Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сабын шығаруды қолға алған аралдық азамат

Сабын шығаруды қолға алған аралдық азамат

«Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды». Бұл сөздің төркінін әркім өзінше бағамдар. Бірақ қарекет қылған адамның қарны да, көңілі де тояды. Әр сөздің астарын терең оймен айта білген қазақтың бұл тәмсілінде де тәрбие барын көріп, біліп келеміз.
Расында солай. Талап қылып, алға талпынған азаматтарға бүгінде мүмкіндік көп. Бұл мүмкіндіктер алдағы уақытта да әрі қарай жалғасын табатыны ақиқат. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да басты назарындағы кәсіпкерлік саласы бүгінде біз айтқан азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
– Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Аймақтардағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, – деген болатын ел Президенті.
Міне, аймақтарда, өңірлерде кәсіпкерлікті жан-жақты дамытып, түсіндіріп, халыққа тиімді жағын насихаттап келе жатқан, сондай-ақ кәсіп бастаушыларға таптырмас мүмкіндік тудырып келе жатқан аудандық кәсіпкерлер палатасының жұмысы жүйелі. Соған бір дәлел жуырда ғана Аралдан ашылған «Aral sabyn» бренді. Кәсіп иесі Нұртай Бозғұлов «Ұлттық жоба» шеңберінде қайтарымсыз грант жеңіп алып, ауданда алғашқы рет сабын шығару жұмысын бастады.
1993 жылы туған жас кәсіпкер осы уақытқа дейін кәсіппен айналыспаса да, осындай тың бастаманы бастауға тәуекел етіп, қазіргі уақытта мемлекеттің қолдауын пайдаланып, Алматы қаласынан сабын жасауға арналған екі техника алдырған. Осы техникалардың көмегімен бүгінгі таңда алғашқы өнімдерін дайындап шығарып жатыр.
– Кір сабынның құрамы өте оңай. Өсімдік майының, малдың майының қалдығы, каучук соданы қолданамыз. Жасалу жолы да аса қиын емес. Араластыратын қоспаларды мөлшерімен қосып, барынша араластырған соң, нығыздап, оны сабынның пішініне келтіретін құрылғыға ауыстырамыз. Бірақ шикізатты сырттан алдырып отырмыз. Алматыдан, Ақтөбеден алдыруға тура келеді. Оған да себеп бар. Өйткені біз жақта олардың бағасы қымбатқа түседі, – дейді кәсіпкер.
Расында қай уақытта да сұраныстан түспейтін тауардың түрін таңдаған жас кәсіпкер алдағы уақытта өз өнімін нарыққа шығару жолын да қарастырып қойған. Қазірде базар нарығындағы бағадан төмен бағада тұтынушыларға ұсынуды көздеп отырған жас кәсіпкердің болашақтағы жоспары да ауқымды.
Ол жайлы Нұртай Малкаждарұлы:
– Әзірге басты мақсат – сапалы өнім шығарып, тұтынушылардың көңілінен шығу. Қай өнім болса да бағасына сапасы сай болғаны дұрыс қой. Бірақ тек сабын өндірумен ғана шектелмейміз. Алдағы уақытта сұйық сабын мен жуынуға, жууға арналған гельдер шығаруды да жоспарлап отырмыз. Бәрін уақыт көрсетеді, – дейді.
Алдыға мақсат қойып, сол мақсатқа жетудің жолын таба білген жас кәсіпкерге біз де сенім артамыз. Өзінің сүйікті ісін істеген адам емес, өз ісін сүйіп істеген адам ғана бақытқа бөленеді деген емес пе?!
О. ЖОЛДАСОВ
24 қаңтар 2023 ж. 484 0