Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАЙЫРБАЙ ЗӘКІРҰЛЫ: СУРЕТ ӨНЕРІНЕ ӘКЕМНІҢ СӨЗІ ӘКЕЛДІ

ҚАЙЫРБАЙ ЗӘКІРҰЛЫ: СУРЕТ ӨНЕРІНЕ ӘКЕМНІҢ СӨЗІ ӘКЕЛДІ

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкірұлы "Жалпы бейнелеу өнері сан салаға бөлінеді. Мы­салы, соның ішінде қолданбалы өнер. Бұ­ған жататын – аталарымыздың келі жасауы, жүзік соғуы, текемет басуы, ши тоқуы т.с.с.  Бұлар бізде керемет дамыған. Ал ста­нок­қа салып, картина жазу, яғни еуропа­ша кескіндеме-живопись, графика, мүсін-скульптура, бұлар кейінірек дамыды. Кеңес дәуірінде, тар мезгілдің ішінде әлемдік деңгейге жеттік. Қазақстандық белгілі су­рет­шілердің жұмыстарын әлемнің қай түкпіріне апарып қойсаңыз да, еш қысыл­май, бойын тік көтеріп тұрады, өте жоғары бағасын алады. Суретші қандай тақырыпта жұмыс істесе де, ол сол халықтың интел­лек­туалды тереңдігін көрсете алған жағдай­да ғана өнері өнер болады. Көбіне жұрт ұлт­тық бояуды іздеп жатады. Мен олай ойламаймын. Суретші интеллектуалды деңгейінің тереңдігін әлемге таныта алуы керек. Ұлттың шеңберінде, яғни шектеулі құрсауда қалып қоймауы керек деп ойлай­мын" деп жаһан жұртшылығына жағымды туынды салуды мақсат еткен жан. Оның қаламынан туған талай картина өзі айтқандай әлемнің бірнеше елінде көрмеге қойылып, көрерменнің көңілінен шыққан. Міне, 80 жасқа қадам басқалы отырған қайраткер таяуда туған топырағы Аралда болды. Сол сапарында сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
Ойлы еткен отарба
– Қайырбай Зәкірұлы, туған жерге қош келдіңіз! Сөздің басын дәл осы сұрақтан бастайық. Көршілес Қазалы ауданы да, Арал ауданы да сізді өз топырағына тартады. Туған жеріңіз жайлы айтсаңыз.
– Арал мен Қазалы қай кезден де еншісі бөлінбеген аудандар. Батыры да, ақыны да ортақ бұл ауданға қай өнер иесі болса да жат емес. Ал негізінде өзім аралдықпын. Түпкі топырағымыз Қазалы жақ болғанымен, әкем теміржол саласында жұмыс істеп,  қызмет бабымен әуелі Бекбауылға келіпті. Менің алдымда тетелес өскен үш ағам бар екен. Сол уақыттарда қызылша індеті асқынып, Бекбауылдық жанындағы Қарақуыс деген жерде үш ағам 2 күнде бірінен кейін бірі көз қайтыс болады. Ал мен – Аралқұмдықпын. Балалығым сол жерде өтті. Кіндік қаным тамды.
– Сурет салу – сан қырлы өнер. Қылқаламның құдыретін ұғынып, суретшілікке қалай келдіңіз?
– Жаңа айтқанымдай әкем де, оның әкесі де те­мір­жолшы болған. Бала кезден пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгеннен пойыздардың суретін сала бастадым. Салған суреттерімді әкем көріп: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін. Өзімнің ықыласым бар, әкемнің жаңағыдай сөзі мені суретшілікке әкелген болуы керек. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен көркем сурет училищесіне оқуға түскенде достарым да мықты болды. Амандос Ақанаев, Фа­тима Тарази, Бәтима Зауірбекова, марқұм, Дәркенбай Шоқпаров бәріміз бір топ болып оқуға түстік. Бұл менің суретшілікке жасаған алғашқы қадамым. Ал одан арғысын халық біліп, көріп жүр.
Өнерге қанат қаққан
– Қайырбай аға, одан арғысын халық біліп, көріп жүр деп қалдыңыз. Жалпы қазіргі қоғамда, соның ішінде қазақ халқында суретшілік өнердің дамуы қай деңгейде?
