Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заң үстемдігі – басты қағида

Заң үстемдігі – басты қағида

Сот төрелігінің әділ жүзеге асырылуы – құқықтық мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісінде сот жүйесіне жүктелер жауапкершілік зор. Осы орайда аудандық соттардың қызметі, сот өндірісіндегі жаңашылдықтар мен құқықтық реформалардың жүзеге асырылуы жұртшылық назарынан тыс қалмайды. Біз осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Арал аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергеновпен сұхбаттасып, сот жүйесіндегі өзгерістер, сот төрелігін жүзеге асыру барысы және аудан көлеміндегі сот жұмысының ерекшеліктері туралы әңгімелескен едік.
– Аудандық соттың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында қысқаша айтып өтсеңіз?
– Соңғы жылдар еліміздің сот жүйесі үшін тынымсыз ізденістер мен батыл бетбұрыстарға толы болды. Сот жұмысын ілгерілету бағытында түрлі пилоттық жобалар, заңнамалық жаңашылдықтар, сондай-ақ түрлі заманауи электронды технологиялық жаңалықтар енгізілді.
Бүгінде сот қызметін ашық, жедел, қолжетімді ету мақсатында енгізілген осы заманауи технологиялар, сондай-ақ сот жүктемесін оңтайландыру мен дауларды соттан тыс реттеуді жетілдіруге бағытталған жобалар сотта жүйелі жүзеге асып, халық игілігіне қызмет көрсетуде.
Сот қызметінің негізгі мақсаты – әділ сот төрелігін жүзеге асыру, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру.
Қазіргі уақытта аудандық сотта азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер заң талаптарына сәйкес қаралуда. Әрбір іс бойынша тараптардың құқықтары сақталып, дауларды заң аясында әділ шешуге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар татуластыру рәсімдері мен медиация институтын дамыту арқылы тараптарды өзара келісімге келтіру жұмыстары да жүргізілуде.
Сот жүйесін жаңғырту аясында цифрлық технологиялар кеңінен енгізілген. Электрондық құжат айналымы, онлайн сот отырыстары және электрондық сервистер азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері мен робототехника сот ісін жүргізуді оңайлатып, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтіп, процестердің ашықтығын арттыруда.
– Өңірде заңның сақталуы қалай? Қандай істер көп қаралады?
– Әрбір жаңашылдық, заңнамадағы өзгерістер, жобалар көпшілікке түсіндіріліп, назарларына жеткізілгеннен кейін барып жүзеге асатындығы белгілі. Осыған орай, жаңашылдықтарды тиімді жүзеге асыру бағыттарын, оның халыққа берері мен нәтижелілігін барынша жеткізуге тырысамыз. Сол секілді белгілі бір қылмыстарға, әкімшілік құқық бұзушылықтарға заңнамалық жауапкершіліктің қатаңдатылғаны жайында да ақпараттандыру шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Ал қандай істер көп қаралады деген сауалға келер болсақ, сот өндірісінде қаралған қылмыстық істер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстыра қарағанда қарайлас келеді. Ол бойынша істер санының көбею немесе азаю жағдайлары байқалмайды. Ал, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша түсіп, қаралған іс саны өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда едәуір артқан.
Мәселен, өткен жылдың бес айында аудандық сотта 485 азаматтық іс қаралып аяқталса, осы жылдың есепті кезеңінде 677 азаматтық іс қаралған. Көріп отырғанымыздай, қаралған іс саны 192 іске артқан.
Сол секілді, өткен жылдың осы кезеңінде 269 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралса, биылғы жылдың бес айында 411 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған. Айта кету керек, мұның көпшілігін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабында көзделген ортақ пайдаланылатын орындарды ластау құқық бұзушылықтары құрайды. Мұндай құқық бұзушылықтар азаматтардың қоғамдық орындарда тазалық сақтау қағидаларын сақтамауынан, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды арнайы белгіленген орындарға тастамай, кез келген жерге қалдыруынан туындап отыр. Сондықтан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселесіне бей-жай қарамайық дегім келеді.
Сотта қаралатын азаматтық дауларға келер болсақ, олардың басым көпшілігін келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайды.
Заманымыз дамыған сайын дау-жанжалдардың да түрі көбейді. Соның ішінде қарызға ақша беріп, өз ақшасын ала-алмай жүргендерді көп кездестіруге болады. Сол сияқты несие қарыздарын өндіру туралы талаптар көптеп түсуде. Қарызға ақша немесе басқалай зат алған адамға қарызды қайтару туралы белгілі бір міндеттеменің жүктелетіні белгілі. Алайда, мұндай даулардың артуы азаматтардың тиісті міндеттемені орындауға немқұрайлы қарауынан және де оны орындауға асықпайтындарынан деп санаймын. Сонымен қатар, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы арыздар саны артуда.
Өңірде заңның сақталуы жайына келер болсақ, алаңдатарлық мәселе жүргізушілердің көлікті масаң күйде басқару жағдайларының тыйылмауы дер едім.
Жол-көлік оқиғасының өздігінен туындамайтыны белгілі. Ол жол жүрісі қағидаларының қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осы орайда, жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған және жол-көлік оқиғасына басты себеп болатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі, бұл көлікті масаң күйде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Бұл көліктегі құқық бұзушылықтардың ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Көлікті масаң күйде жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, ішімдік ішіп көлік жүргізу әрекеті бүгінде тыйылмай тұр.
Статистикалық мәліметке сәйкес Арал аудандық сотында өткен жылдың бес айында көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 25 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл жыл басынан бері 26 азамат жауапкершілікке тартылған.
