Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ұйқым келмейді"

"Ұйқым келмейді"

Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп бекер айтпаса керек. Халқымызда нәресте дүниеге келгенде «бесік жырын» айтып әлдилеп қарсы алады. Ал адам дүниеден өтер сәтте «жоқтау» айтып шығарып салатыны анық. Қазіргі жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба салтынан аттамауы болып табылады. Міне, адам өмірінде орын алатын кез келген сәттерді сақтаудың өзі адалдықтың айқын көрінісі. Сонымен бірге қазақ халқының рухани жәдігерлерінің бірі осы – дәстүрлі ән өнері. Сан мыңдаған жылдан бері бүгінге дейін дамып, өзіндік орнын қалдырған ән өнерінің де тарихы жетерлік.
Халқымыздың бізге жеткен ән-жыр нұсқаларының көпшілігі қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көшбасшылары, ақын Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай және тағы да басқа дарын иелерінің мұралары болып табылады. Қазақ әндерінің өзінше көркемділігі, сөздерінің мән-мағынасы адам санасына айтарлықтай әсер ететін. Тіпті өскелең ұрпаққа да тәрбиелік мәні зор әндеріміз баршылық. Дегенмен бүгінгі технология шарықтап дамыған заманда кей әншілерімізге небір қымбат аппаратурамен жабдықталған, жарық эффектісі сан құбылған сахна қажет. Ал оларды тыңдайтын тыңдарман саны 2000-нан кем болмау керек. Сондағы айтатын әндерінің мән-мағынасы түгілі, сөздерінің өзін түсініп алу қиын.
Абай атамыз айтпақшы: «Әннің де естісі бар, есері бар...» дегендей, есті әнді сирек тыңдайтын болдық. Соңғы кездері еліміздегі киелі сахна төрінде бейәдеп әрекет жасайтын өнер иелері көбейіп кетті. Атақ пен даңққа ие болғандары соншалық, халықтың ызасын келтіріп, сахна мәдениетін сақтамайтын да болды. Тіпті өзін өнерпазбын деп жүрген кейбірі ән мен бидің ара-жігін ажырата алмай жүргендей. Яғни сахна төрінде ән айтып жүріп, жұлқынып билей салады. Бүгінгі заманның сахна стилі сондай болар, бәлкім. Алайда сахна мәдениетін сақтағанымыз да жөн болар еді. Ол былай тұрсын, сөзі түсініксіз «Ұйқым келмейді» әні елді бір дүрліктірген болатын. Сонымен бірге атаулы ән интернетте миллион қаралым жинап та тастаған еді. «Ұйқым келмейді» әнін орындаушы Алина Шакиева «1001 түн» бағдарламасына сұхбат берген екен. Әнші негізінен Мәскеуде туып-өскен. 17 жыл Ресейде тұрған қандасымыз мектеп бітіріп, елге оралған. Бүгінде Алина қазақ тілін үйрену мақсатында арнайы мамандардан сабақ алып жүр екен. «Әнімнің хит болғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. «Ұйқым келмейді» әнін жақсы тыңдап жатыр. Әрине, мен қуаныштымын. Музыкасында, сөздерінде адамды тартатын нәрсе бар деп ойлаймын» деді Алина сұхбат барысында. Сонымен қатар қандасымыз әнші болуды бала кезінен армандаған екен. Ең алғашқы әні 5 жыл бұрын тыңдармандарға жол тартып, ал екінші әні елімізде танымал болып кетті. Айта кетер болсақ, «Ұйқым келмейді» әнінің сөзін Рамазан Амантай және әуенін Диана Исмаил жазған. Атаулы ән түрлі әлеуметтік желі беттерінде кеңінен таралып, әр тараптан көптеген пікірлер жинаған болатын. Иә, бірі бұл әнді қолдап жатса, енді бірі даттап жатыр. Ал әннің сөйлемдеріне мән беріп қарайтын болсақ, «Қош бол деп айттың, тағы да бірдеңе дедің. Сен менен кеттің, кетсең де, күнде көремін. Ойлаймын көктен сүйікті жұлдызым ағып. Әлемді мынау бөлмеме кіргізіп алып» деген өлең жолдары бар.
Заманның өзгергені ме, әлде адамның өзгергені ме? Егеменді ел болып, ашық аспан астында күн кешіп жатқан біздер үшін өз тілімізде айтылып жүрген әндерді түсінбеу әрине дұрыс дүние емес. Келешек ұрпақ тәрбиесін басты назарға алып, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпағанымыз жөн. Өз тіліміздегі түсінікті әндерді қолдап, киелі сахнамыздың қадірін кетірмегеніміз де дұрыс.

А. НҰРЛАНОВА
20 қыркүйек 2022 ж. 368 0