Бауыржан Мұратбекұлы: Маман тапшылығы өзекті мәселе

– Бауыржан Мұратбекұлы, жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар легі туралы айтып өтсеңіз?!
– Жалпы жыл басынан бастап аурухана жұмысы қарқынды жұмыс істеп, оң нәтижелер көрсетуде. Мемлекет басшысының "Ұлттық жоба" аясындағы тапсырмасы бойынша істелетін жұмыс жоспары дайындалып, ауылдарда денсаулық сақтау саласы жұмысына баса назар аударылды. Осы жоба бойынша еліміздегі елді мекендерде медицина саласының қолжетімділігі көзделген. Бізде жоба аясында 2023 жылы Бөген және Қызылжар ауылдық округтерінде Дәрігерлік амбулатория ғимараты салынды. Сонымен бірге Сексеуіл кентінен 25 төсектік аурухана құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2016 жылы құрылысы басталып, белгілі себептерге байланысты аяқтала алмай қалған бұл аурухана бүгінде өз жұмысын істеп келеді. Бұл аурухана құрылысына 2016 жылы қаржы қарастырылып қойған. Дегенмен қазіргі құрылыс материалдарының бағасына шаққанда жетпейтіні анық. Осы тұста аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөліп, аурухана құрылысын аяқтауға көп үлес қосты. Мұнда құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде Денсаулық сақтау басқармасынан қаржы бөлінді. Және де Тоқабай ауылдық округінен де барлық дерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген Дәрігерлік амбулатория салынып, бүгінде ондағы мамандар халық ризашылығына бөленіп отыр. Тоқабай елді мекеніндегі Дәрігерлік амбулаторияда, өзге амбулаторияларда жоқ құрал-жабдықтар бар. Атап айтар болсақ, әйел адамдарды түсіретін компютерлі кольпоскоп аппараты бар. Яғни ол аппарат анық, әрі нақты етіп түсіреді. Бұл аурухананың құрылыс жұмысын істеген мердігер барлығын жоғары деңгейде жасап шықты. Сонымен қатар қазіргі уақытта аудандық аурухана жанынан "Ұлттық жоба" аясында қосымша жапсар-жай құрылысы жүріп жатыр. Ол жерде кардиология және инсульт бөлімшесі орналастырылмақ. Атаулы бөлімшеде ауданда алғаш рет ангиограф аппараты қарастырылады. Бұл аппарат жүрекке коронография жүргізіп, бітелген жүрек тамырларына стент қоюға көмегін тигізбек. Яғни, жүрекке қарай шап, қол арқылы адам ағзасына енгізіліп, жүрек тамырларын ашады. Инфаркт болып түскен науқастарға көп көмегі тиетін болады. Сонымен бірге МРТ аппараты да жоспарда тұр. Тағы айта кетерлігі, аурухана артынан инфекция бөлімшесі құрылысы да жүріп жатыр. Осы жапсар-жай құрылысы мен инфекция бөлімшесі құрылысы қаражаты арнайы мемлекеттік қордан бөлінді. Яғни, арнайы мемлекеттік қор дегеніміз кезіндегі шетелге кетіп, кері қайтарылған қаржылар. Қаламыздағы Шанхай мөлтек ауданынан 250 келушіге арналған емхана құрылысы қаржысын да арнайы мемлекеттік қордан қаржыландыруды ұсынып отырмыз. Егер бұл ұсыныс шешімін тапқан жағдайда құрылысы да басталмақ.

– Медициналық қолжетімділік туралы өзіңіз айтып өткендей, бүгінде ауруханаға жаңадан келген құрал-жабдықтар жайында сөз қозғасақ?!
– Құрал-жабдықтар бойынша жаңалау жұмыстары жыл сайын жүріп тұрады. Қазіргі уақытта жүкті келіншектерді 3Д УЗИ арқылы түсіруге мүмкіндік жасалды. Ол құрылғы перзентхана бөлімшесінде жұмыс істеп тұр. Функционалдық керуеттер, сонымен қатар дифибрилляторлар секілді құрылғылар келді. Мектептерге 3 стоматологиялық қондырғы алдық. Биыл да бұл қондырғының 2-3-ін аламыз деп отырмыз.
