Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Армия – ер мектебі

Армия – ер мектебі

Біз де солдат болғанбыз. Ата заңымызда жазылған тайға таңба басқандай азаматтық борышты екі жыл өтеп, Отанды көздің қарашығындай күзетуге, Президентке адал болуға салтанатты түрде ант бергенбіз. Он сегіз бен он тоғыздағы бозбалалардың сондағы «мен енді азамат болдым» деген түсініктегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес те шығар. Ешнәрсенің мәнін біле бермейтін бос белбеу жігіттерді болаттай шыңдап, тепсе темір үзетін жауынгер етіп шығаратын армияны жоғарыдағы бас тақырыпта айтқандай, ер мектебіне теңеуіміздің түпкі төркіні осында.
Қош. Үстіміздегі жылы 95 жылдық мерейтойын атап өтетін «Толқын» газеті, бертін келе аудандық «Архив» қоныстанған ғимаратқа таяуда Арал аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім орналасыпты. Аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығының жұмылдыру бөлімшесінің бастығы-бөлім бастығының орынбасары, майор Ерболат Бодыбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Жандыдан да, жансыздан да сыр баққан үркердей ғана жергілікті шығармашылық өкілдерінің бірі емеспін бе?! Журналистік жолындағы талай жыл осы ғимарат ішінде еңбек еткенім жадыма оралып, көзіме ыстық көрінді. Таныс аймақ, таныс маң деп қоямын іштей, ақиық ақын Мұқағалидың өлең жолдарын ой елегінде екшеп.
Майор Ермекбайұлына «көш көлікті» болсын деп бас сұқтым. Қуана қарсы алды. Енді орналасып жатқан сияқты. Ұжым уақытпен санаспайтынға ұқсайды. Хатшы да, қосшы да жұмыс үстінде. Әңгімеміз ә-дегеннен-ақ азаматтарды әскерге шақыру төңірегінде өрбіді.
– Ақпараттық кеңістік белең алған заман. Әскерге қатысты қаңқу сөз де көп. Ресми ақпарат көздеріне сенеміз. Біреу құптайды, біреу даттайды. Бұл енді қоғамның бүгінгі бейнесі. Биыл көктемгі әскерге шақыру науқанында көрсеткіш ойдағыдай болды ма? Жастардың армияға баруға деген құлшынысы қаншалықты деңгейде? Осыған тоқтала кетсеңіз...
– Әскерге  бару – кез-келген жанның парызы. Көпшілік арасында кереғар пікірлердің көрініс табатынын жасыра алмаймыз. Жылдың екі мезгілінде яғни, көктем мен күзде Жоғарғы Бас Қолбасшының арнайы жарлығы шығады. Соның аясында жұмыс жасап, жастарды азаматтық борышты өтеуге үндейміз. Бұған жергілікті атқарушы билік те жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» №563 –ІV заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2012 жылы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарын әскерге шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаттарын бекіту туралы»  № 620 қаулысына, «Қазақстан Республикасының азаматтарын 2025 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанда мерзімді әскери қызметке шақыру туралы»  Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығына сәйкес, Арал ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 27 ақпанындағы «2025 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыру туралы» №48-ші қаулысына сәйкес Арал ауданы бойынша 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілді.
– Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі қақында заңдылықтарды тағы бір мәрте көпшілік назарына ұсынғаныңыз орынды. Бүгінде сарбаз атанып, сапқа тұрудың маңыздылығын кейінгі буын жан-тәнімен ұғынса қанекей. Айтудың да, жазудың да кемі жоқ. Алайда, жастарымыздың басым бөлігі азаматтық борышты өтеуге жүрдім-бардым қарайтыны жасырын емес. 2025 жылы көктемгі мерзімді әскери қызметке аттанған азаматтар жайында тоқталсаңыз?