– Біріншіден, кешегі егемендік алғаннан кейінгі ғұмырымызда дайын асқа тік қасық деген ұғымнан ада болуымыз керектігін ұқтық. Бейнелеу өнері де тіршіліктің бір саласы, турасын айтқанда, нан табу – кәсіп. Шетелде осылай. Талантың он жерден бола берсін, бірақ шаруашылық жағы кемшін болмауы тиіс. Қазақстанда небір суретшілер бар, жұмыстары мықты, бірақ оны сатуда, өткізуде дәрменсіз болып жүргендер кез­деседі. Шынын айтқанда, жақсы суретшілер далада қалып қойып жатыр.
Өткен ғасырдың 60-жылдары бір топ жастар шықты. Әрине, оған дейін де Қанапия Телжанов,  Молдахмет Кенбаев сынды мықты суретшілер болды. Одан ке­йін Шаймардан Сариев, Салихиддин Айт­баев, Тоқболат Тоғызбаев, Мұқым Қиса­мед­динов, Еркін Мергенов – бұлар бір топ болып шықты. Бұлар тек жалқы суретшілер болып қалған жоқ, олармен бірге архитек­торлар, ақын-жазушылар, философтар  толқыны шықты және олар дос  болды. Мы­салы, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуе­зов, Сәтімжан Санбаев, Ғаділбек Шалах­метов сынды таланттардың сала-сала бойынша шығуы үлкен құбылыс болды. Мұндай құбылыс Францияның өнерінде ХІХ ғасырдың бастапқы кезінде  болған. Қазақ бейнелеу өнерінің алтын ғасыры деп осылар келген кезеңді айтамын. Ал енді оның қызығы – өнерге қанат қаққан жас­тар, ол кезде әр облыста үлкен-үлкен көр­ме­лер болатын, сонда Қызылордадан 15 адам пойызбен, Ақтөбеден 20 адам само­летпен, Павлодардан тағы сондай адамдар келетін. Бұл ұлы көш еді. Мұндай көрініс ке­йін тоқтады. Осыдан біз айырылып қал­дық. Қазір ондай жоқ, тек демеушілер табы­лып жатса, солар арқылы көтеріліп, шығып жатқандар бар. Ал ұяң, бастапқыда айтқан, жұмысын сатуға, өткізуге келгенде ыңғайын таба бермейтіндер тасада қала береді.
– Барша қазаққа танымал дәстүрлі әнші, жыршы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ғылым және білім министрлігінің қауымдастырылған профессоры Елмұра Жаңабергенова "Испанияның сахнасына шығып, терме орындадым. Сахна қазақы нақышта әзірленіп, термені отырып орындауға ыңғайластырылған. 45 минут үзіліссіз терме айтқанымда, үнсіз тыңдады. Аяқталған соң орнымнан тұрып, халықтың алдына шығып бас игенімше тоқтамай шапалақ ұрып, қошемет жасады" деген еді. Ал қазақ қоғамы бүгінде сырлы бояудың сиқырын түсініп, оның бағалай алып жүр ме?
– Менің туындыларым жер-жерде көрмелерге қойылып, Ресей, Еуропа, Жапония, Йемен, Франция, АҚШ және Қазақстандағы жеке коллекциялар мен галереяларда сақталуда. Сөздің ашығы Еуропа елдерінде, жаңағы аталған мемлекеттің барлығында өнерді бағалау, оны биік қою бар. Оның өзі бір мәдениет. Өкініштісі бізде суретшілер мұндай баға ала алмай келеді. Жаңа да атап кеткенімдей небір суретшілер бар, жұмыстары мықты, бірақ оны сатуда, өткізуде дәрменсіз болып жүргендері соның салдарынан. "Табалдырықтан биік тау жоқ" дейді ғой. Кім болса да өз елінің құрметіне бөленсе, одан артық абырой бар ма?
Арал туралы аңыз
– Рас айтасыз, туған жердің, елдің құрметі ерді өсіреді. Ал елді, туған топырағыңызды танытқан туындыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Әрине, Аралды естен шығарған емеспін. Мәскеуде "Арал туралы аңыз" атты сериялық литография жасадым. Өте үлкен жұмыстар. Үш нұсқада дайындадым. Одан бөлек Арал теңізінің ахуалы сөз болып, әлем халқы назар аударған уақытта қазақстандық суретшілер де өз үлесімізді қосқымыз келді. Сол уақытта теңіздің басында болдық, оны картинаға түсірдік, бірнеше ай уақытымызды арнап, Аралға ерекше үлес қостық.
– Қайырбай аға, сөзіңізден аңғарып отырмын. Суреттен бөлек өнердің түрлерінен де хабарыңыз бары байқалып тұр. Егер суретші болмағанда кім болар едіңіз?
