Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – жаңа Заңнама

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – жаңа Заңнама

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Кодекс азаматтардың мүддесін қорғауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз уәжден қорғауға арналған қағидаттарды енгізетінін атап өткен жөн. Осылайша, заңнаманың барлық түсініксіз тұстары азаматтардың пайдасына шешілетін болады.
«Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың нақты құқықтарын қорғау мәселесін реттейді. Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Атап айтқанда, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.
Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын.
. Кодекске сәйкес судьялар өте маңызды рөл атқарады. Себебі мемлекеттік органдардың шешімдерінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкестігін дәл соттар тексереді. Жеке әкімшілік соттар құрылды. Бұл соттар азаматтар мен мемлекеттік органдардың, басқа ұйымдардың арасындағы дауларды қарайды. Ендігі кезекте сот бақылауы мемлекеттік органдардың шешіміне байланысты болмақ. Тағы бір жаңалық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.
Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
Жаңа кодекс күшіне енгеннен бастап әкімшілік рәсімдер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңдардың  күші жойылды
А. МЕНДЫБАЕВА,
Арал ауданаралық әділет басқармасының бас маманы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі
28 қыркүйек 2021 ж. 901 0