Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Инсульт немесе инфарктпен түскен пациенттердің өмірін қалай арашалап қалуға болады?

Инсульт немесе инфарктпен түскен пациенттердің өмірін қалай арашалап қалуға болады?

Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасында жыл басынан бері жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға үш жүзден астам ота жасалды. Ангиографтың арқасында аурулар ерте кезеңде анықталып, жоғары технологиялық оталар жасалады. Инфаркт, инсульттің алғашқы белгілері қандай, пациенттер қалай аман қалғанын рентгенэндоваскулярлық бөлімшесінің меңгерушісі Кенесары Баспаевпен сұхбатында.

– 2019 жылдың қыркүйек айында Қазалы аудандық ауруханасында ангиограф арқылы алғашқы ота жасалды. Кенесары Айтуғанұлы, қанша пациентке ота жасалды және бұл диагностикалық құрал-жабдық ауыл тұрғындарына қаншалықты сұранысқа ие?
– Менің ойымша, медицинадағы ең маңызды ереже - жеделдік. Егер пациентке уақтылы медициналық көмек көрсетілсе, оның өмірін сақтап қалуға, мүгедектікке жол бермеуге болады. Бұл тұрғыда жақын маңдағы елді мекендердің (Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласы) тұрғындарына қызмет көрсететін ангиографтың көмегі зор. Бұған дейін пациенттер облыс орталығына, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларына жіберілген болатын. Олар бірнеше ай бойы өз кезегін күтетін. Өкінішке орай, жоғалған уақыттың салдарынан науқастардың денсаулығы да нашарлап, аймақта инфаркт пен инсульттан өлім-жітім деңгейі жоғары болды.
Неліктен ангиограф Қазалы ауданында орнатылған? Мәселен, облыс орталығынан Әйтеке би кентіне (аудан орталығы) дейінгі қашықтық 300 шақырымнан асады, жол жүру уақыты - 4 сағат. Қызылорда – Арал бағытының ұзындығы 450 шақырым, автокөлікпен - 5 сағат. Егер пациент Қазалы аудандық ауруханасына жеткізілсе, уақыт небәрі 1 сағатты алады. Қармақшы ауданы Жосалы кентінен қалаға дейінгі қашықтық шамамен 170 шақырым, жол жүру уақыты – 1,5 сағат. Бізге науқас 50 минут ішінде жетеді.
2019 жылы рентгенэндоваскулярлық бөлімнің ашылуының бірінші жылында ангиографта 87 ота жасалды. 2020 жылы әлемде пандемия өршіп тұрған кезде 216 пациентке, 2021 жылы - 300 – ге жуық, 2022 жылы – 361 адамға медициналық көмек көрсеттік. Ағымдағы жылдың 9 айында 316 ота жасалды. Жалпы 2019 жылдан бері 1200-ден астам адамның өмірі сақталды. Оталардың негізгі үлесі - коронарография және стенттеу.
Мамандарымыз А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталықта дайындықтан өтіп, көпсалалы облыстық ауруханада тәжірибе алмастып келгенін атап өткім келеді.
– Медицина саласында «алтын сағат» ұғымы бар. Дәл осы уақыт аралығында ең тиімді медициналық көмек және пациенттің өмір сүру мүмкіндігі жоғары. Шұғыл медициналық көмек қалай көрсетіледі?
– Мамандарымыздың кәсіби шеберлігі мен ангиографтың арқасында кәсіби жедел медициналық көмек көрсетеміз. Егер науқастың бет келбеті қисаюы байқалса, басы өте қатты ауырса, жүрек айнуы, құсу, қолы кимылсыз қалса, мұның бәрі инсульттің белгілері. Алғашқы 2 сағат ішінде қан ағымын қалпына келтіруге, қан ұйығыштарын жоюға бағытталған тромболитикалық терапия жүргізіледі. Біз инсульттің өршу кезеңінде медициналық көмек көрсету хаттамасына сәйкес әрекет етеміз. МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне, сондай-ақ, АИТВ, туберкулез, қатерлі ісіктер және т.б. қатар жүретін ауруларға қарамастан барлық пациенттерге шұғыл медициналық көмек көрсетеміз. Егер науқас отаға келісім бере алмаса, туыстарынан сұраймыз.
Жедел инфарктпен пациентті қабылдағанда жедел жәрдем мамандары ЭКГ жасап, бізге науқастың жағдайы туралы хабарлайды. Біз пациентті күтіп алуға дайын тұрамыз. Инфаркттің белгілері: жүрек аймағында шаншу, арқаға, иыққа, қолға, мойынға, төменгі жаққа беру, сондай-ақ ауа жетіспеушілігі, суық тер, жүрек айнуы. Сонымен қатар, инфаркттың тағы бір белгісі - іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну (эпигастрий). Көбінесе инфаркт бейсенбі мен сенбі күндері болатын үрдісті байқап жүрміз. Жедел инфарктпен ауыратын науқастардың саны айтарлықтай азаюда. Егер 2019-2020 жылдары жоғарыда аталған солтүстік аудандардың әрқайсысынан ай сайын жедел миокард инфарктпен 8-9 адам түссе, бүгінгі таңда жоспарлы коронарографияның арқасында науқастардың саны 2-3 адамға дейін азайып отыр.
– Жоспарлы медициналық көмек МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді. Отаға қарсы көрсетілімдері қандай?
- Жоспарлы ем Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүргізіледі. Егер тиісті көрсеткіштер болса, емхананың емдеуші дәрігері пациентті зертханалық талдаулар тапсыруға, консультациялық-диагностикалық қызметтерден өтуге жібереді. Осыдан кейін ғана науқас аурухананың кардиологиялық немесе инсульт бөліміне жатқызылады. Бірқатар қарсы көрсеткіштері бар. Мысалы, науқаста әртүрлі дәрежедегі анемия, ЖРВИ, тыныс алу жеткіліксіздігі, асқазан-ішек жолдарының ойық жаралы зақымдануларының болуы және т.б. бір сөзбен айтқанда, өршу кезеңінде барлық созылмалы аурулар.
Айта кетейік, МӘМС жүйесі аясында қымбат жоғары технологиялық оталарды жасаймыз. Мысал келтірейн. Стенттеу құны – 1,5 миллион теңгеден астам, коронарография – 400 мың теңгеге жуық. Сақтандырылған азаматтарға бұл медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.
– 2022 жылы Қазалы көпсалалы орталық аудандық ауруханасында 8 792 адам ем алды. Осы мақсаттарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл 1,8 миллиардтан астам қаражат қарастырылған.
– Байқоңыр қаласынан Қазалы аудандық ауруханасына дейін автокөлікпен 1 сағаттық жол. Ресей Федерациясының құзырындағы бұл қаланың тұрғындары сізге жүгінеді. Ресейлік ұйымдарда жұмыс істейтін ҚР азаматтарына медициналық көмекті қалай көрсетесіз?
- Байқоңыр қаласының аумағында 2 стационар бар. Бұл Байқоңыр қ. көпсалалы аурухана және ресейлік аурухана (ФГБУЗ ЦМСЧ №1 ФМБА РФ). Байқоңыр қаласының көпсалалы ауруханасында тек бастапқы медициналық-санитарлық көмек және медициналық оңалту қызметтері көрсетіледі. Төтенше жағдайларда ресейлік ұйымдарда жұмыс істейтін ҚР азаматтарында сақтандыру полисі болғандықтан, ресейлік ауруханаға жеткізіледі.
Қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесін алу және біздің стационарда жоспарлы медициналық көмек алу үшін МӘМС жарналарын дербес төлеуші ретінде төлеу қажет. Тағы да айта кетейін, шұғыл медициналық көмекті барлық азаматтарға тегін көрсетеміз. Біз бұл пациенттерді қабылдауға дайынбыз. Бірақ ресейлік ауруханада жоғарыда аталған пациенттерді жедел жәрдеммен тасымалдау қарастырылмаған. Осы күрделі мәселені шешеді деп үміттенеміз. Өйткені, Гиппократқа ант берудің этикалық принциптерінің бірі - науқасқа көмек көрсету міндеттемесі. Біз әрқашан пациенттердің денсаулығы мен өмірін қорғауға дайынбыз!

Сұхбат үшін рахмет!
20 қыркүйек 2023 ж. 5 139 0