Өткенді саралап, болашаққа бағдар жасалады
Өткенді саралап, болашаққа бағдар жасау ұлағатты іс. Осы тұрғыдан алып қарағанда республика судьяларының съезі өзіндік бағыт-бағдары айқындалып, ұстанымын бекіткен, айтары бар жиынға айналып үлгерді.
Әр төрт жыл сайын саланың кем кетігін түгендеп, келер съезге дайінгі мақсат жоспарларды айқындап беретін жиын дәстүрлі түрде 2020 жылы сегізінші рет өткізілді.
Пандемиялық жағдайға орай VIII съезге онлайн режимде қатыстық. Дегенмен, сот жүйесінің жаңа технологияларды игерудегі белсенді жұмыстарының арқасында сол жиынның делегаты біздер, өзімізді еш ерекшеліксіз, жиынның қақ төрінде отырып қатысқандай сезіндік
Съезде сот саласының соңғы төрт жылда атқарған жұмысының нәтижесі басты назарда болып, заң жобаларының әзірленгені, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шаралар, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру, пандемия кезіндегі фронт-офистер мен соттардың жұмысы атап өтілді.
Осы орайда, Мемлекет басшысының фемида қызметкерлерінің карантин кезіндегі еңбегін ерекше бағалағанын айтпай кетуге болмас. Расында да, пандемиялық жағдайға орай қоғамымыздағы кейбір салалар карантинге тез бейімделіп үлгере алмай жатқанда, сот саласы соңғы жылдары ақпараттық технологияға, электронды қызметке көшуіне орай, онлайн сот отырысына, онлайн қызметке дер кезінде бейімделіп үлгергенін мақтанышпен айта аламыз. Сондықтан Президенттің мұндай бағасы республиканың судьяларын ерекше қанаттандыра түсті.
Сонымен қатар жиында судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, қоғаммен кері байланысты дамыту, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны қатайту, мемлекеттік баж мөлшерін ұлғайту мәселелері талқыланды.
БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Съезде осы ең маңызды да түйінді мәселенің бірі ретінде сөз болды. Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың кездесетініне назар аударды. «Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. Мұндай жағдайға құқық қорғау органдарының да кінәсі барын ашып айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы сотқа қысым жасау заң бойынша қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Бүгінде, сырғып өткен сындарлы жылдардың қорытындыларына назар аударатын болсақ, сот жүйесі саласындағы бірталай күрделі мәселелердің шешіліп, жауапкершілігі белгіленген үлкен міндеттердің абыроймен орындалғанына көз жеткізуге болады.
Алғашқы съезд 1996 жылдың желтоқсан айында өткізіліп, судьялардың Әдеп кодексі қабылданды. Судьялар одағының іргетасы да осы басқосуда қаланды. Осы съездердің нәтижесінде соттардың қызметі жанданып, материалдық-техникалық әлеуеті артты. Алқабилер сотын енгізу, сот саласына медиацияны қолдану сияқты маңызды бастамалар бұған дейінгі өткен басқосулардың жемісі. Сондай-ақ, қолданыстағы Азаматтық - процестік кодексінің іргетасы да Судьялардың VІ съезінде қаланған.
Жылдан-жылға съездің талқылайтын тақырыптарының ауқымы да кеңейіп, қаралатын мәселелердің маңызы да артуда. Міне, Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезіне төрт жыл толып, аталған одақтың ІХ съезінің өтетін уақыты таяп қалды. Бұл жиын республикамыздың судьялар корпусының алдына жаңа мақсаттар қойып, сот жүйесінің одан әрі дамуына серпін береді деп сенемін.
Арал аудандық сотының төрағасы
Садуақасова Камшат Ашимқызы
Фото: egemen.kz