Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Судья әдебінің ерекшелігі

Судья әдебінің ерекшелігі

Сот төрелігінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін бірден-бір жауапты тұлға – судья. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған халқымыз. Осынау ұлағатты сөздің астарында ұлттық таным-түсінікпен тереңдей үңілсек, судья туғанды емес, ең алдымен, иманды болуы керек. Судья қай уақытта да өз қызметінде Ата Заңымыз бен қатар Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы барлық заңнамалық актілерді, жалпыға бірдей адамгершілік нормаларды және мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Мұның бәрі айналып келгенде, судья әдебі деген ұғыммен тоғысады.
«Судья орындығында отырған адал адам өзінің барлық қызығушылығын ұмытады» дейді данышпан Марк Туллий Цицерон. Ежелгі римнің атақты философы осы сөзі арқылы судьяға қойылатын талаптың жоғары екенін аңғартып отыр. Расында, судья болу –төрелік жасаумен шектелмейтін қызмет. Судья болу – ел адамы болу деген сөз. Сондықтан судьяға көпшілік алдында жақсы өнеге көрсету, биік парасат, көркем мінезімен халыққа үлгі болу- міндет.
Расымен де, қоғамдағы құқық үстемдігі мен әділдіктің сақталуы – сот жүйесінің кәсіби деңгейіне ғана емес, судьяның жеке басының адамгершілік келбетіне де тікелей байланысты. Сондықтан судья әдебі – сот саласының тұрақтылығы мен беделін айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Судьяның этикалық нормалары оның қызметтік өкілеттігінен бөлек, күнделікті мінез-құлқынан, қарым-қатынас мәдениетінен, моральдық ұстанымдарынан көрініс табады.
Cудья әдебі кодексі қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерді жүзеге асыру барысында әрбір судья үшін міндетті әдеп нормаларын белгілейді. Соған сай судья қашанда берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс-тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Судьяның қоғамдағы мінез-құлқы соттың шыншылдығына, объективтілігіне және тәуелсіздігіне қоғамның сенімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс.
Судьяға кез келген азамат сияқты сөз, ар-ождан, бірлесу, ақпарат тарату бостандығын және басқаларды қоса алғанда, конституциялық құқықтар мен бостандықтарға кепілдік беріледі. Осы құқықтарды іске асыру барысында судья сот жүйесінің беделін сақтауды ұмытпауға және әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ өзінің тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін қарым-қатынастардан аулақ болуы шарт.
Осылайша, судьяның моральдық бейнесі, кәсіби әдебі және адамгершілік ұстанымдары қоғамдағы әділеттілікке деген көзқарасты қалыптастырады.
Әдеп нормаларын қатаң сақтау – әділ соттың басты кепілі, ал судьяның мінсіз келбеті – мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сенімділігінің көрінісі.

Арал аудандық сотының судьясы
А.Асанхан

Фото: Нұрболат Нұржаубай
08 қаңтар 2026 ж. 137 0