Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аманжол Оңғарбаев: «Ел мүддесіне сай елеулі істер атқарылды»

Аманжол Оңғарбаев: «Ел мүддесіне сай елеулі істер атқарылды»

– Аманжол Сақыпұлы, жыл толғанда жауапты қызметтегі тұлғалармен сұхбат құратын «Сыр бойы» газетінде жақсы үрдіс бар. Сол үрдіске сай бүгін өзіңізбен пікірлесу сәті туып отыр. Әрине, шығармашылық ортадан аудан басқаруға ауысудың жауапкершілігі өзгеше. Әйтсе де, Аралдың төл перзенті әрі осы өңірден бірнеше мәрте облыстық мәслихатқа сайланған депутат ретінде көп мәселе таңсық емес деп білемін. Өткен жыл несімен ерекшеленді деп ойлайсыз?
– Күллі жаратылыс уақытқа тәуелді екені рас. Дұрыс айтасыз, менің де Арал ауданына әкім болып келгеніме 1 жыл болыпты. Өткен жыл жалпы Арал ауданы мен халқымыз үшін тындырымды істермен түйінделді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу» деген болатын. Осы бағыттағы бағдарымыз айқын. Мақсат-міндетіміз межеленген. Мұны ауданда атқарылған жүйелі жұмыстарға қарап бағамдай беруге болады.
Ата-бабамыз «Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегенді бекер айтпаса керек. Алдағы күннен тек жақсылық күтетін халықпыз. Расымен аралдық ағайынға былтырғы жыл жайлы болды. Игі істер көпшіліктің көз алдында. Ауданның даму бағыты қарқынды болғандықтан, әр сала бойынша оң тенденция қалыптасып, алмасып өткен әрбір ай жақсы көрсеткіштермен есте қалды. Жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары өздеріңізге аян. Мәселен 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша нақты өсім бар.
Қазақта «Теңге – тиыннан, Ынтымақ – ұйымнан» деген сөз бар. Тағдырлы һәм тарихи мекенге тартылған қаражатты табысты игеріп, тың жобалар жасау жолында жолымыз болды. Яғни кейінгі 3 жылда ауданға 80,0 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған болса, биылғы көрсеткіш 36,7 млрд теңгені құрады. Ал екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, 2024 жылы 22,1 млрд теңгеге дейін жетті. Нәтижесінде Арал аймақтағы аудандар арасында ең бюджеті көп аудан атанды. Бұл қаражат елдегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Сонымен қатар ауданның кірісі 18,7 млрд теңгеге орындалып, 101,8 пайызға артты. Оның ішінде, өз түсімдеріміз 4,3 млрд теңге болып, 10,9 пайызға артық орындалса, аудан бюджетінің шығысы 21,9 млрд теңге болып, 99,9 пайызды құрады.
Өткен жылдан бастап Қазақстан Халықаралық «Аралды құтқару қорына» жетекшілік етуді бастады. Оны өзіңіз жақсы білесіз. Сол берекелі бастамамен бақ ілесе келіп, Аралда ел айтып жүретін елеулі істер атқарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде кейінгі жылдары теңізге жоғарыдан келетін судың көлемі екі есеге артты. Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жолға қойылып жатыр.
Өткен жылдың сәуір айында ауданымызға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері арнайы іссапармен келді. Қонақтар Кіші Арал теңізін көріп, оған климаттық, экологиялық жағынан қарап, құмды алқапқа төзімді өсімдік түрлерін егуді және құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар мен қажетті қолдау шараларының бағыты айқындалды. Дәл осы күндері USAID өкілдерімен бірге АҚШ елшісі де аудан ахуалын жақсартуға бағытталған шаралармен танысып, бірнеше елді мекендерді аралап көрді.
Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтау және дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов Кіші Аралдың жағдайымен танысып, суды үнемдеу және экология бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, меценат-кәсіпкер, «Freedom Holding» компаниясының басты меншік иесі Тимур Турловтың ауданға жасаған іссапарында тиісті қаржыларды бөлу туралы келісім жасалды.
Бұл жаңалықтарға қоса, облысқа арнайы іссапармен келген Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбора Помпили бастаған делегация өкілдері және Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова ауданымызда болды. Делегация мүшелері теңіздің тартылуы әсерінен болған экологиялық мәселелермен танысып, оны жақсарту мәселелері талқыланды.
Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ауданға арнайы келіп, елдің көкейінде жүрген Кіші Аралды сақтап қалу жобасы төңірегінде ойталқы өткізіп, елдің айтқан ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Бұл сапардың нәтижесі ерекше болады деген үмітіміз бар.
Біз өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен, демеушілердің демеуімен «сақалды» құрылысқа айналған бірнеше құрылыс нысандарын толық аяқтап шықтық. Мәселен, әрісі 10, берісі 5 жылдың айналасында айтыла-айтыла жауыр болған «Сексеуілдегі» 40 төсектік аурухана, Тоқабай, «Ақшатау» ауылдарындағы мектепті ел игілігіне бердік. Аудан орталығынан жүздеген шақырым шалғайда жатқан «Ақбастыға» ауызсу құбырын тартып, күн жылына қосуға дайындап қойдық. Тоқабай ауылы да бұл игіліктен алыс емес. Алғашқылардың бірі болып «Жайлы мектеп» салып, көптеген мәдени ұйымдардың құттыхана шаңырағына айналатын «Руханият орталығының» құрылысын бастап кеттік. Ел айтып жүрген аспалы көпірдің де іске асар күні алыс емес. Міне осындай жұмыстар Ұлу жылындағы ілкімді істер санатына ілікті.
Қысқасы, өткен жылы қай саланың болсын тамыры бүлкілдеп, тынысы ашыла түсті. Оның барлығын тізбектер болсақ көп уақыт керек. Менің тоқталып өткенім елге ортақ жұмыстардың «ең, ең» дегендері ғана.
– Арал айтылғанда балық шаруашылығын айналып өту мүмкін емес. Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің ауданға келіп, өткір мәселелерді көпшілік талқысына салғанын айтып қалдыңызӘсіресе, Кіші теңіздің тағдырына қатысты сындарлы мәселелер бар. Министр сапарынан қандай нәтиже күтуге болады?
– Бұл – аралдықтардың жүрегін селт еткізбей қоймайтын сауал. Өзім де Аралдың перзенті болғандықтан, жаралы теңіздің шалқар шағындағы бейнесі, теңіз стихиясы, балықшылар өмірі бейнебір ескі кинолентадай көз алдымызда көлбеп жатыр. Аты алты құрлыққа мәлім Арал теңізі үлкен экологиялық апатқа ұшырап, салдарынан суы мүлдем құруға айналды. Бұл – өткен ғасырдың соңындағы алапат апат еді.
Сол үшін де «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын талқылау бойынша жылдың басында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ауданға арнайы келіп, елдегі теңіз жанашырларымен пікірлесті. Осыған қатысты көптеген мәселе қаузалып, келелі ойлар айтылды. Мәжіліс барысында жобаның 3 негізгі компоненті бар екендігі, оның 2-еуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналғандығы туралы баяндалды.
Жиында солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды бастамалар төңірегінде теңіз жанашырлары тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Биылға жоспарланған жұмыстар легі бағамдалып, қуаты арттырылатын «Көкарал» бөгетінің су деңгейін 42 метрден 48-51 метр биіктікке дейін көтеру және Сарышығанақ шығанағында жаңа бөгет салу арқылы екі деңгейлі су қоймасын құру туралы ұсыныстар ортаға салынды.
Көптің тілегі бұл мәжілісте бір арнаға тоғысты. Ел күтетін нәтиже ең болмаса Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы жүзеге асса деген. Кіші Аралға теңіз жағасында орналасқан әрбір аралдықтың тұрмыс-тіршілігі байланысқан, атакәсіптен ажырағысы жоқ ағайын әлі де теңіз тынысына дем берер жарқын бастамалардың жүзеге асуына мүдделі және соған үміт артып отыр. Бұл ұсыныстар министрлік тарапынан жан-жақты зерделеніп, қысқа мерзім ішінде жауабы берілетіні айтылды. Тараптардың көтерген нұсқалары әлі де жан-жақты зерделенетін болады.
Министр ауданға жасаған сапарында елді мекендердің ауызсумен қамтылу көрсеткішімен де танысты. Кездесу барысында аудан үшін аса маңызды стратегиялық нысан саналатын, бірнеше жыл қатарынан үздіксіз жұмыс істеп тұрған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының жағдайы айтылды. Қазіргі таңда аудан үшін аса маңызды стратегиялық нысан саналатын бұл су айдау станциясының үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. 240-270 метр аралығындағы тереңдіктен бұлақ суын тартып, 160 мыңдай халықтың игілігіне беріп тұрған маңызды ресурстың құбыр желілерінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Осы жылы су құбырының 234 шақырым бойынша екінші тармағын жүргізу көзделуде. Жобаның жалпы құны – 43,7 млрд теңге.
