Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді

Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді

Қазіргі таңда орыс мектептерінде қазақ тілі пәнін өткізу барысы қалай және қандай мәселелер туындауда деген сұрақтар төңірегінде қаладағы №14 мектеп-лицей мұғалімі Құрымбаева Ғалия Мырзағұлқызымен сұхбаттасқан едік.
– Қоғамда қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып отыр. Ауданымыздағы іргетасы әріден қаланған орыс мектебінде бүгінгі күні қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– №14 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаімдері қай кезде де қазақ тілінің жанашыры болып келеді. Мектебімізде оқып жатқан балалардың дені қазақтар, бірен-саран өзге ұлт өкілдерінің балалары бар. Осы өзге ұлт балаларын қазақша төселіп сөйлеуге, сауатты жазуына айрықша көңіл бөліп келеміз. Мектебімізде қазақтың салт-дәстүріне қатысты және де көркемсөз сайыстары, басқа да сыныптан тыс жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесі де жаман емес, республикаға танымал тележүргізушілер– Тен Ира мен Анна Данченконың жолын жалғастырып жатқан оқушыларымыз да бар. Мұратбаева Асылгүл Бектайқызының 4-сынып оқушысы Парфенова Анеля «Ұстаз – білім шырағы» республикалық байқауда Алғыс хат (2021 ж), «Алтын тобылғы» республикалық олимпиадасында 1 орын (2022 ж), «Қазақшаңыз қалай?» облыстық байқауында 2 орын (2022 ж), «Ғажайып қазақ тілі» облыстық байқауында 2 орын иеленсе (2022 ж), 5-сынып оқушысы Пак Амелия «Алтын тобылғы» республикалық олимпиадада 1 орын (2022 ж), «Қазақшаңыз қалай?» облыстық байқауда 1 орын (2022 ж), «Ғажайып қазақ тілі» байқауында 1 орын, республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасында 1 орын иегері атанды (2022 ж). Биылғы оқу жылында Абдиева Аида Жайылғанқызының 10 «Б» сынып оқушысы Прокопчук Ангелина пәндік олимпиададан облыстан бірінші орын алып, республикаға жолдама алғаны да айтуға тұрарлық.
– Тәжірибесі бар білікті маман ретінде сізден сұрайтыным, өзге ұлт балаларының қазақ тіліне деген қызығушылығын қалай оятуға болады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын уақыт келді» деген болатын. Өте орынды айтылған. Көшеде, қоғамдық орындарда өзіміз қазақтар қазақша сөйлессек, өзге ұлт та қызығып сөйлер еді. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне барғанда сол елдің тілінде сөйлеп тұрған өзге ұлтты көргенде еріксіз қызығасың. Әрине, бірінші кезекте олардың қызығушылығын, ынтасын оятатын тілдік орта жасау керек.
Менің практикамда Ресейден келген Шмырова Зина деген оқушым болды. Ол бізге 7-сыныпта келді. Қазақша мүлде білмейтін оқушыны қалай оқытам деген ой мазалады, неден бастасам деген. Маған көмекке сол сыныптың оқушылары келді, Зинаны жатырқамай, ортаға алып, қазақша үйрете бастады. Бір аптадан соң Зинам қазақша сөйлей бастады. Грамматиканы орыс тілімен байланыстыра отырып оқыттым. Ол кезде оқулықтың сапасы жақсы, орыс тілімен пәнаралық байланыс болған соң, грамматиканы жеңіл меңгереді. Сол Зинам 10-сыныпта облыстық олимпиададан үшінші орын алып, мені қатты қуантты.
