Тіл тазалығы мен талабының таразысы
Тілдің шұбарланғаны сондай, ертедегі би-шешендеріміз тіріліп келер болса, біздің сөйлеу мәдениетімізді көріп қу жанынан түңілер ме еді, қара тасты қақ жаратын шешендік тіркестердің орнына адам баласына түсініксіз, қиғаш-қиғаш құр сөзді естігенде қамшысын екі бүктеп осып жіберер ме кім білсін?!Тазалық – тілден
Тіл тазалығы бүгінде мәңгілік күреске айналды. Қоғамның сөйлеу, жазу нормаларын сақтау мен қатар қазақ тілінің мүмкіндігін өз орнымен пайдаланып, оны дұрыс қолдана білуі актуалды тақырыпқа айналып жатқаны өтірік емес. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие тілдің тазалығы және оның басқа тілдер алдында ырықтылығы ең маңызды мәселе.
Бауыржан Момышұлы өз заманында даналықтан құралған қазыналы қазақ тілі турасында «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жадыратып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгілі жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» деген болатын. Ендеше осындай құдіретті тілімізді қадірлемеуіміздің мәні неде?
Мемлекеттік тілдің мәртебесі
Қазақстанда тілдердің қолданылуын реттейтін құжат 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заң. Онда атап айтқанда, мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – мемлекеттің барлық аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында әрекет ететін мемлекеттік басқару, заңнама, сот өндірісі және іс жүргізу тілі. Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың парызы, ал тілдің өзі – қазақстандықтарды біріктірудің маңызды факторы.
Бұл жағдайларға қарамастан 2019 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеушілер қатары 90%-ды құрайды, ал орыс тілінде ел тұрғандарының 92%-ы еркін сөйлейді. Иә, бұл көңіл қуантарлық жағдай. Дегенмен, «Алайда бұл қазақстандықтардың 90 пайызы еркін жазып, сөйлей алатын деңгейге жетті дегенді білдірмейді. Яғни бұл аталған зерттеу нәтижелері республика тұрғындарының басым көпшілігі мемлекеттік тілді өз дәрежесінде еркін білетінін, жаза алатынын, кәсіби лексиканы меңгергенін, қалған бөлігі еркін сөйлегенімен жаза алмайтынын, ал кейбірі тек қана түсіндіре алатын деңгейде екенін көрсетті» делінген Тіл саясаты комитетінің ресми жауабында. Қанша жерден ел тұрғындары қазақ тілін біліп тұрғанымен оны қолданысқа енгізбей, қарапайым тұрмыста орыс тілінде сөйлесе пайдасы қандай? Сондықтан тілдің білушілердің емес, қолданушылардың маңызы көбірек.
Өткен жылы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдегендей, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылу деңгейі 1991 жылы шамамен 2 % болса, қазіргі уақытта 62 % пайызға жеткен.
Ең қызығы, биыл өткен зерттеуде халықтың 80.1 %-ы кәсіби немесе жұмыс саласында қазақ тілінің қажетті екенін көрсетті; 35.5 %-ы орыс тілінің, 23.8 %-ы ағылшын тілінің маңызын атап өткен.
Қолданыс аясын қалай кеңейтеміз?
Бүгінге дейін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің 2 жолы ұсынылған. Оның бірі – «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылсын» деген заңнаманың күшін жою болса, екіншісі – қазақ тіліне қажеттілік тудыру, яғни еліміздегі іс-қағаздар өндірісін толықтай қазақ тіліне көшіру.
Бірінші ұсыныс туралы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауы кезінде қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие және оның қолданылуын шектеуге болмайды.
– Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, – деді Тоқаев.
Осыдан кейін ол орыс тілінде:
– Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңымыз бойынша, оның қолданысын шектеуге болмайды, – деді. Жалпы ол мәселе тек қана біздің қоғамның ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың да бір саласы екенін айта келіп, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымызды сұрады.
