Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Жас қылқалам шебері марапат төрінде

Жас қылқалам шебері марапат төрінде

Бүгінгі уақытта шығармашылыққа жаны құмар жастар жетерлік. Ондай жастарға шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында мемлекет тарапынан да біршама қолдау көрсетіліп жүргені де белгілі. Осы тұста таяуда «Бояулар құпиясы» жас суретшілердің республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Таланттар палитрасы» номинациясының «Авангард және эксперименттік кескіндеме» бағыты бойынша қатысқан №220 мектептің 11 сынып оқушысы Айтолқын Жайшылық жүлделі І орын иеленіп, республикаға жолдама алды.
–Балалық шағымда нағашы атамның ауылына жаз сайын қызық көріп баратынмын. Жұрт секілді құмға аунап, асыр салып ойнау үшін ғана емес, сондай-ақ атамның жаңа туындыларымен танысып, қолөнерге, сурет өнеріне деген қызығушылығымды арттыру мақсатында баратынмын. Бойымдағы талант, сурет салуға деген құлшыныс нағашы жақтан тарады десем артық айтпағаным болар. Бастауыш сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа қадам басқан уақыттан бастап қарандашпен портреттік жанрда суреттер салып, жас суретші ретінде кішігірім конкурстар мен мектепішілік іс-шараларға қатысып, шыңдалуды жөн көрдім. Әрине, тез арада жүлдегерлер қатарынан көріне қойғаным жоқ, сүрінген сәттер де болды. Бертін келе, Мариямкүл апайымның жетекшілігімен қатысқан сайыстардан жүлдесіз қайтпай, одан әрі аталған салаға деген құлшыныс артып, мотивация алдым. Сол үшін бейнелеу пәнінің мұғалімі Нарегеева Мариямкүл ұстазыма шын жүректен алғысымды білдіремін. Бойымдағы потенциалды байқап, әрқашан жетелеген осы кісі.Уақыт өте келе суретшілікке тек қана әуесқой көзқараста ғана емес профессионалды түрде қарауды құп көрдім. Еуропадан шыққан әйгілі суретші, мүсіншілердің еңбектерімен танысып, символизм жөнінде іздене бастадым. 10-сынып оқып жүрген сәтте ұстазымнан ерекше ұсыныс түсті. Облыстық байқауда Авангард жанрында сурет салу бақыты бұйырды. Дарын өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен шарада жүлделі бірінші орынды иелендім. Аталған жанрда еңбегім еленгеннен соң әрі қарай пост модернистік бағытты зерттеуді жөн көрдім. Әлемнің ең бай әрі құпия суретшісі атанған испаниялық Пабло Пикассоның туындыларымен танысып, Ван Гог секілді картинаны табиғатпен байланыстыра отырып салып, философиялық тұрғыда дүниетанымымды кеңейтуді алдыма мақсат тұттым,– дейді жас жеңімпаз.
Сонымен бірге Айтолқын Жайшылық еліміздің сурет өнерінің дамуына үлес қосқысы келетіндігін жеткізіп, өз шығармашылығын әрі қарай дамытқысы келетіндігін де айтты. Сондай-ақ орын алып жатқан түрлі мәселелерді де өз өнері арқылы бейнелегісі келетіндігін тілге тиек етті.
–Еліміздің бірден-бір ауқымды мәселелерінің бірі арт индустрияның бір қалыпта қалуы, креативтік идеялардың жетіспеушілігі. Алдағы уақытта аталған проблеманы шешу үшін барымды салсам ба деймін. Арт саласында қызмет атқарып, тек қылқаламмен ғана емес, заманауи бағытта графикалық дизайнмен айналысқым келеді. Елімізде орын алып жатқан әйел теңсіздігі, консервативтік көзқарастың белең алуы сынды тақыраптарды символикалық түрде өнер саласымен байланыстыра отырып жеткізсем бе деген ниеттемін,–деді Айтолқын алдағы жоспарларымен бөлісе отырып.
Ертеден келе жатқан сурет өнері өз құндылығы мен қоғамға қажеттілігін жоғалтқан емес. Ал шығармашылықты сүйетін Айтолқындай жастар бар кезде сурет өнері әрі қарай да дами берері анық.
«Толқын» ақпарат
---
26 мамыр 2023 ж. 157 0