Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жер тарихын түгендеген

Туған жер тарихын түгендеген

Бес жылы кем ғасыр жасаған қаланың тарихын іздедім. Әрине «ізденген жетер мұратқа» демекші, кейіпкерімде іздене жүріп мұратына жеткен ұлағатты ұстазды тауып төбем көкке жетті. Айтулы ұстазды ұстаздар мерекесімен құттықтап, біраз мәліметке қанықтым. Иә, «жүргенге жөргем ілінеді» деп атам қазақ әсте тегін айтпаған ғой. Сонымен қала тарихы жайында баян етейін. Қаланың ғасырлық тарихын зерттеп, ғылыми жұмысын республикалық форумда қорғап, осы еңбегім Қазақстан тарихы әдістемелік журналына еніпті. Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназияда жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі болған Қазақстан ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бақтыгүл Мұқанқызы Сермағанбетоваға жолығып, қала тарихы туралы шежіре төңірегіндегі сұхбатымды зерделі оқырманға жеткізуді жөн көрдім.
Табиғи дарынын ізгілікті ізденіспен ерен еңбекке ұштастырып, адалдықты ту еткен ұстазбен сұхбаттасу бір ғанибет екен, шіркін!
–Бақтыгүл Мұқанқызы,қаланың тарихына байланысты туған өлкені зерделеп, зерттеуіңізге ойыссақ. Құнды шежірені іздене жазуыңызға не түрткі болды? Қала атауы қай жылы берілді және қала атауы неге Арал деп аталған?
–«Өз тарихын сыйламаған халық өзін де сыйламайды» деп даналарымыз айтқандай, тарих пәнін таңдаған соң ізденісте болатының зандылық. Әр сабағымды өмірмен, туған жерімнің тарихымен, жетістіктерімен үнемі байланыстырып отырамын. Арал – тарихы бай өлке. Өткенсіз бүгін жоқ. Өңіріміздің, әсіресе қаламыздың қатпар-қатпар қабатында бұққан тарихын халық игілігіне қайтару парызымыз. Сондықтан шәкірттерімнің туған ел тарихын білуге, тануға деген құштар сезімін оятуды мақсат тұттым. Нақты дерек көздерінен жинаған, ғылыми жобамен жұмыс істеуді шәкірттеріме үйреттім. Негізгі сауалынызға тоқталайын. 1938 жылы 29 мартта Қазақ ССР Жоғары Кенесінің Қаулысымен Аралға қала атағы берілсе, ал 1928 жылдан бері Арал аудан орталығы болды. Аудан орталығы болғаннан кейін қала статусының берілуі көп нәрсені аңғартып-ақ тұр емес пе? Аудан тарихынан келіп қала статусы басталады.
Арал қаласының іргесі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент темір жолынан басталған. Патша үкіметі Арал теңізіндегі мол олжаға иелік ету үшін салынған осы жол арқылы Астраханнан, Доннан, Кавказдан, Қаратеңіз жағалауынан, Орталық Ресейден жеке балық аулаушылар келді. Ірі саудагерлер Марков, Нисин, Лапшин, Макеевтер, тағы басқа ірі балық кәсіпшілігін ашып, «Хива» атты акционерлік қоғам құрған. Арал қаласы бұрын «Алтықұдық» деп аталды. Негізі мұның өзі үлкен мақала болмақ. ХVII-XVIII ғасырдан бастап теңіз Арал атанған. Жалпы, қала теңіз тарихынанбастау алғандай 300 жылдық тарихы бар қала десек те қателеспейміз. Оның алдында 865 жылы Арал теңізіне келген саяхатшылар теңізге түрліше атау берген. IX ғасырда яғни, 865 жылы Ибн Хордатбек «Күрдері» көлі деп атаған. 943 жылы Масуди «Күрджани» көлі, 961 жылы Истархи «Казбин» көлі, 1339 жылы Хафизи «Абруда» көлі, XIII ғасырда Бекрон «Джандш» көлі деп атаса, ал ХVII-XVIII ғасырдан бастап Арал теңізі деген атқа ие болған. Нәтижесінде қала атауы теңізбен сабақтас. Иә, үш ғасырлық тарихы бар бұл қаланың Арал деп аталуының түп төркіні осында жатырғандай.
Шежірең көп сан қилы шешілмеген,
Тарихың көп талайға естілмеген.
Сырларың көп талайға ашылмаған,
Құпияң көп талайға жазылмаған.
