Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ас сіңбесе, ауру қылады

Ас сіңбесе, ауру қылады

Тағамның түр-түрі көп. Талғамыңызға байланысты таңдап алуға мүмкіндік те бар. Десе де ауру астан келетінін білген бабалар оның тек денсаулыққа пайдалысын ғана тұтынған. Дұрыс тамақтана білу – мықты саулықтың кепілі. Осы ретте Алматыдан келген халықаралық дұрыс тамақтану жөніндегі кеңесші маман Әйгерім Амановамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Әйгерім Ибрагимқызы, Сыр еліне хош келдіңіз!  Денсаулық – адам баласының басты құндылығы. Қазір дұрыс тамақтанудың жолын іздеп, сабылып жүргендер көп. Маман ретінде қандай кеңес бересіз?
–    Адамдар бүгінде таза ауада көп жүрмейді. Тамақтанған соң серуендеуді әдетке айналдыру асты сіңімді етеді. Ал бізде бәрі керісінше. Жаяу жүрмей фитнеске барсаңыз да, оның  денсаулыққа пайдасы шамалы. Екінші нәрсе, су ішуді білмейміз. Адам ағзасының 75 проценті судан тұрады. Ми, қантамыр, сүйек, бұлшықеттер қозғалысы – барлығы судың ағзаға жеткілікті болуына байланысты жұмыс істейді. Әр адам дене салмағына сай су ішу керек. Одан кейінгісі – ұйқының дұрыс болуы. Түнгі 23 пен 3-тің аралығында адам ағзасында қайта қалыпқа келу процесі жүреді. Түнгі ұйқының маңызы зор. Осы үш нәрсені қатаң бақылауда ұстау арқылы денсаулықты жақсартуға болатынын түсінсе екен деймін. Кешкі тамақтың да маңызы зор. Әсіресе, кешкі астың ауыр болмауын қадағалаған жөн. Түнде ет асып жеп, соңынан қою шай ішуді жақсы көретіндер қатарынанбыз. Ағза демалатын уақытта мұндай ауыр тамақты қорыта алмайды. Ол қорытылмаған тамақ денені улайды. Дұрыс тамақтануды қолға алмас бұрын мен айтқан қағидаларды әдетке айналдырса жетіп жатыр.
– Деректерге сүйенсек, кейінгі уақытта артық салмағы бар  балалар 20% артқан. Оның себебін немен түсіндірер едіңіз?
– Зерттеуім бойынша бала ананың ішінде жатқан кезде оның салмағы белгілі болады. Тіпті туғанда артық салмақпен өмірге келетіндер бар. Анасы дұрыс тамақтанбағандықтан, балада түрлі диагноздар туабітті пайда болады. Адам миллиондаған жасушалардан тұратынын ескерсек, оған керекті қоректер мен макро-микроэлементтерді судан, жеміс-жидектен, таза еттен алу керек. Осындай пайдалы тағамнан түспеген қорек жасушаны қажетті деңгейде дамыта алмайды. Содан адам ағзасы аурушаң болады.
Біріншіден, балада қозғалыс жоқ. Телефонға тәуелділік, қимылдың аз болуы да артық салмақ туындатады. Бала жылады деп пайдасыз сусындар мен чипсыларды алып беру оған жасалған қастандық деуге болады. Ішкі ағзаны, қантамырларды май баса бастайды. Ешқандай ауру аяқ астынан пайда болмайды. Балабақшадан бастап дұрыс тамақтану жайлы пән қосылса да артық болмас еді. Дене шынықтыру мен тамақтануды дұрыс меңгермеген адам бәрібір сол тапқан ақшасын кейін емделуге жұмсайтын болады. Дұрыс тамақтанбайтын баланың миына ешқандай ақпарат қонбайды. Дүкен сөрелерінде тез бұзылып кететін тағам түрлері сатыла бермейді. Ұзақ сақталу үшін оған түріне неше түрлі майлар, қоспалар қосылады. Сондай қоспалар қосылатынын біле тұра сатып аламыз. Негізінде қолдан даярлап, табиғи өнімдер тұтынуды әдетке айналдыру керек.
– Академик Төрегелді Шарманов «Әдемі қартая білу де – өнер» дейді. Әдемі қартаю үшін бізге не жетіспейді? Жалпы ұзақ өмір сүрудің сыры бар ма?
– Ата-әже болғанда балалары мен немерелеріне қорап-қорап дәрі алдырғанша, дені сау, әдемі қартайғанға не жетсін?! Мен айтқан жақсы әдеттерді жас кезінен қалыптастырса, жемісін қартайған шақта тататын болады. Сіз шетел асып қымбат дәріні алдырғанмен, салауатты өмір салтын ұстанбасаңыз, оның да пайдасын көрмейсіз. Осыны есте ұстаған жөн.
– Мамандығыңыз журналист екен. Алайда өзіңізді тағамтану маманы ретінде білеміз. Бұл салаға келудің себебі бар ма?
– Мен бала кезімнен толық болдым. Өсе келе арықтау үшін ғаламтор ақтарып, неше түрлі әдіс-тәсілдерді жасадым. Барлық диета түрін ұстадым. Қара судан басқа тамақ ішпейтін кездерім болды. Алайда  оның барлығының зиян жағы қатар жүрді. Шашымның түсетінін, көзімнің көруінің нашарлайтынын білмедім. Диета ұстанғаныммен, ең соңында қайтадан сол салмақты қосып алатынмын. Арықтататын дәрі ішіп көрдім. Ешқандай ғажайып болмайтынын сонда түсіндім. Бір күні әлеуметтік желі арқылы салауатты өмір салты клубын тауып алдым. Сол жерде мамандармен бірге теңгерімді дұрыс  тамақтануды үйрендім. Үш айдың ішінде 17 келі салмақ тастадым. Бұрын болмаған сезім пайда болды. Соның арқасында өмірге деген көзқарасым өзгеріп, күш-қуатым артты. Жаңа идеялар туды. Айнаға қарағанда ұялмайтындай жағдайға жеттім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айсәуле ҚАРАПАЕВА

21 сәуір 2022 ж. 8 879 0