Бауыржан МАХАТОВ: Тіл тазалығы – қоғам мәдениетінің айнасы
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы түрлі жиындар мен Жолдауларында бірнеше маңызды ой айтқан. Оның сөздері Қазақстандағы тіл саясатының негізгі бағытын айқындайды. Президент: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап өткен. Бұл жерде мемлекеттік тіл тек ресми деңгейде ғана емес, қоғамдағы барлық азаматтарды біріктіретін ортақ тілге айналуы тиіс екені айтылған. Сондай-ақ ол мемлекеттік тіл – біздің бірлігіміздің басты факторы екенін бірнеше рет ерекше атап өтті. Яғни қазақ тілі тек коммуникация құралы емес, ұлттық тұтастықтың негізі ретінде қарастырылады. Осы ретте аудандағы тіл тазалығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бауыржан Махатовпен сұхбаттасқан едік.– Ең алдымен, көрнекі ақпарат пен жарнама тілдеріне қатысты заң талаптарын кеңірек түсіндіріп өтсеңіз...
– Қазақстандағы тіл саясаты Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңы аясында реттеледі. Аталған заңның 21-бабында деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастырудың нақты тәртібі белгіленген. Яғни, кез келген маңдайша, жарнама, хабарландыру, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері сияқты ақпараттар міндетті түрде мемлекеттік тілде берілуі тиіс. Қазақ тілі негізгі орында тұрады: сол жағында немесе жоғарғы бөлігінде жазылады. Ал орыс тілі тиісінше оң жағында немесе төменгі бөлігінде орналасады және қаріп өлшемдері бірдей болуы шарт.
Қажет болған жағдайда басқа тілдерге де аударуға болады, бірақ олардың қаріп өлшемі белгіленген талаптан аспауы тиіс. Сонымен қатар мәтіндер орфографиялық нормаларға сай, мазмұны жағынан тең, түпнұсқалы аударылуы қажет. Бұл талаптар тек сыртқы жарнамаға ғана емес, ішкі көрнекі ақпараттарға да толықтай қатысты.
– Аудан көлемінде осы талаптардың сақталу деңгейі қандай? Нақтымысалдаркелтіреаласыз ба?
– Жалпы алғанда, оң өзгерістер бар, бірақ мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Кейбір кәсіпкерлік нысандар заң талаптарын сақтап, маңдайшаларын екі тілде дұрыс рәсімдеп жатыр. Алайда бірқатар нысандарда талаптардың өрескел бұзылуы кездеседі.
Мысалы, маңдайша жазулары тек орыс тілінде немесе ағылшын тілінде ғана жазылған жағдайлар бар. Кейбір дүкендер мен қызмет көрсету орындарында қазақ тіліндегі мәтін мүлде жоқ немесе қате аударылған. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірлерінің қазақша нұсқасының болмауы жиі кездеседі. Бұл – тұтынушылардың құқықтарына да әсер ететін мәселе.
– Осы бағытта бөлім тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біз бұл мәселені тек бақылаумен емес, түсіндіру жұмыстары арқылы да шешуге тырысамыз. Тоқсан сайын аудан көлемінде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Рейд барысында кәсіпкерлерге заң талаптары жан-жақты түсіндіріледі.
Сонымен қатар, біз кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсетеміз: маңдайша жазуларын орналастырудың схема-үлгілерін ұсынамыз, «Тағам атаулары сөздігін» таратамыз, сондай-ақ Республикалық терминология комиссиясы бекіткен салалық терминдер жинақтарымен қамтамасыз етеміз.
Көп жағдайда кәсіпкерлер талаптарды білмегендіктен қателікке жол береді. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстары өте маңызды.
– Соған қарамастан талаптарды елемейтін кәсіпкерлер де бар ма?
– Иә, өкінішке қарай, ондай жағдайлар кездеседі. Кейбір кәсіпкерлер заң талаптарын біле тұра, немқұрайлылық танытып жатады. Маңдайша жазуларын тек шет тілінде қалдырып, қазақ тіліндегі нұсқасын қоспайды немесе сапасыз аудармамен шектеледі.
Бұл – тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар тілге деген құрметтің төмендігін көрсетеді деп ойлаймын.
– Жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес қандай жаңашылдықтар бар?
– Соңғы өзгерістерге сәйкес, әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде тіл туралы заң талаптарын бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.
Ендігі жерде мұндай құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау құзыреті жергілікті атқарушы органдарға берілді. Атап айтқанда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне әкімшілік іс жүргізу өкілеттігі жүктелді.
Біздің уәкілетті мамандар құқық бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік хаттама толтырып, тиісті шара қолдана алады. Бұл – заң талаптарының нақты орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
– Айыппұл салу тәжірибесі қашаннан бастап жүзеге асады?
– Биылдан бастап заң талаптарына қайшы келетін көрнекі ақпараттар үшін айыппұл салу практикасы енгізіліп отыр. Бұл жерде айта кету керек, біз бірден жазалау шарасына көшпейміз. Алдымен ескерту беріледі, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер кәсіпкер талаптарды орындаудан бас тартса немесе қайтадан бұзушылыққа жол берсе, онда әкімшілік шаралар қолданылады.
– Бұл өзгерістердің жалпы қоғамға әсері қандай болады деп ойлайсыз?
– Бұл өзгерістер ең алдымен мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. Көрнекі ақпарат – күнделікті өмірде ең жиі кездесетін тілдік орта. Егер барлық жазулар дұрыс әрі сауатты қазақ тілінде болса, бұл тіл мәдениетінің қалыптасуына үлкен әсер етеді.
Сонымен қатар, бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етудің бір көрінісі. Яғни, талап бар жердеоныңорындалуы да міндеттіболуытиіс.
– Кәсіпкерлерге қандай нақты кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарау. Көрнекі ақпараттарды әзірлеу кезінде қазақ тіліндегі мәтіннің сапасына ерекше көңіл бөлу керек. Орфографиялық қателерге жол бермеу, дұрыс аударма жасау маңызды.
Егер қиындықтар туындаса, біздің бөлімге жүгінуге болады. Біз әрқашан әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар, дайын үлгілер мен сөздіктерді пайдалануды ұсынамыз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын күшейтумен қатар, мониторинг жұмыстарын да жүйелі түрде жүргіземіз. Кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, олардың сауаттылығын арттыруға күш саламыз.
Біздің мақсат – жазалау емес, ортақ жауапкершілік қалыптастыру. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру — баршамызға ортақ міндет.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Н.БАҚЫРАН