Мұнымен қоса ҚР Су ресурстары және ирригация министріне «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының «Қосаман-Ақбасты», «Арал-Тоқабай-Абай» топтық су құбырын қосу тармағын салу және «Ақбасты», Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсумен жабдықтау жобасы таныстырылды. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру насосты стансасы арқылы шалғайдағы «Ақбасты» ауылына 117 шақырым су құбыры желісі тартылды. Мұнымен қоса «Тоқабай-Абай» бағытына ауызсу тарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған ауылдар толығымен ауызсу желісіне қосылады.
Биыл Ерімбетжаға және «Тастүбек» елді мекеніне ауызсу желісін тарту жұмыстары жүргізілмек. Осы жұмыстарды түйіндеу арқылы сапалы ауызсу тұтынатын аралдықтардың үлесі 95,4 пайызды құрайтын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға да ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қолдау білдіруге ниетті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша ауданда бірнеше мектеп салынбақ. Оның алғашқысы жұмысын бастады. Жалпы ауданда мектеп, балабақша мәселесі қаншалықты шешімін тапқан?
– Білім – қоғам дамуының кепілі. Ағарту саласында алға ұмтылмай артта қалу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттың келешегіне кері әсер етеді. Сондықтан да жыл сайын білім саласының сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда ауданда барлығы 50 мектепте 17727 бала білім алады. Биыл ауданда 1 мектепке күрделі жөндеу, 2 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арал ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша төрт білім ұясын салу жоспарланған. Жыл басында алғашқысының құрылысы аяқталып, аудан орталығынан 300 орындық «Жайлы мектеп» ашылды. Осы жылы «Сексеуіл» кентінен 300 орындық тағы бір мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған екеуінің құрылысы уақыт еншісінде.
Биыл ауданымызда Ұлттық жоба аясында салынған мектептен бөлек тағы бір білім ұясы ашылды. Біраз жылдан бері ескі ғимаратта оқып, сапалы білім алуға мүмкіншілігі болмаған «Ақшатау» елді мекенінің оқушылары жаңа білім ордасының табалдырығын аттап, шат-шадыман күйге бөленді. Су жаңа мектеп 60 оқушыға арналған. Салынған негізгі мектепте барлық жағдай жасалған.
«Мергенсай» елді мекеніндегі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан №58 орта мектебін заманауи үлгідегі білім беру мекемелерінің қатарына қосу мақсатында осы жылы Ұлттық қордан 2 млрд 333 млн теңге қаржы қаралып 150 орындық мектептің құрылысы басталады. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес «Жалаңаш» елді мекеніндегі бұл мектеп те «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын болады.
Бар білімнің негізі балабақша баспалдағынан басталары белгілі. Қазіргі таңда Арал ауданында 60 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызмет істейді. Атап айтқанда, 17 мемлекеттік, 30 жеке балабақша және 13 мектеп жанынан ашылған толық күндік шағын орталық.
Бүгінгі күні бүлдіршіндердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында апаттық және ғимараттары ескірген, тозығы жеткен балабақшалардың жай-күйі кезек күттірмейтін проблемалық мәселелерге айналып отыр. Сондай-ақ күнделікті келетін тәрбиеленушілер санының азайып кетуінен мемлекеттік білім беру тапсырысы қаржысын толық төлеу мүмкін болмай отырған мектептердегі шағын орталықтардың қызметі қайта қаралып, салаға жаны ашитын жеке кәсіпкерлер есебінен жеке балабақшалар салу арқылы шешімін табуда.
– Аралдағы басты ерекшелік – ауылдардың шалғай орналасуы. Жол, ауызсу, газ, өзге де халықтың игілігі үшін жасалып жатқан еңбектің жайы қалай?
– Жалпы аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,4 шақырым болса, оның 421,1 шақырымы, яғни 53,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биылға көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді.