Бір күні «Ауыл кеші көңілді» деген сыныптан тыс іс-шара өткіздік. Сынып оқушыларына ұлттық киім киіңдер дегенмін, Зина киім таба алмас, қалғаның киіп келсеңдер болады дедім. Кеш болатын күні Зинамды танымай қалдым. Қазақтың ұлттық киімін киіп, әдемі әшекейлерге дейін тағып алыпты. Барлығын қызық көріп жүр. Іс-шарада қазақша өлең оқыды. 11-сыныпта Шмырова Зина ауылына Ресейге қайтатын болды. Сол күні сабаққа келсем, барлығы Зинадан бастап ұлттық киімде отыр екен, видео жалдаған. Сыныптас достары тілектерін айтып жатыр. «Зина, неге түсіріп жатырсың?» деп сұрадым, Зина сәл жымиып: «Ресейлік достарыма көрсетем, оларға бәрі қызық, бір жағынан сендерді сағынамын ғой» деп көзіне жас алды. Біз де қимастық сезіммен оны шығарып салдық. Қазірде Зина екі баланың анасы, Аралдағы күндерін сағынышпен еске алып, хат жазып тұрады.
Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай тіл үйренушілерде ынта болу керек. Ал ол ынтаны оятатын өзіміз, қазақтар. Бүгінде той-томалақта ұлттық нақышта киім киіп жүрген жастарды көргенде, көңілге қуаныш ұялайды. Ол ұлтына деген құрмет, тілге де сондай құрмет жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Керемет! Ал енді мемлекеттік тілді үйретуде қандай қиындықтар бар?
– Бүгінде жалпы білім беретін білім ошақтары жаңартылған бағдарламамен жұмыс жасап жатыр. Бұл дегеніңіз – жеткіншек ұрпақты жан-жақты білімді, өз ойын айта алатын, өмірге бейім тұлға ретінде тәрбиелеу. Қазір біз тек қазақ тілінің маманы емес, тарихшы, географ, астроном, химик, социолог, физикпіз. Сабақта нанотехнология, биотехнология, аспан әлемдері, экология, әлеуметтік теңсіздік сынды тақырыптарды өтіп, баламен бірге дамып келе жатырмыз. Маған құрбыларым мұғалімнің жұмысы оңай, ережені бір жаттап алсаң, сонымен жүре бересің дейді. Жоқ,олай емес, қазіргі мұғалім үнемі ізденіс үстінде, оқушыға сапалы білім беру жолында аянбай жұмыс жасауда. Мектеп бітірушілер эссе, баяндама, іс қағаздары, конспект жазуды үйреніп, үлкен өмірге сеніммен қадам басады. Бірақ әттеген-ай деген тұстары бар. Ол–оқулық сапасы. Оқулықтың барлық баспасында: «Көкжиек», «Атамұра», «Мектеп»- грамматика жүйесіз берілген. Грамматикалық тапсырмалары аз. Бұрынғы оқулықта орыс тілі мен қазақ тілінің грамматикалық тақырыптары бағдарлама бойынша қатар жүретін, ал қазір ондай емес. Қазақ тілінен «Құрмалас сөйлемді» өтіп жатсақ, орыс тілінде мүлдем басқа тақырып. Өзге ұлт балаларына грамматиканы меңгерту қиынға соғып тұр. Мұғалім тек бағдарламамен шектелмей, қосымша материал беріп, оқушы сауаттылығымен жұмыс жасайды. Оқулықта жоқ материалды оқушы тез ұмытып қалады. Қиындық осы тұста болып тұр.
–Мемлекет басшысы қазақ тілін үйренуге ерекше ден қойып отыр, осы тұста білім саласында қандай өзгерістер бар?
–Биылғы 2023-2024 жаңа оқу жылынан бастап орыс мектептерінде 5-10-сынып оқушылары қазақ тілінен сыныптан сыныпқа көшу емтихандарын тапсырады. Бұның өзі оқушыға жауапкершілік жүктейді. 11-сыныптың мемлекеттік емтиханына грамматика енгізгелі тұр. Оқу бағдарламасына диктант, мазмұндама қосылады. Мұғалімдер бұл жаңалықты қуана қабылдады. Бұның өзі үкімет тарапынан мемлекеттік тілге деген қамқорлық деп түсінемін.
–Әңгімеңізге көп рақмет, оқушыларға сапалы білім беру жолындағы жұмыстарыңызға толағай жетістік тілеймін.
Сұхбаттасқан Жұмабай ЖАҚЫП,
журналист
10 қазан 2023 ж. 5 513 0