Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділ сот – құқық кепілі

Әділ сот – құқық кепілі

Жыл сайын 24 маусымда елімізде Судья және сот қызметкері күні аталып өтеді. Бұл мереке – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлеріне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Ата Заңымызда белгіленгендей, сот жүйесі-мемлекеттік биліктің бір тармағы. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдағы әділдікті орнықтыру.
Әрбір азамат өз құқығының қорғалатынына және даулы мәселелердің заң аясында әділ шешілетініне сенімді болуы тиіс. Осы сенімді қалыптастыратын негізгі тұлға – судья. Судьяның кәсіби біліктілігі, заңды терең меңгеруі, бейтараптылығы мен адамгершілік қасиеттері сот төрелігінің сапасын айқындайды. Әрбір сот шешімі адамдардың тағдырына тікелей әсер ететіндіктен, судьяларға үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Сот төрелігін жүзеге асыру тек судьялардың еңбегімен шектелмейді. Сот қызметкерлері де осы маңызды істің ажырамас бөлігі болып табылады. Олар сот жұмысының үздіксіз әрі сапалы ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді. Іс қағаздарын жүргізу, құжаттарды рәсімдеу, сот отырыстарын ұйымдастыру және азаматтарға қызмет көрсету сияқты маңызды міндеттерді атқара отырып, сот жүйесінің тиімді қызмет етуіне зор үлес қосады.
Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесі үшін тынымсыз ізденістер мен батыл бетбұрыстар кезеңі болды. Сот жүйесін жаңғырту бағытында түбегейлі реформалар жүргізілді. Қолданысқа жаңа институттар енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды. Судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.
Судьяларды іріктеу мен даярлау тетіктері жетілдіріліп, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігі артты. Заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп, электрондық сот ісін жүргізу жүйесі іске қосылды. Соның нәтижесінде азаматтардың сот қызметтерін алу мүмкіндіктері кеңейді. Бұл өзгерістердің табысты жүзеге асуына судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен адал еңбегі негіз болып отыр.
Бүгінде сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін сотта тиімді қорғауды қамтамасыз ету талаптарына толық сай келеді деп сеніммен айтуға болады.
Сондықтан Судья және сот қызметкерлері күні – кәсіби мереке ғана емес, әділдік қағидаттарын дәріптейтін ерекше күн. Бұл мереке сот жүйесінде еңбек етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегін бағалауға, олардың қоғам алдындағы жауапты қызметін насихаттауға мүмкіндік береді.
Арал аудандық сотының судьясы
А.Асанхан.
11 маусым 2026 ж. 40 0