Қауіпті дерттің алдын алайық
Мына ғаламда адамзат баласы атын атауға қорқатын обыр дертінен асқан қауіпті ауру жоқ шығар. Елімізде бұл ауыр дерттен жылына 17 мың адам көз жұмады екен. Сол себепті ауруды дер кезінде анықтап, үздіксіз емделіп, онымен күрескен науқастың құлан-таза айығып кетуіне мүмкіндік бар екенін мамандар айтып-ақ келеді. Осы тұрғыда бұл қатерлі дерт туралы көптің көкейінде жүрген сауалға жауап алу үшін Арал аудандық емханасының дәрігер онкологы Ақнұр Бекмырзақызы Рысбаевамен әңгімелескен едік.
– Обыр дерті, бұл қандай ауру, осы жөнінде тоқталсаңыз...
– Обыр немесе қатерлі ісік – тұтас организмнің жүйкелік-эндокриндік реттеулеріне бағынбай, өз бетінше дербес өсетін, құрылымы мен қасиеттерінде шыққан тін жасушаларынан үлкен алшақтықтары бар, шексіз бөлініп көбейетін және жаңадан қабылдаған қасиеттерін туынды жасушаларына бере алатын, дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушалардың тым артық өсіп-өніп кетуі. Бұл дертке салғырт қарауға болмайды. Мұндай қауіпті диагнозбен ауырған науқас аурудың бастапқы кезеңінен бастап дәрігер тағайындаған ем-домды уақытылы қабылдап, дұрыс күтінсе, сауығып кетуіне болады. Бұл дерт адамның психологиясына тікелей байланысты болғандықтан, науқас адам ауруды ушықтырып алмас үшін көңіл-күйін түсіріп, уайымға салынбауы тиіс.
– Бұл ауру неден пайда болады?
– Обыр ауруының пайда болу факторлары өте көп. Химиялык, физикалық, биологиялық. Әрқайсысына тоқтала кететін болсақ, химиялық ол адамның жасайтын кәсібіне байланысты, жұмысында химиялық заттармен ұзак уақыт тығыз қарым-қатынаста болған жағдайда. Қазіргі кезде тағамдарға қосылатын дәмдеуіштер, бояғыштар жатады. Темекі түтіні де осы тізімге кіреді. Физикалық факторларға келетін болсақ, олар иондаушы сәуле, ультракүлгін сәуле, нейтрондар мен протондар, тағы басқа жатады. Иондаушы сәуле барлық ағзалардың дерлік ісігін шақыруға қабілетті, бірақ жиі тері мен сүйектердің ісіктерін, лейкоздар және эндокрин тәуелді ісіктер (сүт безі мен аналық бездердің ісігі) шақырады. Күн сәулесінің ұзақ әсері (олардың ультракүлгін спектрі) терінің ашық жерлеріндегі (бас, мойын, қол) меланоманың негізгі индукторы болып табылады. Бұл тұрғыда терісі және шаштары ашық түсті болатын сары адамдардың сезімталдығы жоғары болады. Биологиялық факторларга адам организмінде болатын көптеген вирустар әсер етеді.
– Шет елдерде онкологиялық аурулар қаншалықты жиі кездеседі?
– Шет елдерде де жоғарыда айтылған факторлар жиі кездесетін болғандықтан бұл елдерде де обыр ауруы өте жиі кездеседі. Әр елдің климатына, әдет-ғұрпына, тамақтануына байланысты статистика өзгеріп отырады. Мәселен, Америкада жыл сайын әрбір жүз мың адамның 64-і осы қатерлі ісіктен көз жұмады екен. Көршілес Қытай, Қырғызстан елінде де бұл дерт өзекті мәселеге айналған. Көптеген дамыған немесе дамушы елдердің барлығы дерлік әлі күнге дейін бұл аурумен күресуде.
– Бұл ауруды атағанда кез келген адамды үрей билейтіні ақиқат. Осы қауіпті дертке шалдыққан жандардың көпшілігі дер кезінде дәрігерге көрінбей, уақыт өткізіп алады. Осы мәселені қалай шешуге болады?
– Оның шешімі дер кезінде дәрігерге уақытылы қаралу. Аталған ауруға қарсы күрестегі ең тиімді шаралардың бірі – халықты жаппай медициналық тексеруден өткізу, ауру қаупін туғызатын ақаулар табыла қалса, оларды алдын ала емдеу. Қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі көзі ашық, көпшілігі дерлік ғаламторды жақсы меңгерген, сондықтан өзінің науқасы жайлы сезіктеніп уақытылы дәрігерге келетіні баршылық. Бірақ кейде сол ауруға шынымен шалдықсам не болады деген үрей-қорқынышпен дәрігерге қаралмай, әулие-әнбие жағалап, неше түрлі фирманың жарнамалаған бадтарын ішіп, уақыт өткізетіндері де аз емес. Аурудың кеш анықталуының тағы бір себебі – кейбір органдарда обыр ауруының симптомдары өте кеш байқалатындығы.
– Аудан және облыс көлемінде обыр дертімен ауыратын науқастар үшін заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бе?
– Иә, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. МРТ, КТ, УЗИ, ФГДС, ФКС, ЛСК, ФБС зерттеу құралдарымен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде онкологиялық орталықтарда соңғы үлгідегі сәулемен емдеу аппараттары да бар.
– Елімізде бұл дертті тегін емдей ме, әлде ақылы ма?
– Елімізде бұл дертті тегін емдейді. Ал шетелде обырды тек ақылы түрде анықтап, ақылы түрде ғана емдейді.
– Обыр дерті көп жағдайда байқала бермейтіні белгілі. Үй жағдайында сырқатты қалай анықтауға болады?
–Бұл үлкен тақырып десек те болады. Негізі үй жағдайында анықтау мүмкін емес. Бірақ денеңізде қандайда бір түзілістің пайда болғанын, жазылмайтын терідегі ойық жараларыңыз пайда болғанын байқасаңыз, даусыңыз себепсіз ұзақ уақыт қарлығып шығатын болып, темборы өзгеріп жатса, тамақ ішкенде шашалатын болсаңыз немесе жиі түйіле берсеңіз, себепсіз арықтап бара жатсаңыз, ал денеде ісікке ұқсас томпақ бүршіктер пайда болса, бұл қатерлі дерттің бір белгісі болуы әбден мүмкін. Сондықтан өзін жайсыз сезінген әрбір науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тексерістен өту қажет.
– Осы орайда медицинада науқас жанға психологиялық көмек көрсету мәселесі қаралған ба?
– Әрине әрбір емханада, облыстық онкологиялық орталықтарда да психолог кабинеті қарастырылған.
– Қазіргі таңда ауданда онкологиялық аурумен қанша науқас есепте тұр?
– Бүгінде ауданда онкологиялық ауру бойынша 367 науқас есепте тұр.
–Бұл аурудың даму қаупін азайту үшін нендей қағида ұстану керек? Науқастарға қандайда бір жеңілдік қарастырыла ма?
– Егер науқас өзін құрбан секілді көрсетіп, психикалық күйі басқа адамдарға тәуелді болып, негативпен жүретін болса ол оның иммундық жүйесіне де тікелей әсер етеді. Иммундық жүйенің төмендеуі – қатерлі ісіктің пайда болуы, ушығуы, қайталануы секілді күрделі жағдайлардың негізгі себептерінің бірі. Қатерлі ісік ауруларының даму қаупін азайту үшін салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды рөл атқарады.
Науқастың ауруы нақты анықталған соң, облыстық онкологиялық орталыққа жібереміз. Орталықта науқасты ауру түрі бойынша қандай ауруханаға жатқызу керектігін шешеді. Диагноз қойылған күннен бастап 4 айдан кейін мүгедектік тағайындайды.
–Маңызды әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан К. МАХСҰТ