Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас кәсіпкер қаламыздың дамуына үлес қоспақ

Жас кәсіпкер қаламыздың дамуына үлес қоспақ

Жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтарға қай кезде болмасын мемлекет тарапынан қолдау көп екені белгілі. Осы тұста кәсіпкерлік аясын кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестиция тарту көлемін арттыру мақсатында аудан көлемінде біршама жұмыстар атқарылып келеді. Таяуда ауданда алғаш рет «Арал Инвест» форумы өткен болатын. Атаулы форумға кәсіп бастаймын деген біршама адам қатысып, бақ сынасқан еді. Соның ішінде үш үміткер қазылар алқасының оң шешімін алып, жүлдеге ие болды. Жүлделі орынға ие болған жас кәсіпкер Нұрсұлтан Дәуірханұлы бастағалы отырған кәсібі жайында:
– Бүгінде қаламыз күннен күнге көркейіп, дамып келеді. Қаланың 95 жылдық мерейтойы аясында да біршама жұмыстар атқарылып, оң нәтижесін берген еді. Ендігі кезек те қазіргі кәсіпкерлерге беріліп жатқан мүмкіндікіті пайдалану мақсатында мен де қаланың дамуына өз үлесімді қосқым келді. Негізі қала көшелерінің сәнін келтіретін ондағы асфальт жолдар мен жарық шамдар екені анық. Осы тұста мен байқауға көшені «Жарық диодты тротуар» шамдарымен қамтамасыз ету туралы жоспар ұсындым. Жоспарымды  қазылар алқасы мақұлдады. Бұл шамдар біздің қала көшелерінде жоқ. Тіпті мүлде болмаған. Ол көшелерді, жолдар мен тротуарларды жарықтандыруға, қоғамдық орындарда қозғалысты ұйымдастыру, сонымен бірге жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру үшін қалалық дизайнда тиімді қолданылады. Атаулы шамдар қараңғы көшені жарықтандырады, сондай-ақ қараңғы көшелердегі қауіпті жағдайларды азайтады десем де болады. Аталмыш құрылғы 50 градус ыстықта да, 30 градус суықта да істен шықпай, жұмыс істей береді. Жанып тұратын жаяу жүргіншілер жолы қаланың ең маңызды нүктелеріне орналастырылады. Мәселен, сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарына жақын жерлерге қойылады. Бұл шамдар көше қиылысындағы жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында орналастырылмақ. Сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдар мен ұялы телефоннан бас көтермейтін адамдар үшін де тиімді болмақ, – деді жас кәсіпкер.
Жоба иесінің айтуынша, диодтың ұзындығы мен ені 100 мм, ал қалыңдығы 40 мм құрайды. Мұндай жарықпен қамтылған жаяу жүргіншілер өткелі – біздің қала тұрғындары үшін өте қажет.
Иә, ертеңгі ел болашағы – жастар қолында екені анық. Бүгінгі жастардың да  талғамы дамыған технология жағынан өте жақсы жетілген десек те артық болмас. Осы мақсатта қаламыздың көркейуі жолында атаулы жоспарын ұсынған Нұрсұлтанға алдағы уақытта кәсіби табыс пен сәттілік тілейміз!
А.НҰРЛАНОВА
15 қараша 2022 ж. 535 0