Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғұмыр-Ахмет: "Менің досым" Менің досыма арналған

Ғұмыр-Ахмет: "Менің досым" Менің досыма арналған

"Сүрейік біз бірге қағып қос қанат,
Сенің жауың маған дұшпан қас болад.
Мына біздің достығымыз секілді,
Баламыз да бір-бірімен дос болады.
Тілеймін шын басыңа бақ қонсын деп,
"Өмірде тек жақсылықтар болсын" деп.
Бізді құдай қосқан шығар досым-ау,
Мына адамдар шын достықты көрсін деп" – деген "Менің досым" әні баршаға таныс болар. Шындығында жас талғамай жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын әуеніне айналған бұл ән достықтың бағасын көтеріп, сыйластыққа құралған қатынастың ғұмырлы болуына шақырып тұрғандай көрінеді. Біз бүгін осынау жұрт біткенге жақын таныс дүниенің авторларымен таныстырмақпыз. Орындаушысы әрі сазгер Айбек Қайбулланының жеңіл, жағымды ырғағына сөз жаз жазған ақын азамат қазірде Аралда, арамызда жүр. Ол өзгеше өнер иесі, есімі де ерекше Ғұмыр-Ахмед Нәден.
– Ғұмыр-Ахмет, өзіңмен сұқбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Көпшілік сахнадағы жандардың жарқын болмысын жақсы танып жатады. Бүгін өзің жайлы сұрасақ деп отырмыз.
– Сұқбатқа шақырғандарыңызға рақмет. Мен көршілес Қазалының тумасымын. 2000 жылдың 7 қыркүйегінде Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылында дүниеге келдім. 2018 жылы туған ауылымдағы №190 орта мектепті бітіріп, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік Универстиетінің "Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану" мамандығына оқуға түстім. Сол оқу орнын аяқтап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университетін "психология" мамандығы бойынша магистрлік дәрежемді қорғадым.
Алайда бүгінгі таңда жеке кәсіп ашып, Арал қаласында "Тұран" сауда үйінде жеке кәсіппен айналысудамын. Ата-анам, жұбайым бар.
Қай кезден де малы қоралас, жаны аралас бұл екі ауданды ешкім бөліп-жарып қараған емес. "Әу" бастан "ақұдайлар" мекені атанған Арал мен Қазалының батырлары да, ақындары да, басқа өнер иелері де ортақ. Еншісін бөліспеген бауырдай тығыз байланыста. Сондықтан Арал да менің бір ауылымдай.
– Енді тақырыптың төтесіне көшейік. Барлық қазақ сүйіп тыңдайтын, танымалдығы жағынан көшілгері тұрған "Менің досым" әнінің шығу тарихы жайлы айтсаң. Кімге арналды, жарық көруіне не түрткі болды?
– Сол күн әлі есімде. 2023 жылы 14 мамыр күні сағат түнгі бірлер шамасында досым қоңырау шалып, өз әніне сөз жазып беруімді сұрады. Әннің әуенін тыңдай шықтым. Түнгі тыныштық ақынның ойына, өлеңнің тууына тиімді кез ғой. Әуен де ұнай кетті. Соның ырғағымен бас-аяғы 1-2 сағат көлемінде "Менің досым" әнінің сөзі дайын болды. Досымның сұрауымен жазылған бұл ән адал достықтың белгісі ретінде аз уақыт ішінде барша тыңдарман қауымның сүйікті әніне айналды. Барша достардың құрметіне  арналған екі достың әні осылай дүниеге келді.
– Әннің композиторы Айбекпен қалай байланыс орнаттың?
– Айбек Қайбулламен таныстығымыз студенттік кезден басталады. Инстаграм әлеуметтік желісінде басталған таныстық жақын достыққа ұласып кетті. Бүгінде сол достық айнамас шығармашылық байланысқа айналып отыр.
