Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың қуанышына себепші кәсіпкер

Баланың қуанышына себепші кәсіпкер

«Жұмысы жоқтың – ырысы жоқ». Расында қазақтың әр тәмсілінде терең мағына, оймақтай айтар ой жатады. Осы бір ауыз сөздің өзінде қарекет қылғанның қарны тоятынын анық байқауға болады. Еңбек етемін, табыс табамын деген жанның ырысы молая түсетіні даусыз. Қазіргі уақытта осындай еңбекке ынталы, заманға, бәсекелестікке қабілетті жандарды қолдау еселенген уақытта алға ұмтылғандар еңбегінен береке табатын кез туындап тұр.
Әсіресе солардың қатарында жастардың үлесі күн санап артып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Қоғамның бүгінгі беталысына бейімделген, заманауи жаңалыққа жақын, өзіндік тың ойдың, бастаманың қозғаушылары бола алатын жастар ауданымызда да көп. Солардың бірі қаламыздың тұрғыны, бүгінде жас кәсіпкер атанып, өз ісін өрге дөңгелетіп отырған – Шолпан Молдабаева.
Шолпан Болатбекқызы Қызылорданың тумасы. Қазірде Аралға келін болып отырған кәсіпкер жастайынан тігіншілікке құштар болып өсті. Бұл бағытта арнайы білімі болмаса да, қыз күнінен қолына ине ұстап, көйлек пішіп, киім тігуге әбден машықтанады. Анасы да құралақан болмаса керек. Жанында отырып үйренгенін бүгінгі уақытта боламын деген бала үшін үлкен мүмкіндік тудырып келе жатқан ғаламтор арқылы тігіншіліктің қыр-сырын меңгереді.
Кейіннен келіндік міндетімен қоса өнерін де қатар алып жүрді. Қолы қалт ете қалса тігінге ден қойып, декреттік демалысында өзіне қажетті, жақындарына керекті дүниелерді тігіп жүрді. Алғашқы перзенті дүниеге келіп, тәй-тәй басқан уақытта оның қуанышын атап өтпек болып, тұсаукесер рәсіміне өзі дайындық жасады.
– Әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт бар ма?! Солардың қызығы, қуанышы үшін, бақытты ғұмыр кешуі үшін тіршілік етеміз ғой. Мен де тұңғышымыздың алғаш қадам басып, жүруге талпынған сәтін ерекше етіп атап өткім келді. Осылайша оған арнайы киім тігіп, жолына төсейтін жаюын, рәсімге қажетті басқа да заттарды қолдан тігіп, киіндірдім. Өте сәнді болып шықты. Одан кейінгі екі балама да барлығын өзім дайындап, тұсаукесер дәстүрін атап өттік. Міне, кәсіп бастауыма осы жағдай себеп болды, – дейді.
Балақайлардың қуанышына жиналған жақын-жуық Шолпанның бұл өнерін көріп, қолқа салады. Олардың өтінішін жерге тастай алмаған кәсіпкеріміз өзінің сыңарының, өзге де жақындарының балаларына киім мен тұсаукесерге қажетті жабдықтарды әзірлеп береді. Осы тұста олар кейіпкерімізге ой салады. Қолдан келетін істі неге кәсіпке айналдырмасқа деген оймен, аудандық кәсіпкерлер палатасының көмегін пайдаланып кәсіпке бет бұрады.Осылайша былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 225 200 теңге грантқа ие болып, өз кәсібін бастады.
– Мемлекеттің қолдауы кәсіпкерлерге үлкен көмек екенін ашық айту керек. Әсіресе біз сияқты жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Олай дейтінім, мен сол грантты жеңіп алып, 3 арнайы машина мен өзге де қажетті заттарымды алдым. Бұлар менің жұмысымның жандануына үлкен көмек болды. Қазіргі уақытта осы тұсаукесер рәсіміне қажетті барлық заттарды өзім дайындап отырмын. Баланың алдына төсейтін жаю, оның киетін киімі мен шарлар, есімі жазылған баннер, ала жіп пен тұсау кесетін шышақты әшекейлеу, барлығын өзім әзірлеймін. Бірақ дәл қазіргі уақытта тек жалға беріп келемін, – дейді.
Сонымен қатар соңғы күндері басқа тағатын үкілі брошкаларға да тапсырыс қабылдап, сатылымға шығарып жатыр.
Көздеген кәсібіне қол жеткізген Шолпан жоспарларын да жасырмады. «Қазіргі таңда 1-2 жасар балаларға ғана арнап киім тігіп жүрмін ғой. Бірақ тапсырыс түрлі бағытта түсіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта барлық жастағы балаларға киім тігіп, тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз еткім келеді. Мәселен, сүндет той, тілашар секілді түрлі балаларға арналған дәстүрлеріміз бен рәсімдерімізге тапсырыс бергісі келетіндер көп. Ең бастысы, өз брендімді қалыптастырып, өнімдерімді сатылымға шығарғым келеді» дейді.
Жас кәсіпкер жергілікті өнімді дамытатынына біздің де сенім мол. Қашанда өнердің ордасына айналған Сырда туған Шолпанның өнеріне өзгелер де сүйсіне қарасын дейміз.
О. ЖОЛДАСОВ
31 қаңтар 2023 ж. 208 0