– Көпке топырақ шаша алмаймыз. Өзі сұранып, әскер өмірін көріп қайтамын деушілер де баршылық. «Медальдің да екі жағы бар» дегендей, кейбір жастар арасында қашқақтау кездесіп жатады. Олармен түсіндірме жұмыстарын қолға аламыз. Атап айтсақ, әрбір шақыру комиссиясына келген азаматтармен емен-жарқын сөйлесіп, отбасылық жағдайын зерделейміз. Жеке басының құлшынысын анықтаймыз. Мысалы, биылдың өзінде шекара қызметіне, Қарулы күштерге, Ұлттық Ұланға, мемлекеттік Күзет қызметіне аралдық жастар қабылданды. Абырой ортақ. Ата-ананың тәлім-тәрбиесімен көп нәрсені көңілге түйген ұландарымыз бүгінгі таңда ел тыныштығын қорғауда. Барлығы 102 жалындай жас еліміздің түкпір-түкпірінде әскери міндетін өтеп жатыр. Нақтырақ тоқталсақ, аудан орталығы Арал қаласының өзінде 37 бала әскери форма киіп, қолына қару алған. Тарқатар болсақ, «Тербенбес» тауының баурайындағы іргелі Сексеуіл кентінен 12 бала, Аралдың ақ алтынын өндіретін Жақсықылыш кентінен 11 бала әскери тактикаға машықтанып, темірдей тәртіптің талабына көндігуде. Ауданға қарасты өзге ауылдық округтерден де міндетті іске құлшына аттанғандар жетерлік. Қуантарлығы осы.
– Бүгінгі күні шақыру учаскесіне қай жылы туған жеткіншектер келуде? Осы жылдың көктемінде қанша бала шақырылып, дәрігерлік сараптамадан өткен?   Қысқаша тоқтала кетсеңіз...
– Жоғарыда бір сөзімде айтып өттім, әскерге шақыру науқаны ортақ жұмыс. Сондықтан жергілікті атқарушы билікпен бірлесе қимылдаймыз. Дәрігерлік сараптамадан өту барысында білікті медицина қызметкерлерін көмекке шақырамыз. Ақ халаттылар әрбір жасты жеке-жеке тексеріп, жарамды, жарамсыз екенін анықтайды. Комиссия кезінде қолына акт алып тұнжыраған жасты да, жарамды деген қағазды еншілеп, жанары оттай жанған жасты да көресің. Алдыңғысы үшін қынжыласың, соңғысы үшін қуанасың. Шақыру комиссиясына шақырылған 285 баланың, 223-і Арал аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімге бас сұғып, бастан-аяқ тексерілді. Тек, бес бала қалыс қалды.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әскерге барамын дегендерге жол ашық. Қолдау да мол. Ресми ақпарат көздері телеарнадан, баспасөз беттерінен бұл жайында көп естиміз. Әскери маман ретінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан демеу жайын атап өтсеңіз?
– Ол рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әскери борышын өтеп жүрген жастар үшін бар мүмкіндікті қарастырып, қолдау тетіктерін заңдастырды. Мысал ретінде айтар болсақ, Арал ауданынан әскерге аттанып, жоғарғы оқу орнының сертификатын жеңіп алған жастарымыз баршылық. Бұл дәтке қуат, көңілге демеу. Атап айтсақ, сарбаздар Нұралы Есіркен Ержанұлы, Арман Анапияев Бердібекұлы, Нағашыбаев Әнуар Қоңырбайұлы, Алмұрат Алмас Мейрамбекұлы абыройды асырып, мерейді тасытты. Жастарға осындай қолдаулар үлкен мотивация болары анық. Бұдан бөлек мерзімді әскери қызметін өтегендер жоғарғы оқу орындарында тегін оқи алады. Жұмысқа орналасу барысында да қолдау бар. Әскери қызметін аяқтаған соң қызметке орналасуға да ықпал жасалған. «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында мерзімді әскери қызметін өтеп қайтқан жастардың қоғамнан өз орнын табуына мүмкіншіліктер қарастырылуда.
– Керемет қолдау. Бүгінгідей екі қолға бір күрек табу қиынға айналған заманда жастарымыз Отан алдындағы борышын өтеп, аман-есен елге оралған соң туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқаны жақсылықтың нышаны. Алатау мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр даланы найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған бабаларымыз Жер-ана деген құндылықты бізге аманаттады. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батыр ұлдарымыз сол аманатқа селқос қарамай, Отан алдындағы абыройлы міндетті мінсіз өтеп, айдынды өлкенің атына кір келтірмейтініне сеніміміз мол. Біраз әңгіменің тінін тарқаттық. Көп жәйтті қаузадық. Алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін көп рақмет! 
Әңгімелескен А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: автордан
10 тамыз 2025 ж. 62 0