– "Жігітке жеті өнер де аз" дейді ғой қазақ. Алайда бір басымдағы өнер тек маған тиесілі деп ойламаймын өз басым. Жоғарыда айттым ғой үш ағам бірінен соң бірі қайтыс болыпты деп. Мүмкін солардың бойындағы өнер маған қонған шығар деймін. Бала кезден жыр-дастандар тыңдап өстім. Ол уақытта жыр-терме орындаушылар көп болатын. Қандай жиын болса да домыбарының үнімен әуелетіп, терме төккенде босағада тұрып тыңдайтынмын. Сонда менің қызығып кеткенімді байқап "Осы баладан бірдеңе шығады" дейтін. Айтқанда, домбыра серігіме айналып кетті. Өзім де төкпелетіп, термелетіп кететін өнерім болды.
Одан бөлек өлеңге де жат емеспін. Өзімді ақындардың қатарынан санамаймын. Алайда бала кезден өлеңге деген құлшынысым болды. Бірде 1985 жылы Қызылордаға Фариза Оңғарсынова келді. Темірхан Тебегенов, Қомшыбай Сүйенішов, Қази Данабаев бәріміз күтіп алдық. Сол кезде кездесу өтті. Қ.Сүйенішов кешті жүргізіп отырды, олардың жанынан маған да орын бұйырды. Осылайша үлкен ақындардың арасында өлең оқуға қолқа салды.
Бір өлең оқып, орныма отырмақ болып бұрылғанда Ф.Оңғарсынова: "Өлеңдерің жақсы ғой, өлеңіңді маған бер" деді. Ертеңіне бір топ өлеңді жинақтап ақынның қолына ұстаттым. Оншақты күннен кейін Пионер журналының екі бетіне суретім мен өлеңдерімді басыпты.
Жалпы қандай өнер иесі болса да жатсынбаймын. Шеберханамның ішінен бірнеше бөлме ашып, бірінде ақындар, бірінде суретшілер, бірінде термешілер бас қосып, өнердің ордасына айналдыратынбыз.
Тереңдерден тергенім
– Аға, осы тұста өзіңізге қолқа салғалы отырмын. Бір өлеңіңізді оқып берсеңіз.
– Қазақтың соңғы сал-серілерінің бірі Қомшыбай Сүйенішов дер едім. Ол кісінің жүрген ортасы да нағыз шығармашылық ортасы, үлкен ақындар болды. Жастарға қолдауы да ерекше еді. Міне, сол Қомшекең менімен сырлас досымдай еді. Сол кісіге жазған екі өлеңнің бірін оқып берейін.
Ей,
Жан аға!
Өлеңнің баса білген тамырын.
Тірлігімнің түсінің
Қарасы –
Дерт
Ағы –
Мұң.
Көріпкелдей көрінсе
кеудесі көр –
Көзділер
Көзсіз сөзі жебедей,
Тұрпайы мен тағының...
Өліарасы беймәлім,
Жақсы менен жаманның.
Сараласам кепілмін
жетпесіне шамамның.
Умаждалған ойымның
Өтін жарып алам деп.
Уылжыған уайым
Таусылғаны-ай амалдың.
Күйім тая берген соң,
Күйесінен күншілдің.
Тұңғиықта тұншығып,
Шексіздікке құлшындым.
Тереңдерден тергенім,
Кереңдерге жетпей-ақ.
Тілсіз,
Соқыр тылсымның,
Қойынында күрсіндім.
Көрінгенде өлеңнің
Жанарыма жүзі анық –
Сөгілгендей көбесі,
Көкжиектің қызарып.
Мен өртенің тұрғанда,
Арай шарпып денемді.
Көз іледі көлеңкем,
Алыптардай ұзарып.
 Қайырбай аға, міне, таяуда 80 жасқа толғалы отырсыз. Осы жылдардың ішінде "әттеген-ай" деген тұсыңыз немесе "осыны жасағанымда ғой" деген уақытыңыз болды ма, қол жетпей кеткен дүниеңіз бар ма?
– Адамды қастастыратын да, достастыратын да өнер ғой. Аллаға шүкір, ешкіммен қастасып көрмеппін. Ал өнерге келгенде алдына "аға" деп барып кейіннен дос болып араласқан жақындарым көп болды. Бір түсінгенім, адамның ғұмыры барлығына қол жеткізуге, ойдағысын іске асыруға жетпейді екен. Міне, солар достарымның ішінде кейбіреулері жайлы жазсам, айтсам деймін. Өмірім болса сол дүниелерге көңіл бөлгім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет, аға! Абырой биігінен аласармаңыз.

Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
12 қараша 2024 ж. 222 0