Екінші ұсыныс бойынша қазіргі таңда көптеген жұмыстар жүргізілуде. Оның бір мысалы ретінде қазір кез келген мемлекеттік жұмысқа орналасу кезінде міндеттелетін қазақ тілі меңгеру деңгейін атап өтуге болады. Ол міндеттілік коммерциялық мекемелерде де бар. Сонымен қатар түрлі супермаркет, дүкен, сауда орталықтарындағы жарнама сөздерін алдымен қазақ тілінде жазылуы туралы заң бар екенін бәріміз білеміз. Заманауи фильмдер мен кітаптардың да қазақ тіліне көптеу аударылуы жастар арасындағы тіл қолданысының аясын кеңейту үстінде. Және заң жүзінде жұмыс жасамаған, мемлекеттік тілімізге қатысты заң бұзған жандардың жауапкершілікке тартылуы да өз пайдасын көрсетуде.
Мысалы, бәріміз білетіндей, Алматы қаласындағы «Park Avenue» мейрамханасында қазақша мәзір сұрап, мәзір тек өзге тілде болып, «ұнамаса, келмеңіздер» деген жауап алған автордың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Келушілер «2GIS» бағдарламасы арқылы дәмхананың рейтінген де түсірген. Міне, бұндай оқиғалар қазіргі таңда заң аясында тіл мәртебесінің көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Аудандағы ахуал
Ауданда да тіл саясаты тұрақты назарда. Бұл туралы Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Ібірашұлы:
– Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастыру үшін аудан әкімінің «Жұмыс тобын құру туралы» 2024 жылғы 2 қазандағы №48 Ө/НҚ өкіміне сәйкес, аудандық жұмыс тобы құрылды.
Жоспардың 9 тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 5 ақпанында, 25 сәуірінде және 8 тамызында қала аумағындағы маңдайша және сыртқы көрнекі жарнама мәтіндері «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестігіне зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде заң талаптарына сай келмейтін 15 кәсіпкерлік нысан анықталып, иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көрнекі ақпарат мәтіндерін жазу мен орналастыру бойынша әдістемелік жадынамалар таратылды.
2025 жылдың 8 тамызында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» атты семинар өткізіліп, кәсіпкерлерге тағам атауларының қазақша нұсқалары бар сөздік пен салалық терминдер жинағы таныстырылды.
Сонымен қатар 19-22 қыркүйек аралығында рейдтік бақылау жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге маңдайша жазулары мен мәзірлердің мемлекеттік тілдегі үлгісі ұсынылды, – дейді.
Бұл бастамалар тек заң талаптарын орындауға емес, сонымен қатар тұрғындардың тіл мәдениетін арттыруға, бизнес иелерінің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар Бауыржан Махатов:
– Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.
Егер еліміздің заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тiлдерде де орналастырылады. Ал ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.
Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс, – дейді.
Қазақ тілінің қолданыс аясы турасында:
– Ауданда қазақ ұлты көп болғандықтан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы туралы ешқандай мәселе жоқ. Тұтынушылар да, кәсіпкерлер де таза қазақ тілінде қызмет алып, қызмет көрсетуге қауқарлы, – деп пікір білдірді.
Түйін: қазақ тілінің шалалығы мен қадірінің кетуі кімнің де болса жанына бататыны анық. Оның алдын алуға тіл мәдениеті үшін күресті ең алдымен ауызекі сөйлесуден бастағанымыз дұрыс. Өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы, шұбарлап сөйлейтін үлкендерді, жастарды, замандастарды кездестіріп қаламыз. Біздің алдағы міндетіміз – қарапайым тұрмыстан бастап қай кезде болса да барынша қазақ тілін қолдану. Тіл жанашыры ретінде бұл проблемалардың алдын алу қоғамдағы әрбір жанға байланысты екендігін ұмытпауымыз керек. Бастысы аз-аздан болса да тоқтамай жұмыс жасау.
Қазақ тілі – еліміздің айнасы. Тілі жоқ елдің көпке бара алмайтындығы бәрімізге аян. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз екенін ұмытпайық.
Гүлмарал САҚТАПОВА










