Мейрамбек ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ: Арал бекіресін көбейтуді армандаймын
Сыр өңірі бағзым заманнан бері балық шаруашылығына өте қолайлы аймақ саналады. Сыр мен Әмударияны жағалай қоныстанған жұрт үшін балық өнімдері таптырмас деликатес, денсаулыққа пайдалы тағам ретінде жоғары бағаланады. Қолдан жасалған геноцидтің кезінде бір жұтым нан таппаған талай қазақтың аш құрсағын тойдырып, екінші дүниежүзілік соғыста жүз мыңдаған сарбазға Арал теңізінің табанындағы жақұт азық болғанын да тарихтан жақсы білеміз. Қазіргі күні өзен тартылып, өзек жұпыны күйге түссе де Қазалыда балық етін кәсіп қылып отырған ірі серіктестіктер баршылық. Олардың экспортқа шығарып жатқан тауарлары жөнінде сан мәрте айтылды. Жақында осы салада толағай табысқа жетіп, миллиондардың қаласы – Алматыда кәсібін өрге домалатып отырған Мейрамбек Пазылбековпен байланысқан едік.
– Мейрамбек Жалғасбекұлы, алдымен туып-өскен жеріңіз, балалық шағыңыз туралы сыр шертсеңіз. Балық шаруашылығына қызығушылығыңыз қалай оянды?
– 1984 жылдың қазанында Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Мұндағы бақытқа толы бала кездерім сағымдай көрінетіні бар. Неге десеңіз, 5 жасымда ата-анамның жұмыс бабына байланысты Жамбыл облысы, Меркі ауданына қоныс аудардық. Тек 2001 жылы туған жерге оралудың сәті түсті. Бұл да қызық оқиғамен өрбіді. Меркіде 7 сынып оқып жүргенімде осындағы ағамның үйлену тойына келдім. Не себепті барғаным есімде жоқ, Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның ішін аралап, балалардың оқу процесімен таныстым. Маған қатты ұнады. Атамның баласы болғасын: «Ата, мен осы мектепте оқығым келеді», – дедім. Араға 1-2 жыл салып, 10 сыныпты осында оқу үшін қара шаңыраққа келдім.
Гимназияға қабылдануым да оңай болған жоқ. Құжат тапсыру уақыты өтіп кетіпті. Сол тұстағы директор Күләш Мергенбаеваға өзім кіріп, сапалы білім алып, жақсы маман атанғым келетінін айттым. Апайдың көрегендігі десем жарасар, бір сөзге келмей, мен үшін емтихан ұйымдастырып берді. Абырой болғанда сынақтан сүрінбей өтіп, екі жыл керемет білім алдым. Бұл үшін ұстаздарыма айтар алғысым шексіз.
Әлгінде атамның баласы екенімді айттым. Ол кісі «Автовазда» жүргізуші болып жұмыс істеді. Бос уақытында қармақ арқалап Әмударияны жағалай кететін. Қасынан бір елі қалмаймын. Алғаш рет қармағым майланғаны да есте. Бөлмемде 200 шабаққа арналған аквариум болды. Сол кездің өзінде балық өсіріп, ауыл балаларына сататын едім. Мектепте де биология пәнін таңдап, Алматы қаласындағы аграрлық университетке Өнеркәсіптік балық аулау және балық шаруашылығы мамандығы бойынша грант негізінде білімімді шыңдадым. Екі жылдан кейін Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне ауыстым. Бұдан кейін Алматы облысындағы көлдерді зерттеу бойынша ғылыми қызметкер болып тәжірибе жинадым. Алайда елдегі ғалымдардың жағдайы мәз емес екеніне көзім жетті. Осылайша елдің патриот азаматы ретінде халыққа қызмет ету үшін кәсіпкерлік бағытын таңдадым.
Қазіргі күні Қазақстандағы ең ірі компанияның бірі «Halyq Balyq»-тың бас директорының орынбасары, бас технолог болып қызмет атқарып жатырмын.
