Тіл – ұлттық болмыстың бастауы

Ата-бабаларымыздың осы қасиетті ардақты аманаты қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып тұр. Ана тіліміздің бүгіні мен болашағы жайлы әркім әр түрлі пікір айтады. «Жоғалып, өшіп кеткен тілдердің қайта тіріліп келмейтіні белгілі. Жаңадан тіл пайда болмайды. Тілдердің пайда болу дәуірі біткен. Сондықтан, қазіргі барымызды мәпелей білуіміз керек», дейді жазушы Ш.Айтматов. Ендігі уақытта өз тілімізді өгейсітіп алмай, кейінгі ұрпаққа қалдыру жолын қамдағанымыз жөн. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп жатқанда, біздің тіл мәселесіне немқұрайлы қарауымызға мүлдем болмайды.
Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған. Қазіргі күні осы мақсатқа титтей де болса жақындай алдық па?! Қазақша аудармасы бар, алайда, сол аударманы пайдаланбай күнделікті қолданып жүрген ВКонтакте, WhatsApp, фейсбук, инстаграм, тик-ток сынды әлеуметтік желілердегі сөздерімізден бөлек, бүгінде сөз арасында пайдаланып жүрген «уже, вовсе, звонит, контакты, личка, трасса, сахар, телевизор, новый, оптом, активный, пассивный, баня, фото, очки бұдан да басқа» көптеген өзге тілден енген сөздер тілімізге сіңісіп, төл тілімізді шұбарлап бара жатқан жоқ па?! Тіл – халық қазынасы. Ал, мұндай сөздердің тілімізге сіңісіп, болашақта өз атауларын жоғалтуы ғажап емес. Жастарымыз ана тілінде айтылған тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінбек түгілі, оны түсінуге талпынбайды да. Тіл – ұлттық тәрбиенің негізі. Туған тілдің тағдырын ойлағанда, ең бірінші көз алдымызға бүгінгі ана тілін дұрыс білмейтін жас ұрпақ елестейді. Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз. Сондықтан тілге деген құрмет сонау бала бақшадан басту алу керек деп ойлаймын. Анығында әрбір қазақтың баласы алдымен ана тілінде анық әрі ашық сойлей алу керек. Басқа тілдер қажеттілікке қарай қолданылады.
Мәншүк Талғатқызы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті