Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мамандығын кәсіппен ұштастырған

Мамандығын кәсіппен ұштастырған

Ол өзінің білімі мен меңгерген мамандығын кәсіпке айналдырған жан. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары екендігін білсе де  сөйлеу тілінің кеш дамып, зейіні тұрақсыз балаларға қолдау көрсетуді өзінің міндетіне балап, кәсібіне айналдырған Арал қаласындағы логопедиялық түзете–дамыту орталығының негізін қалаған кәсіпкер, логопед-дефектологЕлеубаева Назерке Бауыржанқызымен сұхбаттасқан едік.
         – Өзіңіздің меңгерген мамандығыңызды кәсіпке айналдыру идеясы сізге қайдан келді?
         – Мен жоғары оқу орнын бітіріп келген соң «Ұмай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығында еңбек жолымды бастадым. Өзіңіз жақсы білесіз, ол жерде әртүрлі диагнозы бар балалар келеді. Бастапқыда ерекше баламен жұмыс істеу қиын болды. Бірақ мен өз мамандығымды жақсы көрдім. Ылғи ізденіс үстінде жүрдім. Кейіннен қаладағы «Балдырған» балабақшасына жаңа қызметке орналастым. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істей жүріп, мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларға арналған жеке кабинет ашқан болатынмын. Содан бері де 8 жыл уақыт өтіпті. Бұған ең бірінші түрткі болған ауданның экологиялық ахуалы салдарынан ДЦП, дауын, сынды дәрігерлер тұжырым жасаған балалардың көптігі. Бұған қоса қазір дұрыс сөйлей алмайтын емес, мүлде сөйлемейтін балалар саны артып келеді. Ата-аналар баласын облыс орталығы, ірі қалаларға апарып, артық қаражат сарп етіп жатады. Сондықтан неге біз де осындай орталық ашпасқа деп ойладым. Және сол ойымды жүзеге асырдым.
         – Түрлі диагнозы бар балалармен жұмыс жасау үшін білім мен біліктілік қатар жүруі керек. Сіз өзіңіздің кәсібилігіңізді қалай шыңдадыңыз?
         – Ешқашан ізденуді тоқтатқан емеспін және тоқтапаймын да. Республика көлемінде өткен түрлі курстар, семинар-тренинг, форумдарға қатысып отырамын. Барлық нәрсе адамға тәжірибемен келеді. Алдыма келген әрбір балаға ең алдымен толық сараптама жасаймын. Қазіргі таңда сөйлемейтін, тілінде мүкісі бар балаларға қарағанда түсінігі аз, мүлде сөйлей алмайтын, зейіні тұрақсыз балалар көбейіп отыр. Мұндай балалар логопед-дефектолог маманға келмес бұрын бейімделген спорт арқылы ми клеткаларындағы дамуы баяулаған жасушаларды жандандыру керек. Жуырда ғана Алматыда өткен республикалық форумға қатыстым. Бұл маған үлкен тәжірибе алаңы болды. Соның нәтижесінде АФК яғни, бейімделген спорт арқылы бейімдеу, массаж кабинеттерін аштым.
– Бұл дегеніміз сіздің орталық үлкейіп, қызмет аясы кеңейіп жатқандығын білдіреді ғой. Орталыққа қанша бала келеді?
         – Иә, орталық кеңейді. Тұрақты түрде келіп ем алып жүрген 30 бала бар. Оларға диагнозіне қарай 5 маман қызмет көрсетеді. Ең алдымен балалар бейімделген спорт кабинетінде маманның түрлі жаттығулары арқылы ем-шара алады. Сонан соң балаға қайта сараптама жасалып, кейінгі белестерге өте беретін болады. Негізінен балаланың зейіні тұрақсыз болуы, сөйлей алмауы, денесі жетілгенімен, ой-өрісі мен сөйлеу аппаратының өз жасынан бірнеше жасқа кейін қалуын емдеудің ең оңтайлы жолмен жұмыстар жасау. Бұл жерде медицина мен педогогика біріге жұмыс істейді. Ең алдымен невропатолог тұжырымдама жасайды. Логопед-дефектолог соған сай жұмыс жүргізеді.
         – Бір баланы толық емдеп шығуға қанша уақыт кетеді?
