал сол бастамаларда аудан тұрғындарына аудан әкімдігі және аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан әрқашанда қолдау көрсетілетіндігін айтқым келеді.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан А. БИСЕНОВ
12 сәуір 2022 ж. 9 014 0