Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Владислава Владимирова: Елдің мәдени түп-тамыры мықты

Владислава Владимирова: Елдің мәдени түп-тамыры мықты

            Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы Еуропалық Комиссия қаржыландыратын «Кавказ және Орталық Азияға арналған әлеуметтік инновациялар: даму көмегі, инновация және қоғамдық трансформация» (CARSI) жобасы аясында халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатуда. Сол серіктестердің бірі – Швециядағы Уппсала университетінің доценті Владислава Владимирова. Біз ғалыммен теңізді өлкеге сапары кезінде сұхбаттасып, оның жоба туралы ойымен қатар, қазақ қоғамына, мәдениетіне және тұрмыс-тіршілігіне деген қызығушылығын да білдік.          – Владислава ханым, ең алдымен, CARSI жобасы туралы айтып өтсеңіз. Бұл бастама не мақсатта жүзеге асырылып жатыр?
          – CARSI жобасы – Еуропалық Комиссияның қолдауымен жүзеге асып жатқан маңызды бастама. Оның негізгі мақсаты – Кавказ және Орталық Азия елдерінде әлеуметтік инновацияны дамыту, қоғамдағы трансформация үдерістерін зерттеу және аймақаралық ынтымақтастықты нығайту. Жоба арқылы біз тек ғылыми зерттеу ғана емес, сонымен қатар, нақты қоғамға әсер ететін, әлеуметтік тұрғыда тиімді тәжірибелерді қалыптастыруды көздейміз. Мен үшін бұл тек ғылыми жұмыс емес, шынайы өмірді түсінуге, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасына үңілуге мүмкіндік.
          – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен серіктестік қалай қалыптасты?
          – ҚазҰУ – Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының мамандары өз ісінің шебері екенін байқадым. Біз жобаның алғашқы кезеңінен бастап белсенді байланыс орнаттық және бұл серіктестік маған үлкен тәжірибе сыйлады. Алматыға келген сайын студенттердің, жас ғалымдардың қызығушылығын, жауапкершілігін көріп, болашақтың мықты екенін сеземін. Осындай ынтымақтастық жобаның ең үлкен жетістіктерінің бірі.
          – Сіздің қазақ қоғамына, дәстүріне деген ерекше қызығушылығыңыз бар екенін білеміз. Нені ерекше атап өтер едіңіз?
          – Иә, мен үшін қазақ мәдениеті – өте жылы және терең мәдениет. Ең алдымен, мені қазақ халқының мейірімі мен бір-біріне жанашырлығы таңқалдырды. Мұндай жылы қарым-қатынас қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының негізгі кілті деп ойлаймын. Мен осындағы Жалаңаш ауылындағы бір қазақ отбасында қонақта болдым, сонда байқағаным отбасының әр мүшесі үй тіршілігіне белсенді араласады. Барлығы бірге еңбек етіп, бірге қуанып, бірге демалады. Бұл нағыз әлеуметтік инновация!
          Сіздің түйелерге деген ерекше ықыласыңыз бар екенін естідік. Бұл қызығушылық қайдан пайда болды?
          – Иә, бұл рас! Түйелер – менің сүйікті жануарларым. Мен оларды тек жануар ретінде емес, мәдени символ ретінде зерттеймін. Түйе – төзімділіктің, даналықтың және шыдамның бейнесі. Қазақ даласында түйелердің адам өміріндегі рөлі өте ерекше: олар көлік, азық көзі, мәдениет бөлігі. Мен тіпті өзімнің ғылыми зерттеуімде түйелердің әлеуметтік маңызын да қарастырдым. Себебі олар тек экологиялық емес, мәдени және экономикалық тұрақтылықтың көрінісі.
          – Жоба аясында алдағы жоспарларыңыз қандай?
          – Алдағы жылдары біз аймақтық әлеуметтік инновацияларға қатысты далалық зерттеулерді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мен Қазақстанда болуды әрдайым қуаныш деп білемін, себебі мұнда адамдардан шабыт аламын. Бұл елдің әлеуеті өте жоғары, әсіресе жастардың интеллектуалдық деңгейі мен мәдени түп-тамыры мықты.
          Сіз үшін Қазақстан несімен есте қалды?
          – Ең алдымен – адамдарымен. Қазақтар өте қонақжай, кеңпейіл және мейірімді халық. Мен мұнда өзімді бөтен сезінбеймін. Даладағы тыныштық, қаладағы қозғалыс және адамдардың жүзіндегі жылылық бәрі үйлесім тапқан. Сондықтан мен әр келген сайын өзімді тек зерттеуші емес, достарының ортасына келген адамдай сезінемін.

Сұхбаттасқан, А.НҰРЛАНОВА
11 қараша 2025 ж. 73 0