Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың кең көйлегін кәсіп еткен

Қазақтың кең көйлегін кәсіп еткен

«Біз ұлттық киімді тек Наурызда ғана емес, жай күндері де киіп жүруіміз керек» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бәрімізге аян. Бүгінде көркі көз жауын алатын сол ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, сатылымға шығарып, жалға беруші кәсіп иелері көп. Олардың көбі жастар екені тіптен көңілге қуаныш ұялатады. Біз де қалыс қалмай, бүгінде ұлттық нақыштағы сән әлемін дәріптеуші жандардың бірі Шолпан Молдабаевамен сұхбат жүргізген едік.
–Қайырлы күн, Шолпан Болатбекқызы! Сұхбатты өзіңізбен таныстықтан бастасақ...
–Мен негізі Қызылорда қаласының тумасымын. «Қыз мұраты – кету» дегендей, 2016 жылы жолдасым Молдабаев Ермекке күйеуге шығып, Арал қаласының келіні атандым. Бүгінде 3 баламыз бар, бақытты, жас отбасылардың біріміз.
–Негізгі тақырыбымыздың арқауы болып отырған тігін өнеріне қалай келдіңіз?
–Өзім жастайымнан анамның үйде қолы қалт ете қалса керек-жарақты тігетінін көріп өскем. Ешқандай тігіншілік білімі болмаса да жақсы тігетін.Соның да әсері болса керек, кішкентайымда киім болмаса да, әртүрлі затты өзімше тігіп көрітенмін. Кейіннен киім тігу ісіне өз қызығушылығыммен келдім. Алғашқы декреттік демалысқа шығып, ана атанған соң қазақтың салтымен тұңғышымызға «тұсаукесер» рәсімін өткізетін болдық. Өзім үйде отырған соң барлық керек-жарақты әдемі етіп, қолмен тігіп шығуды жөн санап, арнайы киімді, жолына төсейтін жаюын, рәсімге қажетті басқа да заттарды қолдан тігіп шықтым. Өте сәнді болып шықты. Одан кейінгі екі балама да барлығын өзім дайындап, тұсаукесер дәстүрін атап өттік. Міне, кәсіп бастауыма осы жағдай себеп болды.
–Қазіргі таңда ісіңіз қалай өрбіп жатыр? Халық арасынан қызығушылық танытатындар көп пе?
–Халықтан сұраныс өте жоғары деңгейде. Бүгінде ұлттық салт-дәстүрлер жақсы дәріптеліп келеді. Бұрынғыдай емес, барлық ата-ана қазір жаңа туған сәбиінің қырқынан шығаруынан бастап дастархан жайып, атап өтеді. Сондай сәттерде сыйлық ретінде болсын, уақытша жалға алуға болсын қазақы нағыштағы киімге сұраныс көбейеді. Мен де соған сай қазір 1-7 жас аралығындағы балаларға «тұсаукесер», «сүндет той» рәсімдеріне арналған, арнайы фотосессиялар үшін киімдер тігемін. Жақында «қырқынан шығару» рәсіміне арналған ұлттық нақыштағы жинақты жасап шығаруды қолға алдым.
–Қазақы киімдерге ең көп сұраныс болатын уақыт деп қай кездерді атауға болады?
–Негізі, мезгілге қарамай жиын-тойларға арнап тапсырыс берушілер жетерлік. Соның ішінде, айтып өткенімдей, балалар киіміне тапсырысты көп аламын. Әдетте, Наурыз мейрамы қарсаңында мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері мен қарапайым халық арасынан да тапсырыс көп болатыны белгілі. Дегенмен соңғы жылдары Бірлік күні, Білім күні сында мейрамдар уақытында да тапсырыстар түсуде. Ол уақытта уақыт тапшы болып, үлгере алмайтын сәттер болып тұрады. Бірақосыншама қызу жұмыс қазақылықтың ұлт санасына, қазіргі қоғамға жақсы сіңе бастауынан деп ойлаймын және ондай уақытта көңілімді қуаныш кернейді.
–Кәсіпкерлерге арналған арнайы мемлекеттік қолдау туралы айта өтсеңіз. Өзіңіздің көзқарасыңыз қандай және олардың пайдасын көрдіңіз бе?
–Мемлекеттің қолдауы кәсіпкерлерге үлкен көмек екенін ашық айту керек. Әсіресе біз сияқты жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Олай дейтінім, мен өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 225 200 теңге грантқа ие болып, 3 арнайы машина мен өзге де қажетті заттар алған болатынмын.Бұлар менің жұмысымның жандануына үлкен көмек болды.
Алғашқыда жай ғана 1 жастағы балаларға арналған киімдерді тігуден бастау алған кәсібім бүгінде отбасылық киімдерге дейін өсті. Арнайы тігін машиналарының арқасында дайын ою-өрнекті жапсырып емес, қолдан тігіп, сапаға жұмыс жасаймын. Түрлі камзолдарды тігемін. Және жақында жакет, костюм секілді жеңіл сырт киімдерді де қазақы нақышта тігіп бастауды қолға алып жатырмын.
Бәрінен бұрын тапсырыс берушілердің алғысын алудан артық қуаныш жоқ. Олардың риза көңілі мен бірер сөзі маған ерекше мотивация береді.
–Жалпы қазіргі таңдағы қазақылықтың жандануына пікіріңізді айта өтсеңіз...
–Ұлттың ұлт болып қалуы оның барлық ата қасиетін сақтап қалуына тікелей байланысты деп ойлаймын. Расымен де, қанша жерден Батыс мәдениетіне еліктесек те, олардан көргенімізді қайталап жасасақ та, біздің қанымызға сіңген қазақылық бәрібір көрініс тауып шығады. Ұлттық нақыштағы кең көйлек, ұлттық ас мәзірі, ұлттық ойындар, қазақтың ертеден келе жатқан ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрі барлығы біздің өміріміздің бір бөлшегі болып қалуы керек деп ойлаймын. Сонда ғана Мәңгілік ел, Мәнгілік Қазақстан түсінігі мәнді болмақ.
–Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлмарал САҚТАПОВА
22 шілде 2024 ж. 648 0