–Туған жер – тұнған шежіре іспетті ғой. Қаланың соғыс және соғыстан кейінгі жылдарына, туған өлке қазынасына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
–1940 жылы профессор Никольский Арал теңізіндегі балықтардың түрі мен теңіздің терендігіне арнап карта жасаған. 1941-1945 жылдары ауданнан Отан соғысына 8845 азамат аттанды, оның ішінде 3545 боздақтарымыз оралған жоқ. Майданға аттанғандардың 46-сы әйел болатын. Аралдан Александр Павлович Мин және Валерий Очиров Кеңес Одағының батыры атанды. Ел қорғаған аналарымыз Әнуза Жоламанова, Ұлмекен Акмырзаева, Палау Құттымұратованың ерлік жолдарын, қайсар ержүрек апа-аталарымыздың ерлігін бүгінгі ұрпақ мақтан етеді. Соғыс жылдарында Арал балықшылары 23,430 тонна сапалы балықты Отан қорғаушыларға, туысқан республикаларға жөнелтті. 1945 жылы тері, өкпе аурулар диспансері, обаға қарсы күресу стансасы жұмыс істеген. Соғыстан кейін 1946 жылы шыны зауыты, балалар кітапханасы ашылды. Сол жылдары Арал қаласында 33 ұлттың өкілі тұрған. Осы жылы соғыс кезінде Ресей мен Украинадан келген мал дәрігерлер Академиясы, Севастопольден консерві зауыты орналасты.
Туған өлкеміз қазынаға бай өлке ғой. Аралда ас тұзының мол қоры бар. Жақсықылыштан тұз кенінің екі үлкен бассейні табылды. Ал, Арысқұм бассейінінде тұз қоры 250 млн. тоннадай. Сондай-ақ өңірімізде кварц құмының, мұнай, газ, уранның мол қоры бар.
–Іздене жазған хронологиялық тізбелерге тоқталсақ, Арал тұрғындарының әл-ауқатының жылдан-жылға жақсарғанын көруге болады. Білім, денсаулық, мәдениет ошақтары қай жылдары қолға алынды?
–1904 жылдан бастап өңірде оқу ағарту ісі қолға алынды. 1910 жылы алғаш орыс-қазақ бастауыш мектептері ашылды (14 орыс мектебінде 2000 дай бала оқыған). Осы жылы теміржол клубы жұмыс істеген. 1911-1912 жылдары кеме жөндеу шеберханасы жұмыс істей бастаған. 1913 жылы Арал поселкі атанып, онда 1026 адам тұрды. 1921 жылы 7 қазанда Повольже халқының басына ауыр күндер туғанда, Лениннің Арал балықшыларына арнап жазған хатына жауап ретінде,14 вагон балық жөнелткені тарихымызға алтын әріптерімен жазылды.1920 жылдан бастап Аралда балық зерттеу стансасы жұмыс істеді. 1924 жылы Қазалы уезі мәжілісінің шешімімен Арал қыстағында аудандық атқару комитеті ашылды. 1928 жылы Арал теңізінің балықшылары бірігіп «Балықшылар одағын» құрды. Басқармашы болып жер аударылып келген дон қазагы Дубовик сайланды (1897-1945). Осы жылы теңіз портының «Маяк» клубы пайдалануға берілді.
1928 жылы Арал аудан орталығы болды. Осы жылы кеме жөндеу зауыты салынды. 1929 жылы 30 керуеттік аудандық аурухана ашылды, бұған дейін аудан халқына дәрігерлік көмек дәрігерлік пункт арқылы көрсетіліп келген. Онан кейін дәрігерлік пункттер Бөген, Қаратерең, Авань, Ұялы, Көкарал елді мекендерінде ашылған. 1930 жылы Аралда консерві зауыты ашылды. Грав Ильиннің басқаруымен Мойнақта, Аралда жылына 6 млн. аса консерві шығарылды. Қалада сондай-ақ әйнек, байпақ шығаратын цехтар жұмыс істеген. Арал-Мойнақ-Нөкіс бағытында 24 орындық самолет, ал 1990 жылға дейін елді мекендерге пошта яғни газет-журнал тасып, санитарлық тапсырмаларды орындаған, балықты да жинап және жолаушыларды таситын 12 орындық АН-2 ұшақтары ұшқан екен.
