Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынболат ҰЗАҚБАЕВ: «Ақұдайлар» әні тектіліктен туған туынды

Шынболат ҰЗАҚБАЕВ: «Ақұдайлар» әні тектіліктен туған туынды

«Туыстықты жүрегімде тербетем,
Ел бірлігін ойламаған ер ме екен?!
Кейде бізді әзіл-шыны аралас,
Ақұдайлар аудандары дейді екен» деген өлең жолдары барша Арал, Қазалы өңіріне таныс. Сөзін Рүстем Жанай, сазын ақын, композитор Шымберген Сүлейменов жазған ән бүгінде теңізді өлкенің әнұранына айналғандай. Жақында сәті түсіп, ән орындаушысы аралдық жас әнші Шынболат Ұзақбаймен сұқбаттасқан болатынмын.
Өнеріңіз көпшілікке таныс. Өнер жолындағы позицияңыз, ұстанымыңыз қандай?
– Әрине, әрбір жанның өмірде де, өнер жолында да өзіндік позициясы болады. Менің ұстанымым – заманауи әндерді қазақы нақышта орындау. Көп жағдайда қоңыр үнді әншілер жаңа ән табуда, орындауда қиналып жатады. Ал мен кез келген жанрдың әнін айтуға бейіммін. Сондықтан жаңа леп әкеліп, заманауи әндер мен қазақы әндерді қиыстырып айтып, жұмыс істеп келемін. Еңбегіміздің талғампаз тыңдарманға ұнары сөзсіз.
 Өнердегі ұстазыңыз Өмірқұл Айниязов екен. Жалпы шығармашылықты таңдауыңызға не түрткі болды, отбасыңызда басқа да өнер адамдары бар ма?
 Бала күнімнен «МузАРТ» триосын, «Жігіттер» квартетін тыңдап өстім. Олардың теледидардан ән шырқағанын көргенде, мен де қолыма пультті ұстап ән айтқандай болатын едім. Кейін келе мектеп кезінде музыкант ағайлардың жанынан шықпайтынмын. Музыкалық аппараттармен кішкене жұмыс істеудің сәті түссе, құр жібермеймін. Осының барлығы менің қызығушылығымды арттыра түсті. Өнер жолын таңдауымның басты себебі осы дей аламын.
Жалпы отбасымда өнерге бейім адам жоқ. Бәрі спорт, денсаулық саласына жақын жандар. Дегенмен қолына аспап түссе «әу демейтін қазақ жоқ» дейді ғой. Менің өнерім де осы қаннан келген қазақылықтың бір көрінісі.
Өмірқұл Айниязов ағамыздың шәкіртімін әрі жерлес інісімін. Ол кісінің тәлімін алдым. Бірнеше туынды шығару барысында дауыс жазуда оның дыбысын тазалап, өңдеуге атсалысқан болатынмын. Қазір де ағамнан жұмыс барысында көптеген дүниені үйреніп жатырмын.
– «Ақұдайлар» әні аралдықтардың әнұраны іспеттес болды. Ән жағымды, дегенмен өлең сөзі рушылдық бөліністі тудырады деп ойламайсыз ба?
– «Ақұдайлар» әнін «Сейхун» тобы болып орындағанбыз. Бүгінде ол әнді бірнеше әншілер орындап жүр. Әннің сөзі Рүстем Жанай, сазы Шымберген Сүлейменов ағамыздың жазуымен шыққан туынды. Туған жерімізге құрмет, сүйіспеншілік сезімдерінен туып, орындалған болатын.
Рушылдық мәселесіне келсек, меніңше, әр ауыл, әр елдің өзіндік әні бар. Патриоттық сезім алдымен отбасынан басталып, ауыл, кейін келе еліңе туады. Осылайша өзіңнің еліңе жасаған қызметті мақтанышпен айта аласың. «Ақұдайлар» әні түбінде де рушылдық бөлініс емес, керісінше тектіліктің, патриоттық сезімнің лебі жатыр. Яғни әнді тектіліктен туған туынды дей аламын.
– Өлеңді орындаушы «Сейхун» тобы біршама танылып қалған еді. Топтың тарауына не себеп болды, қазіргі таңда шығармашылық жолдарыңыз қалай болып жатыр?
 Иә, бірнеше жыл бұрын «Сейхун» тобында дуэт болып, 8-9 жыл өнер көрсеттім. Қазір жеке орындаушымын. Себебі жанымдағы жолдасым мен менің талғамымыз әртүрлі болды. Қай жұмыстың болсын, өзіндік қыр-сыры болады ғой, бізде де өлеңді таңдау, оны жазу барысында қиындықтар туатын. Стиль, дауыс ырғағы, дауыс характері екі түрлі, оны біріктіру де көп күшті қажет ететін. Сондықтан бірнеше жылдық еңбегіміздің нәтижесі жарқын болмады. Оның үстіне топ болып ұзақ жүрудің де өзіндік қиындығы бар. Сондықтан екіжақты келісіммен жеке әнші болуды жөн санадық.
Бүгінде екеуміз де өнер жолындамыз. Арамыздағы сыйластық, достық сақталған.
– Жастар мен әншілер арасында фонограмма мәселесі туралы көзқарас қандай?
– Фонограмма – бәріміз білетіндей, жазылған дыбысты сахнада орындап шығу. Қазіргі таңда концертте болсын, тойда болсын музыкалық аппаратура жақсы. Оның үстіне халықтың да талғамы өсіп келеді. Қарапайым жандардың естуі, музыканы ажырата білуі, фонограмманы тануы жоғары деңгейде. Сол себепті қазір фонограммамен өлең айту азайып келе жатыр.
  Жанды дауысқа халықтың да сұранысы, қолдауы жоғары. Кез келген жерде жанды дауысты бір әншіні сахнаға қайта шақырып, бірнеше ән сұрата алады, оларды шынайылық үшін құрметтейді. Сондықтан өзім қандай өнері адамы болсын, өзінің таза дауысын, таза еңбегін жарыққа шығару керек деп есептеймін.
Арал ауданы туралы, туған жер туралы ыстық ықыласыңыз, естелігіңіз болса бөліссеңіз...
– Мен Арал ауданында туғанмен, Қызылорда қаласында өскенмін. Балалық естелігім де осы қаламен байланысты. Дегенмен той, концерт кезінде Аралға жиі барып тұрамын. Онда да достарым, таныстарым өте көп. Бәрі қуана қарсы алып, қонақ етеді.
Қазір шығармашылық жолында оңтүстік астанадамын ғой. Бірақ Қызылордаға жолым түссе, міндетті түрде туған жеріме соғып, сәлем беріп қайтамын.
 Алдағы уақытта шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болмақ?
– Алда жоспарлар өте көп. Соңғы екі айдың өзінде 5 ән, 3 клип түсіргенмін. Оның соңғысы осы айдың басында жарыққа шыққан  «Хәлің қалай?» әні.
Жақында «Aspan FM» фестивалінде ән шырқадым. Сол секілді бірнеше телевизиялық жобалар да күтілуде.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлмарал САҚТАПОВА
14 қыркүйек 2024 ж. 282 0