Әдепті судья – әділ соттың кепілі
Қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы маңызды міндетті жүзеге асыруда сот жүйесінің рөлі ерекше. Ал сот төрелігінің әділ әрі дұрыс орындалуын қамтамасыз ететін негізгі тұлға - судья.«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған халқымыз. Осы ұлағатты сөздің астарына ұлттық таным-түсінікпен тереңірек үңілсек, әділ би үшін туыс, жақын, таныс деген болмайтынын көреміз. Ол тек шындық пен әділетке сүйенеді деген терең тәрбиелік мағына береді. Судья қай уақытта да өз қызметінде Ата Заңымызды, Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы барлық заңнамалық актілерді, жалпыға бірдей адамгершілік нормаларын және мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Мұның бәрі айналып келгенде, судья әдебі деген ұғыммен тоғысады.
Судья әдебі – оның қызметтік мінез-құлқының маңызды бөлігі. Сот отырысында немесе қызметтен тыс уақытта болсын, судья әрдайым заң талаптарына сай, қоғам алдында үлгілі тұлға болуы қажет. Судьяның әрбір сөзі мен әрекеті қоғам тарапынан бағаланып отырады.
Сондай-ақ, судьяның әрбір шешімі адамдардың тағдырына, қоғамдағы сенім мен тұрақтылыққа әсер етеді. Сондықтан судьяның кәсіби біліктілігімен қатар, оның әдептілігі, адамгершілігі мен адалдығы үлкен маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, «әдепті судья –әділ соттың кепілі» деген тұжырым қоғам үшін аса өзекті.
«Судья орындығында отырған адал адам өзінің барлық қызығушылығын ұмытады»,- дейді данышпан Марк Туллий Цицерон. Ежелгі римнің атақты философы осы сөзі арқылы судьяға қойылатын талаптың жоғары екенін аңғартып отыр. Расында, судья болу –төрелік жасаумен шектелмейтін қызмет. Судья болу – ел адамы болу деген сөз. Сондықтан судьяға көпшілік алдында жақсы өнеге көрсету, биік парасат пен көркем мінезімен халыққа үлгі болу- міндет.
Әдептілік – судьяның басты қасиеттерінің бірі. Әдепті судья сот процесіне қатысушылардың бәріне бірдей құрметпен қарап, олардың пікірін тыңдай біледі. Ол асығыс шешім қабылдамай, әр істі жан-жақты зерттеп, заңға сүйене отырып қорытынды жасайды. Мұндай судьяның әрекеті қоғамда әділдік принципінің сақталуына ықпал етеді.
Әдепті судьяның тағы бір маңызды қасиеті-тәуелсіздік. Судья қандай да бір қысымға немесе жеке мүддеге жол бермей, тек заң мен ар-ожданға сүйене отырып шешім қабылдауы керек. Мұндай ұстаным ғана сот шешімдерінің әділ әрі заңды болуына мүмкіндік береді. Егер судья өз қызметінде адалдық пен әділдікті басты қағидат етсе, қоғамның сот жүйесіне деген сенімі нығая түседі.
Сонымен қатар, судьяның кәсіби мәдениеті де ерекше рөлі атқарады. Ол заңдарды терең меңгеріп қана қоймай, адамдармен қарым-қатынас жасауда да жоғары мәдениет көрсетуі тиіс. Сот процесіне қатысушылардың құқықтарын құрметтеу, олдардың пікірін мұқият тыңдау, түсіністік таныту – судья әдебінің ажырамас бөлігі.
Қорыта айтқанда, судьяның кәсібилігі, әдептілігі мен адамгершілігі арқылы қоғамда әділдік, тәртіп пен сенім орнайды. Сондықтан судьялар әрдайым заңға бағынуы, кәсіби деңгейін арттыруы және әдептілік қағидаларын ұстануы қажет.
Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев
Фото: Нұрболат Нұржаубай