Өздеріңіз білетіндей, аудандағы ірі жобалардың бірі теміржол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысы. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының 90 пайызға жуығы аяқталды. Қаланың екі жағындағы жолдың бөліктері толықтай көтеріліп, топырақпен нығайтылды. Атқарылған жұмыстарды аймақ басшысы ауданға жасаған сапарында көріп, құрылыс жұмыстарын сапалы және күн жылысымен мерзімінде аяқтап, ел игілігіне беру жөнінде тапсырма жүктеді. Өзіміздің жоспарымыз бойынша құны 2 млрд 887 млн теңге болатын ауқымды жоба сәуір-мамыр айларында аяқталады деп күтілуде. Қазір көпірдің бетін асфальттау және абаттандыру жұмыстары қалып тұр.
«Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал қаласында өткен жылдан өтпелі 2 жоба жүзеге асырылуда. Құны 489,3 млн теңге болатын жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын 7 көшенің автомобиль жолының құрылысы және Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылатын болады. Бұл жерде жолдың екі бетіне жаяу жүргіншілер және велосипед жүргізушілеріне арналған жолдар болады. Сонымен қатар соңғы үлгідегі жарық бағаналары орнатылады.
Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба құны – 6205,7 млн теңге болатын 6 жоба іске асырылуда. Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм» автожолының құрылысына 2024 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 053,2 млн теңге қаралып, бүгінде аудандық маңызы бар «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би», «Қызылжар» елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілді.
«Аққұлақ» елді мекеніне кіреберіс 8 шақырым және «Қызылжар-Шөмішкөл» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 2025 жылға өтпелі құны 1576,6 млн теңге болатын аудандық маңызы бар «Ақбай-Бекбауыл» автомобиль жолының құрылысы жалғасын табуда. Қазіргі таңда астыңғы қабаты көтеріліп, су өткізу трубалар қойылды.
«Шөміш» және «Аралқұм» елді мекендері аралығындағы жолдың 8,2 шақырымының астыңғы қабаты көтеріліп, қиыршық тас жайылды.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудандағы «Жақсықылыш», «Сексеуіл» кенттерінде және «Қаратерең» елді мекеніндегі барлығы 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаржысы толық шешілген. «Қосжар» елді мекенінің 1 көшесі де орташа жөндеуден өтетін болады.
Өткен жылы «Көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында Арал қаласындағы көпқабатты 6 тұрғын үй жөндеуден өтті. «Сексеуіл» кентінде де дәл осындай көп қабатты тұрғын үйлер бар. Біз бұл үйлерді де аталған бағдарлама шеңберінде күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын жүргізуді 2025-2026 жылдардың жоспарына қойып отырмыз. Қазіргі таңда «Сексеуіл» және «Жақсықылыш» кентіндегі күрделі мәселелерді шешу үшін «2026-2027 жылдарға арналған «Сексеуіл», «Жақсықылыш» кентін дамытудың жол картасын» әзірлеуді қолға алдық.
Аудан орталығындағы 28 көшеге түнгі жарық шамдар орнатылды. Бүгінде қала бойынша 226 көшенің 67 пайызы жарықтандырылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Облыс әкімінің қолдауымен аудандық полиция бөлімінің Жедел Басқару Орталығы бойынша қала аумағында ең жоғары сапалы 72 дана бейнебақылау камералары мен 7 дана «Сергек» камералары қондырылды. Бұл өз кезегінде қала тазалығы мен азаматтардың қауіпсіздігі, жол көлік оқиғаларының алдын алуда айрықша рөл атқаратын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарда біз елді мекендерді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бейнебақылау камераларын орнату бойынша «Сексеуіл» кентінде 10 бақылау камерасы қойылса, одан бөлек демеушілер есебінен «Аққұм» ауылдық округінде 9 бақылау камералары орнатылды.
Президенттің елді мекендерді су, жол, электр жарығы және газдандыру мәселесін шешу бойынша нақты тапсырмасына сәйкес ауданда электр желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды. Құны 783,0 млн теңге қаржыға «Жақсықылыш» кенті мен қала аумағындағы №1, №5, №6, №8 мөлтек аудандарының 54,2 шақырым желілері жаңартылса, 2024 жылдан өтпелі Арал қаласы мен «Шижаға» елді мекенінің әуе желілерінің қайта жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда.
6 елді мекеннің түнгі жарықтандыру мәселесі шешілсе, 7 елді мекенде жалпы құны 96,9 млн теңге құрайтын балалар ойын алаңдары мен демалыс орындары салынды.
Ауданды газдандыру бойынша кейінгі 3 жылда 6,8 млрд теңгеге 228,3 шақырым газ желісі жүргізілді. Қазіргі таңда, аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Оның ішінде, өткен жылы Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және «Сексеуіл» кенті мен «Шижаға» елді мекенінің тұрғындары «көгілдір отынға» қосылды.
