Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары

Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу шаралары

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен  «Көкжөтел  ауруының эпидемиологиялық ахуалы  және алдын алу  шаралары» тақырыбында болмақ.
Сұрақ:
-Көкжөтел ауруы кең таралған жұқпалы ауру екенін білеміз, әсіресе бұл ауру балалар арасында жиі тіркелуде. Осыған байланысты  көкжөтел ауруынан респбуликада, облыста,ауданымызда ауру деңгейі қай шамада,сол жөнінде  айтып  өтсеңіз?
Жауап:Республика бойынша  көкжөтел ауруынан эпидемиологиялық ахуал қолайсыз жағдайда қалыптасып отыр. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2023 жылдың алғашқы 8 айында  көкжөтел  ауруының  нақтыланған түрімен 194 жағдайы тіркелсе, 2024 жылдың осы мерзімінде  2363 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 12,05   есеге өскен.  Қызылорда облысы  тұрғындары арасында  2023 жылдың 8 айында алғашқы диагнозбен көкжөтел ауруының  1 жағдайы  тіркелсе, 2024 жылдың осы мерзімінде аурудың нақтыланған диагнозымен 186 жағдай тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар арасында  орын алды.   Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы көкжөтелдің алғашқы диагнозымен 1 жағдай  тіркелсе, 2024 жылдың  қаңтар-тамыз айы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен  6  жағдай тіркеліп, оның 5-і лабораториялық жолмен нақтыланды. 
Сұрақ: Ауру көп жағдайда балалар арасында тіркелетінін ескерсек,  жоғарыда көрсетілген науқастардың ішінде балалардың алатын орны қаншалықты ,сол жөнінде мәлімет берсеңіз?
Жауап : Республика бойынша көкжөтел ауруымен тіркелген  2363 жағдайдың 2320-ы 0-14 жас аралығындағы балалар болса, Қызылорда облысы бойынша  науқастанған 186 жағдайдың барлығы да 14 жасқа дейінгі науқас балалар. Аудандағы науқастанушылардың  ішінде  1 жасқа дейінгі бала саны-5 болса, 1-і 1 жастағы  бала. Балалардың барлығы да   көкжөтел ауруына  қарсы екпе алмағандар,оның ішінде ауру себепті  дәрігер көрсетілімімен егілмегендер 4 болса, 2-і  екпеге жастары толмаған.  
Сұрақ :Көкжөтел ауруы туралы , оның алдын алу шаралары туралы  аудан тұрғындарына  қысқаша мағлұмат берсеңіз ?
Жауап: Көкжөтел ауруы-өте жұқпалы,  ауа тамшылары арқылы берілетін,аурудың қоздырғышы бактерия болып табылатын, ең алдымен тыныс мүшелерін зақымдайтын,  әлемде кең таралған   жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру  сондай-ақ ауру қоздырғышымен ластанған   тұрмыстық заттар мен балалар ойыншықтары арқылы да  жұғады. Аурудың жұқпалылығы сонда-науқаспен байланыста болған адамдар мен осы ауруға қарсы  екпе  алмағандар  арасында ауру жұқтырудың  ықтималдығы 70-100 пайыз құрайды. Инфекция көзі-көкжөтелмен ауыратын адам.
Ауру қоздырғышы қоршаған ортаға науқас адам қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде  бөлініп, ауа арқылы сау адамға жұғады .
Аурудың  инкубациялық кезеңі 2 күннен 3 аптаға дейін созылады. Ауру 4 кезеңнен тұрады : катаральды кезең,ұстамалы жөтел кезеңі, аурудың беті қайту кезеңі және жазылу кезеңі .
 1.Катаральды қабыну кезеңі науқаста салқын тию белгілерімен басталады , яғни 1 науқаста дене қызуы 38 0С -қа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы, мұрынның бітелуі, жөтел тәрізді белгілер болады.
2.Ұстамалы жөтел кезеңінде жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп ақырында ұстамалы сипатқа ауысады. Әдетте ұстама бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып ысқырықты тыныс тартуға ұласады, содан соң тыныс шығару қайта пайда болып ол тағы да ұстамалаы тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы  шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады. Бұндай ұстамалар күніге жеңіл жағдайда 5-8 реттен,ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. Бұл кезең 2-3 аптаға дейін созылады. Соңғы екі кезеңде ұстамалы жөтел азайып,мүлдем жойылады. Бұл кезеңдер 1-3 аптаға созылады.
Көкжөтел ауруын дер кезінде емдемесе әртүрлі асқыну жағдайларына,оның ішінде пневмония, миға қан кету, құлақ қалқанының жарылуы және басқа асқынуларға  ұласады.
Көкжөтелден сақтанудың тиімді, әрі негізгі   жолы- осы жұқпаға қарсы  екпе жасату. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес  әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында  көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін  айта кеткен жөн.
Әрбір ата-ана баласының денсаулығына зор мән бере отырып,  көкжөтелден барынша қорғанудың тиімді тәсілі-осы жұқпаға қарсы екпе екенін  қаперлерінде ұстаулары қажет. 
Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан: К. Зденова 
Сурет: baq.kz
18 қыркүйек 2024 ж. 96 0