– Қазақстан бойынша бренд қалыптастыруға не нәрсе жігер берді? Мемлекет қолдауын сезіндіңіз бе?
– Кеңес үкіметі кезінде болды. Қазіргі тәуелсіз еліміздің де балық шаруашылығындағы әлеуеті өте зор болды. Бірақ мамандар мен тәжірибенің жетіспеуіне байланысты тоқырау болып жатқаны рас. Өзім осы саладағы ғалым ретінде халықтың балығынан серпіліс жасағым келді. Осы сәтте компания өсіріп отырған шабақтар жақын шетелдерге экспортталып жатыр. Көп ұзамай Еуропа мен Грузияға тауар жіберуді ойлап отырмыз. Мұндайда Қазақстанның есімі алдымен аталатынын білесіздер. Бүкіл әлем сұраныс салатындай бренд қалыптастыруды мақсат еттік. Соған ақырындап жылжып келеміз.
Ал мемлекеттен субсидия немесе жеңілдетілген несие сияқты көмек алып көрген жоқпыз. Ақырындап бір тиынды екеу қылып, адал еңбекпен дамып келе жатқан жайымыз бар.
– Енді ғылыми тұрғыда пікіріңізді тыңдайық. Қандай балық немесе шабақ сұранысқа ие? Оның денсаулыққа пайдасы шынымен көл-көсір ме?
– Балықтың өмір сүрген ортасы, тазалығы, аурудан амандығы туралы бас қатыру керек. Әйтпесе, кез келген балықтың адам денсаулығына пайдасы мол. Балғын еті адамның қартаюын тежеп, өмір жасының ұзаруына сеп болады. Сонымен бірге мидың, жасқа сәйкес көз жанарының жетік жұмыс істеуіне тигізер үлесі аз емес. Бұған қарапайым әрі бұлтартпас дәлел келтіруге болады. Әлемдегі балық өнімін көп тұтынатын ел Жапония екенін білесіздер. Өмір сүру ұзақтығы жөнінен де солай. Ол ағзаға сіңімді, жеңіл және керекті дәрумендерге бай болғандықтан балықты жиі тұтынатын адамды 80-90 жасында сергек сезіндіреді.
Мына бір жайтқа мән беру керек. Қазақстандағы әрбір азамат орташа есеппен 3 килограмм балық етін тұтынады. Ал халықаралық денсаулық сақтау ұйымының берген ұсынысына сәйкес, әрбір азамат 12 айда 18 килограмм балық өнімін тұтынуы керек. Ал жапондар аталған көрсеткіштен 4 есе көп теңіз маржанын тұтынады. Тағы бір айта кететін мәселе, Каспий су айдынын қоспағанның өзінде елімізде 5 миллион гектар су айдыны бар. Солай бола тұра балық шаруашылығымен сауатты айналысатын азаматтар кемде кем. Бұл тұрғындардың жеткілікті деңгейде балық тұтынбауына себеп болып отыр десек қателеспейміз.
Ал сұранысқа келер болсақ, қазақстандықтар сазанды көп тұтынады. Бұдан бөлек таулы, қырлы жердің тұрғындары қолдан өсірілген фарельді жегенді жақсы көреді. Ал экспорттағы сұраныстың көшін көксерке бастайды. Қазалыда мұны «тісті» деп атайды. Еуропада қазақтың валютасы ретінде жақсы бағаланады.
– Тұтынушылардың көп бөлігі Қазақстанның қай өңірінен сұрау салдырады? Жасырын болмаса бұдан түсетін пайда көлемі жайында тарқатып берсеңіз.
– Әлеуметтік желіде жеке парақшаларым бар. Әсіресе, Facebook-те балық шаруашылығына, шабақ өсіруге байланысты тегін кеңес беремін. Ғылыми тұрғыда балық баптаудың дәлелдерімен бөлісіп тұрамын. Бұдан қалтам толған дәнеңесі жоқ. Маған керегі сол кеңестер арқылы бір қазақ кәсібін дөңгелетіп әкетсе, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етсе, бір мақсатыма қол жеткізгенім деп есептеймін.
Келер жылы, амандық болса, «Halyq Balyq» академиясын ашуды жоспарлап отырмын. Онда он бес жылдық тәжірибемде көрген-білгенімді, Чехия елінен алған білімімді, көп маман кездесе бермейтін, шешімін білмейтін мәселелерді оқытатын боламын.
– Қазалыдағы балық шаруашылығы жайынан хабарыңыз бар ма? Сала бойынша аудан келешегін қалай бағалайсыз?
– Егін шаруашылығы гүлденген жерде су да, балық та мол болады. Көлдер көптеп саналады. Бұл жағынан Қазалының бағы бар. Кезінде Басықарада тоған шаруашылығы болды. Ол құрдымға кетті. Шаруашылық жағы дамымаған. Мұны жан-жақты қолдаудың жоқтығынан көрер едім. Бір азаматтар көл алып, шабақ салса, екінші бір мықтылар соған көз алартатын жағдайлар да ел ішінде аз емес. Содан да болар осы іске іскерлер инвестиция құйғысы келмейді. Ал егер осы мәселе бойынша ірі кәсіпкерлер бас қосып, шаруашылықты дамытуға ден қояр болса маман ретінде туған елдегі жүктің бір бұрышын көтерісуге әрқашан дайынмын.
– Қазіргі күні балық баптап, тірлік жасағасы келетін жастар көптеп кездеседі. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– «Кәсіп бастайтының туралы ешкімге айтпа» деп кеңес беретіндерге таңғаламын. Неге десеңіз, білімсіз, тәжірибесіз бастаған істің шикілігі көп болады. Сол үшін сала бойынша үлкен компаниялар мен тұлғалардың ақыл кеңесіне жүгінген абзал. Балық шаруашылығы қомақты қаржыны талап ететіндіктен шығынға бату қаупі де жоқ емес. Үйін тігіп, несие алған, оны суға сіңіріп жіберген таныстарым көп. Ал тәжірибе жинақтап, білімді жетілгендердің қалтасы қалыңдайтыны түсінікті.
Бір ғана мысал айтайын, Қазалыда сапалы сазан сатылмайды. Елге барғанда әдейі базар аралап, көріп қайтамын. Уылдырық шашпаған, қара сазандардан көз сүрінеді. Сұраныстағы балық болғасын алып келетін шығар. Бірақ бұлай сазанның санының өсуіне мұрша берілмей жатыр. Әйтпесе, балықтың бағасы Алматыға қарағанда Қазалыда біршама қымбат. Ебін тауып, еңбек етер жан болса пайдаға кенелері сөзсіз. Әрі баяғы бренд Сырдың сазанын қайта тірілтер еді.
– Қазір қандай мақсатта жұмыс істеп жатырсыз? Ғалымнан қандай жаңалық күтеміз?
– Бұл сұрақ төңірегінде көсіле шабуға болады. Соңғы екі жыл ішінде мемлекеттік қаулы шығару үшін көп жүгірдім. Қаншама қаражат жұмсадым. Бұл еңбек Арал-Сырдария су алабындағы Арал бекіресін қолдан өсіруді көздеген еді. Қызыл кітапқа енген балықты көбейтуге Үкімет басшысынан рұқсат алып, өсіріп жатырмыз. Біреу білсе, біреу білмес Арал бекіресі бұдан 55 жыл бұрын жойылып кеткен. Мемлекет қорғауына алған балықты бренд қылу – менің көп жылғы арманым, алдағы күндерге ұмтылдыратын үмітім. Құдай бұйырса, санын көбейтіп, Арал мен Сырдарияға саламын. Балықсүйер қауымның, ағайын-туыстың дарияға салған қармағынан бекіре шығып тұрғандағы таңғалысын, ризашылық сезімін көру бақытын аңсаймын.
– Уақыт бөліп, әңгіме өрбіткеніңіз үшін ризашылық білдіреміз!
Сұқбаттасқан
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
qazaly.kz