1932 жылы Арал ауданында 173 тұз өндіретін трестер ұйымдастырылып, жылына 272 мың тонна тұз өндірілген. 1934 жылы шағын астық өнімдерін тарату базасы ұйымдастырылды. 1934-1947 жылдарыаудандық тарихи өлкетану музейі жұмыс істеген. 1939 жылы №13Шевченко атындағы мектеп ашылды. 1940 жылы «Балықшылар» клубы салынған. 1950 жылы аудандық мәдениет үйі, ал 1960 жылы қалалық көпсалалы коммуналдық мекемесі ашылды. 1960 жылға дейін Аралдан Нөкіс, Мойнақ, Шаржауға жолаушылар таситын кемелер жүріп тұрды. 1961 жылы Арал қаласына жылжымалы энергопоезд келді. 1965 жылы жаңадан нан зауыты іске қосылды. 1965 жылы мектеп интернат, ал 1970 жылы кең экранды кинотеатр ашылды. Осы жылы теңізде балықтың 34 түрі есепке алынды.1970 жылдан бері теңіз суының тұздануы балық түрлерін жойды. 1972 жылы аудандық перзентхана ашылып, №83 мектеп пайдалануға берілді.1979 жылы аудандық байланыс торабы, ал 1980 жылы Арал- Сарыбұлақ су желісі іске қосылды. 1983 жылы №62 мектеп, 1988 жылы жаңадан тарихи-өлкетану мұражайы және «Ажар» тігін фабрикасы ашылып, ал 1989 жылы электротехникалық зауыт іске қосылды. Осы жылы жаңадан аудандық аурухана пайдалануға берілді.
–Қаланың 95 жылдық мерейтойымен қатар, 1991-1909 жылдары тойланған 25 қазан – Республика күні Ұлттық мереке болып қайта оралды. Бір екі ауыз лебізіңізді айтып, болашақта қаланың ғасырлық тойына кітап жазу ойыңызда бар ма? Бәлкім ғылым жолын қуған 20ға жуық зерделі шәкірттерініз бастаған ісіңізді жалғастырса ңұр үстіне нұр болар еді. Осы сауалыма қысқаша тоқталсаңыз?
– Тәуелсіздік – Тәңірдің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәнгілік құндылығы. Еліміздің басты байлығы – адам болса, оның дамуына еліміздегідей аудан және қаламыздың әрбір адамы өз үлестерін қосуда. Аудан орталығы Арал қаласының келбеті күннен күнге көркейіп жаңарып, жаңа бастамалар жалғасын тауып келеді. Әрине жүйелеп кітап шығаруды уақыт көрсетер. Шәкірттеріме жетекшілік жасап, бағыт беріп келдім. Қажет болып жатса неге көмек бермеске?! Аудан, қала тұрғындарын қатар келген 95 жылдық мерейтойымен және Республика күнімен құттықтаймын. Байлықтарыңыз тасып, мерейлеріңіз өссін! Туған қаламыз көгеріп жайнай берсін. Тыныштық, береке-бірлік орнап, егеменді еліміз алға баса берсін.

–Ұстаздар әулетінен шыққан, киелі мамандық иесі, жас ұрпаққа 40 жылдай білім мен тәрбие беруде абырой биігінен көрінген Бақтыгүл ханымның салиқалы сұхбатына ризашылығымды білдірдім. Осы ретте Американың 35-ші президентті реформатор Джон Кеннедидың пікірі ойыма оралды: «Біз кешегімен бүгінгіні ойлайтын болсақ өмірде қалып кетеміз, сондықтан болашақты ойлауымыз керек». Иә, осындайда аудандық партия комитетінде ішкі саясат бөлімін басқарған ұстазым Райғани Сүлейменов ағаның «ауданда небір шелекбастар отырғой деген» білімді, ақылды, іскер мамандар жөнінде айтқан құнды пікірі ойыма оралды. Отаншылдық дегеніміз іскерлік, енбеққорлық, істеген ісіміздің нақты нәтижесі ғой. Ғасырға жуық аралықта еңбек еткен қарапайым еңбек адамдары, бірінші басшылар және ұжымдар жөнінде осы еңбегіңізді ізденіспен, табандылықпен жалғастыруын сұрадым. Сондықтан жас ғалымдарымыз сүйікті қаламыздың кешегісі мен бүгінгісін және болашағын зерделеп-зерттейді ғой деген ойдамын.

Әңгімелескен Құндыз Ержігітқызы
29 қазан 2022 ж. 4 632 0