         – Негізі бұл тікелей бізге байланысты деп қарастыру қате пікір. Біздің орталыққа келетін балалармен мамандар аптасына 5 күн, 45 минут жұмыс жүргізеді.Қалған уақытта біз ата-аналарға жаттығу кестесін ұсынамыз. Осы бойынша үйде қайталау керектігін ескертеміз. Бірақ өкінішке орай, кейбір ата-аналар орындамай жатады. Мұндай балалар үнемі жаттығуда болғанда ғана нәтижеге жету жақындай береді. Және бір ескеретіні, тоққа салып емдеудің қажеті жоқ. Казір көбі бірден нәтиже береді деген сеніммен көрші мемлекеттерге барып түрлі аппараттарға түсіп, екпе алып келіп жатады. Мұны уақытша жетістік дер едім. Жоғарыда айтқандай, балаға жаттығу жасау  арқылы сатылап дамытқанда ғана тұрақты нәтиже болады.
         – Өз мамандығыңызды толық меңгеріп, нәтижеге жетіп отырған маман ретінде алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңыз бар ба?
         – Әрине университет теориялық білім береді. Ал мамандықтың шыңына шығу үшін еңбек жолында кездескен әрбір ерекше баланың қажеттілігіне қарай іздену арқылы тәжірибе жинақтайсың. Жақында жұмыспен қамту бөліміне логопед-дефектолог мамандығы бойынша дипломы бар жастар болса қоғамдық негізде жұмысқа қабылдап, бар білгенімді үйретемін деп ұсыныс бердім. Егер ата-аналар мен қызығушылығы бар жастар тарапынан ұсыныстар түссе, қуана-қуана білгеніммен бөліскен болар едім.
         – Сөйлеу тілі кеш дамып жатқан балалары бар ата-аналарға маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
         – Бізде бала жасына сәйкес сөйлей алмай жатса оны «ой, еркеліктен» деп қабылдаймыз. Кешеуілдеп жатқан болар, кейін сөйлеп кетеді деп қараймыз. Бұл қате пікір. Қалыпты бала жасына сай сөйлей алуы керек. 1 жаста бала 10 сөз айта алуы қажет. Осылай көп ата ана уақытты кешіктіріп алады. Көпшілік ата-ана баланы 5-6 жасқа толған кезінде алып келеді. Бала сөйлеу үшін ең алдымен оның түсінігін дамыту керек. Эмоциясын орынды және дене мүшелерін мақсатты түрде қолдана алу қажет. Және көп ата-аналар тұрмыстық қажеттіліктен болар бәлкім, баланы жасқа толмай жатып жұмысқа қосылып кетіп қасында бола алмайды. Бала нағыз дамитын кезінде телефон мен теледидар қарап отырады. Осы кезде орыс, ағылшын, басқа да тілдегі бағдарлама, мультфильмдерді қарау арқылы санасында қабылдау тетігі сараланбай сансырап қалады.
         – Алда қандай жоспарларыңыз ба?
         – Орталықта әлі де жетіспейтін дүниелер бар. Соларды толықтырып, бар мүмкіндікті қарастырсам екен деймін. Нейропсихолог, интегративті педиатр сияқты мамандар қосқым келеді. Біздің қызметімізге мұқтаж бүлдіршіндерді дамыту ол маған үлкен шабыт әкеледі.
Осы кезге дейін қаншама баланы қалыпты қатарластарына қосылып кетуіне қолдау көрсеткенім үшін қуанамын. Аралдың балалары алысқа шабылмай бар қызметті бір жерден ала-алатындай орталық ашуды жоспарлап отырмын.
         – Мемлекеттік мекемедегі қызмет, кәсіп, отбасы  - шаршамайсыз ба?
         – Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң шаршау – заңдылық. Бірақ мына жақта менің көмегіме мұқтаж жандар қиналып жатса, оларды қалай түзетуді біліп тұрып қолдау көрсетуден бас тартып жатсам ол адамгершілікке жата ма? Менің негізгі мақсатым – бұл орталықтан табыс көзін табу емес, елдің алғысын алу. Ал қаражат еңбектің өтеуі, қажеттілік үшін ғана. Өзім көмектескен балалардың қуанышты жүзін көргенде, ата-аналарының алғысын естігенде, өзім де қуанышқа бөленіп шаршағанымды да ұмытып кетемін. Егер адам қаласа жұмысты да, кәсіпті де игеріп отбасында да бақытқа кенеле алады.
         – Әңгімеңіз үшін рахмет, еңбекте табысты болыңыз!
         Әңгімелескен Назерке Марат

13 қаңтар 2024 ж. 3 166 0