Тіпті, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлікті масаң күйде қайта басқаратындар да кездеседі. Алайда, бұл әрекет қылмыс болып табылады. Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі болып танылған тұлға, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осыған байланысты Арал аудандық сотында 2025 жылы 5 адам, 2026 жылдың 5 айында 1 адам бас бостандығынан айыру жазасына сотты болып, көлік құралын басқару құқықтарынан өмір бойына айырылған.
Мас жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да, ішімдік ішіп, есірткі тұтынып масаң күйде көлік басқару орны толмас қайғыға себепші болатынын естен шығармаған абзал.
– Жаңа бір сөзіңізде татуластыру рәсімдері мен медиация институтын дамыту арқылы тараптарды өзара келісімге келтіру жұмыстарының да жүргізіліп жатқанын тілге тиек еттіңіз. Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз.
Иә, бүгінде тараптардың өзара ымыраға келуі арқылы азаматтық істерді медиация тәртібімен тоқтату тәжірибесі жиі кездеседі. Мұндай рәсімдер процеске қатысушылар арасындағы қатынастарды реттеп қана қоймай, сотта қаралатын істердің санын азайтуға да ықпал етеді. Жалпы, сот дауларында тараптардың келісімге келуі - істі шешудің ең тиімді жолдарының бірі. Себебі мұндай жағдайда жеңілген тарап болмайды, екі тарапта қол жеткізілген нәтижеге қанағаттанады.
Азаматтық процестік заңнамада дауларды татуласып, өзара келісімге келу жолымен шешу тәсілдері қарастырылған. Соған сай дауласушы тараптар дауды татуласу келісімін, медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер заңнамада өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін.
Аталған рәсімдер бойынша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Келісімдер оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс.
Негізінен татуластыру рәсімдерінің қай тәсіліде тараптарға тиімді, өйткені мейлі ол партисипативтік келісім болсын немесе татуласу келісімі не медиациялық келісім болсын, әр тарап оны жасасқанда өзіне қолайлы шартты қабылдайды.
Арал аудандық сотында өткен жылы татуласу рәсімдерін қолдана отырып 672 азаматтық іс аяқталса, биыл жыл басынан бері 248 іс аяқталған.
Сөз орайы келгенде айта кету керек, дауды соттан тыс реттеуге тырысқан азаматтар қоғамдық немесе кәсіпқой медиаторларға, сондай-ақ ауданымызда құрылған билер кеңесіне жүгінуіне болады.
«Жақсы даудан жаман бітім артық» демекші, азаматтар дауды келісіммен шешудің тиімділігін түсініп, әрі ол үшін заңдық тұрғыда толық жағдай қарастырылғанын біліп жүргені жөн.
– Өткен жылы елімізде дербес кассациялық соттар өз жұмысын бастады. Осы жаңа кассациялық соттардың ерекшеліктері мен тиімділігі жайында айтып берсеңіз.
– Құқықтық мемлекетте сот жүйесінің әділ әрі тиімді жұмыс істеуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі болып табылады. Осыған орай, елімізде заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына бағытталған көптеген іргелі реформалар жүргізіліп келеді. Осы реформалар аясында елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылып, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысын бастады.
Бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кассациялық сотты жасақтау жөніндегі тапсырмасынан соң жүзеге асты. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін дербес кассациялық соттар құрудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Қазір кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталды. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, тікелей кассациялық шағым береді.
Кассациялық соттар «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Енді барлық келіп түскен шағымдар іс жүргізуге қабылданып, мәні бойынша кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Істерді кассациялық тәртіпте қарау мерзімі алты айдан аспайды.
Жоғарғы Сот жоғары сот органы ретінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын болады.
Көптеген дамыған мемлекеттерде кассациялық саты сот жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Қазақстан да сот жүйесін жетілдіру барысында халықаралық тәжірибені ескеріп келеді.
Жалпы кассациялық соттың дамуы тек заңгерлер үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Себебі әрбір азамат өз құқығы бұзылған жағдайда әділ сот төрелігіне қол жеткізе алатынына сенімді болуы тиіс. Кассациялық саты – осы сенімді қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктердің бірі.
– Азамат ретінде елдегі қандай мәселе сізді қатты ойландырады?
– Ғасырлар қойнауынан бізге аманат болып жеткен ана тіліміздің қазіргі қолданылу аясы көңіл алаңдатады. Олай дейтінім, 2026 жылдың алғашқы бес айында қаралған істердің үлес салмағына жасалған бағам бойынша Арал аудандық сотында азаматтық істердің мемлекеттік тілде жүргізілу көрсеткіші 44,9% құраған.
Осы орайда, Азаматтық процестік заңнамаға сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты белгіленетіндіктен, аудандық сотта орыс тілінде қаралған істер қатарын өзге өңірлерден түсетін арыздар, талап қоюлар құрап отқанын айта кету керек.
Өкініштісі, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысуы тиіс деген мекемелердің, ұйымдардың іс қағаздарын жүргізуде, процестік құжаттарды, талап қоюларды жазуда орыс тіліне басымдық беретіні.
Жалпы, мемлекеттік тілдің еркін қанат қағып кете алмауының басты себебі – оған өзіміздің немқұрайлы қарауымыз деп ойлаймын. Олай дейтінім кейбір азаматтар заңгерлердің орыс тілінде жазып берген талап қоюына, арызына мән бермей, оны сотқа тапсырады. Кейін сот процесі барысында сол тілді жеткілікті деңгейде білмегендіктен, өз талаптарын толық түсіндіре алмай жатады. Осындай жағдайларды көргенде, еріксіз қынжыласың.
Өз тілін қастерлеген жанның өз елінің болашағына да зор үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау-баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген жөн.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдар САЙЛАУОВ
20 маусым 2026 ж. 33 0