Қазақта өлең мен ән үйлесім тауып, Мұқағали мен Шәмшідей талайды таңырқатқан өнер иелері аз болмаған. Бұл үрдіс сахна төрінен әлі де көрініс тауып келеді. Біз де қазақ эстрадасында өз қолтаңбамызды қалдырсақ дейміз. Осы мақсатта жұмыс істеп келеміз. Қазірдің өзінде менің өлеңдеріме әсем әуен жазып, ән етіп әрлейтін Дидар Дінисламов деген композитор досым бар. Дидар досым екеуміздің сөзіне сазы үйлескен әндеріміз  Ақтан батыр ауылының талай кештерінде әуеледі. Міне, Дидар мен Айбек сынды қос сазгермен тұрақты жұмыс жасау үстіндемін.
– Ақындық Алладан берілетін қасиет дейміз. Алайда сізге осы киелі өнер қалай қонды. Кімді үлгі тұттың? Кімге еліктеп өстің?
– Рас. Осындай ерекше өнер Алланың берген сыйы. Бұл маған қанмен келген қабілет деп ойлаймын. Әкем Жұмабек өз ортасында қалам тербеп, өлең шығаратын жан иесі. Мен сол алғаш әкемнен өлең танып, сүйіспеншілігім, қызығушылығым артты. Кейін бірнеше ақынның өлеңін қызыға оқып, жатқа айтып жүрдім. Осылайша бала кезден өлең жаза бастадым. Ал әнге сөз жазуды 15-16 жасымнан бастадым.
– Сіз сүйіп оқыған, біз сүйіп оқыған ақындардың әлі күнге дейін өнері өлмей келеді. Ол қазақтың ертеден-ақ ақындарды асқақ тұтқанының көрінісі. Ал бүгінгі қоғамда ақындардың орны қандай? Қалай құрметтеп жүрміз? Ақындарға қазір не жетіспейді?
– Шынымен қазақ қай заманда да ақындарын төрге оздырған. Оларды  еркелетіп, алақанға салып аялап келген. Алайда, қазіргі қоғамда  ақынға деген көзқарастың төмендігі байқалады. Ол уақытта ақын сирек, оқырман көп еді. Бүгінде екінің бірі жазғыш болып алды. Ал оқырман азайған. Сапасыз дүниеге қызықпайтындықтан болар.
Сондай-ақ ақындарға қысым көп. «Ақындықтың басты шарты – шындықты айту емес пе?» деп Мұқтар ақын айтқандай, қазір ақындарға шыншылдық жетіспейді. Бұл олардың айтқысы келмейтіндіктен емес. Сөз бостандығы, ой бостандығы жоқ!
Тағы бір айта кететін дүние бар. Ол – қажеттілік. Ақындардың көпшілігі өзіндік өнерді амалсыз күнкөріс құралы етіп отыр. Ал мұндай жағдайда олардан тәуекелге баратын үлкен қадам күтудің өзі мүмкін емес.
Заман көшіне ілеспек керек. Қазіргі таңда ақындықтан бөлек жеке кәсіппен айналысудамын. Адамзатты жан жылуына бөлейтін сырлы сөздерім халыққа жыр болып жетсе, тұтынушыларыма ұсынатын тұрмысқа қажетті дүниелерім де бар.
– Біз "Менің досым" әнін білеміз. Мұнан бөлек қанша әнің бар? Алдағы жоспарларың қандай? Кітап шығару немесе авторлық кеш өткізу ойда бар ма?
– Қазіргі таңда "Сені сүйемін", "Мона Лиза", "Ұрланған жүрек", "Жылап қалмашы", "Мен сені Тәңірден тіледім", "Өмірді қиындатпашы", "Менің досым" сынды әндерім тыңдарман қауымның жүрегінен жол тауып жүр. Өз уақытын күтіп жарыққа шыққалы тұрған әндер де бар. Алла қаласа, алдағы уақытта шығармашылығымды шыңдап, жырларымды жинақтап, кітап етіп шығарсам деген ой да жоқ емес. Сонымен қатар, түрлі форматта авторлық кештер ұйымдастыру да жоспарда. Әрине, ол алдағы уақыт еншісінде. 
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 қазан 2024 ж. 256 0