Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Судья әдебі кодексі сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды бөлігі

Судья әдебі кодексі сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды бөлігі

Жаңа істі бастамас бұрын меже белгілеп, мақсатты айқындап алған маңызды. Осы тұрғыдан алып қарағанда республика судьяларының съезі өзіндік бағыт-бағдары айқындалып, ұстанымын бекіткен, айтары бар жиынға айналып үлгерді. Төрт жыл сайын судьялар қауымдастығына сот жұмысына қатысты мәселелерді екшеп, кемшіліктерді жоюдың жолдарын қарастыратын, кем-кетікті түзеп, келешекке жөн сілтейтін бұл жиындардың маңызы арта түспесе, бір кеміген емес.
2024 жылдың 4 қазанында елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Республика Судьяларының кезекті IХ съезі өтті.
Съезде сот саласының соңғы төрт жылда атқарған жұмысының нәтижесі басты назарда болып, сот жүйесін жетілдіру, сот төрелігінің кәсіби деңгейін арттыру, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, эксаумақтық соттылық аясын кеңейту, озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, соттардың инфрақұрылымын едәуір жақсарту мәселелері атап өтілді.
Әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс.
– Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.
Иә, пәрменді және тәуелсіз сот билігі мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы үйлесімді өзара байланыстың принципті кепілінің бірі, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты құралы болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының сот жүйесінің алдына қойып отырған тапсырмаларын жүзеге асыру, талап үдесінен шығу судьялар корпусының басты міндеті болып табылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктерге де тоқталып, сот жұмысына оң бағасын берді. Биылғы жылы онлайн сот отырыстары өте ұтымды ұйымдастырылып, бұл қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болатынын айтты. Жаңа кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал ететінін жеткізді.
Сонымен қатар, елімізде әкімшілік әділет жүйесінің сәтті түрде енгізіліп, өзінің қажеттілігін дәлелдегенін атап өтті. Расында да, әкімшілік әділет институтының енгізілуі үлкен өзгеріс алып келді. Бастысы, азаматтардың жария-құқық саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
Сондай-ақ, съезде осы уақытқа дейін қолданыста болған судьялардың әдеп нормалары толықтырылып, жаңартылып, судья әдебі кодексінің жаңа нұсқасы қабылданды және бұл IХ съездің басты жаңалығы.
Жаңа әдеп кодексі судьялардың қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерде әдеп нормалары ережелерін белгілейді. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түспек.
Съезде айқындалған алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттер қоғамдағы әділеттің үстемдік құруына нақты үлес қосары сөзсіз.
Арал аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы
К.Садуақасова.

Сурет: ​malim.kz​​​
23 қазан 2024 ж. 111 0