Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары
Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен «Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары» тақырыбында болмақ
Сұрақ:
-Көкжөтел ауруының тіркелу деңгейі республика бойынша әлі төмендер емес.Облыста да,ауданымызда да аурутіркеліп отырғанын білеміз.Жалпы үстіміздегі жылдың 11 айында көкжөтел ауруы қандай деңгейде, сол туралы нақты мағлұмат берсеңіз?
Жауап: Иә, көкжөтел ауруы балалар арасында белең алып отырғаны рас. Соңғы статисталық мәлімет бойынша республика бойынша көкжөтел ауруынан эпидемиологиялық ахуал қолайсыз жағдайда қалып отыр. Республика көлемінде 2023 жылдың 11 айында көкжөтел ауруының нақтыланған түрімен 246 жағдайы тіркеліп, оның 240 жағдайы 14 жасқа дейінгі балаларды құраса, 2024 жылдың 11 айында 2660 жағдай тіркеліп, оның 2608-і , яғни 98 % 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда республика көлемінде ауру 10,8 есеге өсіп отыр. Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында 2023 жылдың 11 айында алғашқы диагнозбен көкжөтел ауруының 1 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың осы мерзімінде нақтыланған диагнозымен 220 жағдай тіркеліп, оның 219 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы көкжөтелдің алғашқы диагнозымен 1 жағдай тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар-қараша айы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 13 жағдай тіркеліп, оның 12лабораториялық жолмен нақтыланды. Науқастанушылардың ішінде 1 жасқа дейінгі бала саны-12болса, 1-і 1 жастағы бала, балалардың барлығы да көкжөтел ауруына қарсы екпе алмағандар, оның ішінде ауру себепті дәрігер көрсетілімімен егілмегендер 9 болса, 4-і екпеге жастары толмаған.
Сұрақ: Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйенер болсақ, көкжөтелмен негізінен балалар ауыруда, олардың ауру себебі неде, ашып айтсаңыз?
Жауап : Көкжөтел -балалар инфекциясы болып есептелетіндіктен, көп жағдайда бұл аурумен балалар ауырады. Статистикалық мәлімет көрсеткендей, жалпы тіркелген аурудың 98 пайызы балалар үлесінде. Ауру себептеріне келетін болсақ, негізінен көкжөтелмен дәрігер көрсетілімен әртүрлі диагнозбен «Д» есепке алынып, көкжөтелге қарсы екпе алудан медициналық кедергіге алынған балалар мен жасы толмауына байланысты көкжөтелге қарсы екпе алмаған балалар ауыруда. Бұл өз кезегінде балалар ағзасында көкжөтелге қарсы иммунитет қалыптаспағаннан кейін осы жастағы балалардың көкжөтелмен ауруына әкеп соғып отыр.
Сұрақ : Көкжөтел ауруынан сақтану үшін науқас баланың ата-анасы не істеу керек,сол туралы айтсаңыз ?
Жауап: Әрбір ата-ана баласының денсаулығына зор мән бере отырып, көкжөтелден барынша сақтанудың тиімді тәсілі-осы жұқпаға қарсы екпе екенін қаперлерінде ұстаулары қажет.Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн. Бұдан басқа балаларға берілетін тағамдардың дәрумендерге бай құнарлы болуы , таза ауаға жиі шығып, серуендеу де баланың денсаулығына оң әсерін тигізеді.
Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА
Сурет: zhanaqorgan-tynysy.kz