– Маман тапшылығы мәселесі өзекті екені анық. Бұл мәселені жоюдың амалы бар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Маман тапшылығы қазіргі кезде ауданда өте өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде біз, бұл мәселеге байланысты слайд дайындап жатырмыз. Яғни, ол слайдты басқарма басшысы, аудан әкімшілігі мен басшысына ұсынғым келіп отыр. Қазір 20-дан астам зейнеткер жұмыс істеуде. Олардың орнын алмастыратын маман жоқ. Жас дәрігер мамандар ауданға келмей тұр. Жалпы алғанда 30 шақты маман жетіспеушілігі туындап отыр. Бізге қиындық тудырып тұрған мәселенің себебі өзіміздің медицина мамандығын тәмәмдаған тумаларымыздың қайтып келмеуінде. Сонымен бірге Аралдың қала статусында болуы. Яғни, "Дипломмен ауылға" секілді бағдарламалар арқылы қалада үстеме ала алмайды.
Егер алдыма тар буынды дәрігерлер келсе, ешқандай мәселесіз жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, жұмысқа қабылдап та отырмыз. Бұл бағыт бойынша бізде біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, менің алдымдағы басшыға да травматолог маманын қажет еткен. Сол үшін бұл маманды мекеме есебінен оқытуын бастаған екен. Ендігі кезекте біз оны әрі қарай да жалғастырдық. Биыл бұл маман оқуын аяқтап келеді. Сонымен бірге өте сыйлы ағамыз демеушілік жасап, келісім шарт негізінде 2 маман даярлап жатыр. Бір ревматолог және бір жалпы тәжірибелі дәрігер оқытып отыр. Биыл мекеме есебінен аса қажетті мамандарды оқыту жоспарланған. Былтырғы жылы сәби бөліміне басқарма басшысы 2 неонатолог маманын қарастырып берді. Ол маман иелері жаңа туған нәрестемен айналысады. Міне, кадр жетіспеушілігі бойынша атқарып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарларымыз да бар. Алдағы 5-7 жыл ішінде дәрігер маманына өте үлкен жетіспеушілік болуы мүмкін.
– Біздегі маман тапшылығы әсіресе шалғай елді мекендерде өткір тұрған мәселе. Жас кадрларды өңірлерге тарту үшін не істелініп жатыр? Сонымен бірге дәрігер біліктілігі туралы айтып өтсек?!
– Негізі бізде елді мекендерде халыққа қызмет ету үшін жалпы тәжірибелі дәрігер болуы керек. Бізде ауданда 2 аурухана, 1 аудандық емхана, 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория бар. Сол 11 дәрігерлік амбулаторияда 11 жалпы тәжірибелі дәрігер болуы керек. Бүгінде 8 елді мекенге жалпы тәжірибелі дәрігер қажет. Ол жерлерде қазір аға дәрігердің қызметін фельдшерлер атқарып отыр. Жас кадрлар ауруханаларға келсе, сол жердің бөлім меңгерушісіне тапсырылады. Сол жерден біліктілігін арттырады. Жұмысқа қабылдамас бұрын кемінде 2 апта тәжірибелік тағылымдамадан өтеді. Сонымен бірге облыс орталығында орналасқан көпбейінді облыстық аурухана, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, облыстық перенталдық орталықтарға мамандарымызды тәжірибе алмасуға жіберіп келеміз. Ол жерлерде мамандар 2 апта оқып келді. 2024 жылы көптеген мамандарымыз біліктілігін жетілдірді. Сонымен бірге орта буынды мейіргерлерді де оқытып жатырмыз. Былтырғы жылы 42 аймақ бойынша 105 аяжан оқытылды. Ендігі кезекте осы жылы 200 үстінде аяжанды оқыту жоспарда. Бізде 600-дің үстінде орта медицина қызметкері және 140-тың үстінде дәрігер бар. Міне, осы мамандарды кезек-кезегімен, уақытымен оқытып жатырмыз.
– "Қамқорлық" реабилитация орталығы жұмысына тоқталсақ?!
– Бұл орталыққа облыстық бюджет есебінен, біздің «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасы ғимаратын толығымен күрделі жөндеуден өткізіп берді. Қазірде реабилитациялық орталықтың құрал-жабдықтары толығымен келді. Арал, Қазалы ауданының мүгедектігі бар балаларды емдеу орталығы болып ашылмақ. Бұл орталық мамандарын Астана қаласында қараша айынан бастап оқытып жатырмыз. Бұл орталықта көптеген реабилитацияға қажетті бөлмелер қарастырылған. Атап өтсек, шунгит бөлмесі, интерактивті сенсорлық бөлме, тұзды бөлме секілді көптеген бөлмелер мен ванналар бар. Балаларға қажетті аппараттардың барлығы қарастырылған. Осы бөлмелерге жауапты мамандар Қызылорда қаласы және Жаңақорған ауданынан көріп, тәжірибе алмасып келді.
Әңгімелескен, Айсауле НҰРЛАНОВА