Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі

Аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Аудан көлемінде қызылша ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал мен алдын алу шаралары туралы» тақырыбында болмақ.
Сұрақ: Аудан тұрғындары арасында қызылша ауруынан қалыптасып отырған ахуалға тоқталсаңыз?
Жауап: 2024 жылдың алғашқы үш айында аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі өткен жылдың соңғы айларымен салыстырғанда біршама төмендеп, ауданда қызылшадан эпидемиологиялық ахуал «тұрақты» деп бағаланды. Сәуір айының алғашқы 10 күндігінде қызылшаның жалпы 5 жағдайы тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың негізі бөлігін 1 жасқа дейінгі үй күтіміндегі балалар құрап отыр. Оқушылар мен балабақша балалары арасында тіркелген жоқ. Қазіргі кезде қызылша ауруы едеуір азайды, дегенмен күніне 1-2 науқас есепке алынып , ауруға байланысты тиісті шаралар атқарылып келеді.
Сұрақ: Жалпы қызылша ауруы-қандай ауру, осы жөнінде қысқаша мағлұмат берсеңіз ?
Жауап : Қызылша-бұл вирус тудыратын, ауа тамшылары арқылы берілетін жедел жұқпалы ауру. Көптеген ғасырлар бойы өлім-жітімнің жоғары болуына байланысты қызылша балалар арасында ең қауіпті аурулардың бірі болып саналды. Егер бұрын қызылша балалар инфекциясы болса, бүгінде онымен ересектер де ауырып,инфекция барлық жастағы адамдарды да қамту. Қазіргі кезде ересектердің үлесіне жаңадан анықталған науқастардың 40% келеді. Инфекция науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100 % дерлік жұқтыруы мүмкін. Қызылшаның қоздырғышы-вирус өте құбылмалы: адам қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмай, онымен үйде болу арқылы жұқтыруға болады.
Инкубациялық кезең 7-ден 17 күнге дейін созылады. Науқас инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің 4-ші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде айналасындағы адамдарға жұқпалы болады. Катаральды кезеңде қызылшаның бастапқы белгілері респираторлық инфекция түрінде байқалады, яғни дене қызуының 38,0 0 - 390 С, кей жағдайда 400 С-қа дейін көтеріліп,бас ауырады, жөтел,мұрыннан су ағып, тамақ ауырады.Ұйқышылдық пен тез шаршау , әлсіздік пайда болады. Бұл белгілерден соң науқаста қызылшаның негізгі симптомдары-тістердің түбінде аузында айналасы қызарған ерекше бөртпелер пайда болады. Осы бөртпелерге қарап ауруды ерте диагностикалауға және науқасты уақытылы оқшаулап, дер кезінде емін беруге болады. Бөртпелер бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады,одан кейін дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін бүкіл денеге тарайды.Ұсақ қызғылт бөртпелер тез арада үлкейіп , формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелерден кейін қоңыр дақтар қалады, олар екі аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады.
Сұрақ : Қызылшамен ауырмас үшін әрбір аудан тұрғыны аурудың алдын алу шараларын, сақтық шараларын білгендері дұрыс. Қазіргі таңда аудан бойынша Сіздер тараптарыңыздан қандай іс-шаралар атқарылуда, сол жөнінде айтсаңыз?
Жауап: Соңғы онжылдықтарда әлемде қызылша ауруы осы инфекцияға қарсы вакцинацияның арқасында жүздеген есе төмендеді. Аурудан сақтанудың бірден -бір,тиімді жолы- осы жұқпаға қарсы ектіру. Алғашқы егу шарасы баланың 1 жасында және қайталап егу 6 жасында, баланың мектепке барар алдында жүргізіледі. Қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс. Қазіргі кезде республика бойынша 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына байланысты жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында қосымша жаппай иммундау жұмысының ұйымдастырылып жүргізілуі де балалар арасында қызылша ауруын азайтуға көп әсерін тигізуде.
Арал ауданында қызылшаға қарсы қосымша егу жоспары бойынша 6 ай-10 ай 29 күн аралығындағы балаларды 1125 бала егілуге тиіс болса, бүгінгі таңда 1108 бала егілді, яғни 98,5 пайыз, 2-4 ж.11 ай 29 күн аралығындағы жоспарланған 5250 баланың егілгені-5261, яғни 100,2 пайыз, медицина қызметкерлері жоспар-297, орындалғаны-297, яғни 100 пайыз, толықтыра иммундау жоспар-747, егілгені-860, яғни 115,1 пайыз. Аудан бойынша қызылшаға қарсы жаппай егу жоспар бойынша 7419 адам, орындалғаны-7526, яғни-101,4 пайыз. Қызылша ауруына қарсы жаппай иммундау шарасы ары қарай жалғасуда.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, аудан тұрғындарына балаларыңызды қызылша ауруынан сақтаудың бірден-бір жолы-осы жұқпаға қарсы ектіру екенін айта келіп, баланың ауырмай, дені сау боп өсуіне әрбір ата-ана жауапты екенін тағы да естеріне салғым келеді.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан:  К. ӨТЕПБЕРГЕН
Фото: ​el.kz​​​
12 сәуір 2024 ж. 3 839 0