Сыр беткейдегі жұртшылық үшін жағымды жаңалық – құны 5,5 млрд теңгені құрайтын «Қамыстыбас» елді мекенін газдандырудың автоматты газ тарату стансасы жобасы басталды. Бұл станса арқылы 8 елді мекендегі 11 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік болады.
– Білуімізше, ауданда кәсіпке бетбұрыс жақсы. Қандай өнімді жобаларды айтар едіңіз?
– 2025 жылдың 1 қаңтарына ауданымызда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5111 бірлікке жетті. Тіркелген субъектілердің ішіндегі жұмыс істеп тұрғандардың үлесі – 96,2 пайыз. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша 13,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 143,4 пайыз өсім көрсетті.
2024 жылы ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 36,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 143 пайыз болды. Өткен жылдың қорытындысымен ауданның сауда саласына 2,7 млрд теңге инвестиция тартылып, салаға тартылған инвестиция өткен жылдың қорытындысынан 2,5 есеге артқан.
Бұл инвестиция ауданымызда жыл көлемінде іске қосылған сауда үйлері және қызмет көрсету орталықтары есебінен қалыптасып отыр. Олардың ішінде «Grand Royal», «Мақсат Холл», «Nur Ai» мейрамханалары, «Бек», «Бертағы», «Қазына» сауда үйлері сынды ірі кәсіпкерлік нысандары бар.
Өткен жыл кәсіпкерлік саласы үшін табысты жылдардың бірі болды. Ауданда кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар және қаржы ұйымдары арқылы қаржыландыру бағытында 3898,1 млн теңгеге 179 жоба қолдау тапты. Бұдан бөлек кәсібін бастаушы 146 азаматқа 215,7 млн теңгенің мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражаттары табысталды.
– Былтыр Арал ғана емес, тұтас қазақ елі атап өткен маңызды мерейтойдың бірі – әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы. Іс-шаралар қаламгердің туған жерінде бастау алып, Алматы, Қызылорда қаласында жалғасты, жыл мәресінде Аралда қорытындыланды. Әлем таныған Әбенің бүгінгі ұрпағы қандай ғибрат алды деп бағалайсыз?
– Әбенің ғибратқа толы ғасырлық ғұмыры, 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Арал перзентінің шығармашылығын дәріптеу туған жерінде өзі дүниеге келген қазан айында басталды. Алдымен Әбенің мәңгілік мекеніне айналуы тиіс Беларан төбеде, қаламгер рухына арнап ас берілді. Беларанның басынан басталған шара «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумына ұласты. Аудан тарихында алғаш болып қолға алынған суретшілер симпозиумы алыс-жақын шет елдерден келген суретшілер мен елімізге белгілі қылқалам иелерінің басын қосты. Олардың қиялынан туған керемет туындылар ауданның құнды жәдігерлері қатарына қосылып, болашақ бой көтеретін «Руханият орталығына» мәдени мұра есебінде табысталатын болады.
Қара өлеңді қару, поэзияны жанына серік етіп, өмірін өзгеше өнерге арнаған ақындар Аралдың көгін жырмен жайнатты. Әбенің ғасырлық мерейіне арнап алғаш рет ауданда өткен «Қуатты қалам иесі» атты парасатты поэзия фестивалінде қатысушылар өлеңнің құдіретін сезініп, қасиетті жырдың құдіретін тағы бір байқады. Публицистер арасында республикалық конкурс өткізіліп, өмірі күрестен тұрған дархан қаламгер құрметіне қазақ күресінен турнир ұйымдастырылды.
Әлемнің Әбдіжәмілі атанған жерлесіміздің ғасырлық тойы желтоқсан айында қорытындыланды. Қаламгер есімі мен шығармашылығын ұлықтауға арналған «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференцияда елімізге танымал ақын-жазушылар бас қосты.
Әбенің қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармасының бірі – «Қан мен тер» триологиясы аудан өнерпаздарымен алғаш рет сахналанды.
Міне, бір жылдың бедерінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуында осындай іргелі істер атқарылды. Биыл да жасалатын жұмыс ауқымды. Мұның бәрінде елдің бірлігі, ынтымағы басты дәнекер бола бермек.
– Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан
Қуат Шарабидинов,
«Сыр бойы»
21 қаңтар 2025 ж. 145 0