Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Мәжіліс бюджетке енгізілетін түзетулерді мақұлдады

Мәжіліс бюджетке енгізілетін түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов құжаттың мақсаты - қатаң фискалдық шектеулер мен бюджетке мұнайлық емес түсімдерді ұлғайтып, Мемлекет басшысының Жолдауларын, Бес әлеуметтік бастамасын толық орындалуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. 

«Нақтыланған бюджеттің міндеттерін іске асыруға арналған ресурстар ретінде үш бағыт бойынша шоғырландырылған қаражат бар. Бірінші - макроэкономикалық болжамды түзету нәтижесінде 181 млрд теңге мөлшеріндегі республикалық бюджеттің қосымша түсімдері. Екінші, былтырғы бюджеттен қалған 125 млрд теңге көлеміндегі тиісті қалдықтар. Үшінші, 118 жарым млрд теңге сомасындағы борыштық бағалы қағаздарды шығару. Бекітілген бюджет кірістерінде салықтарды жинау жобасын асыру бойынша әзірленген жоспарлар есепке алынды», - деді министр.

Бақыт Сұлтанов Қаржы министрлігінің жанында құрылған жобалық кеңсе салықтық және кедендік төлемдерді жинау деңгейін көтеруді көздеп отырғанын жеткізді.

«Осы жоспарлардың маңызды элементі - бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады. Мәселен, 2017 жылы тексерістер саны 45 пайызға қысқартылды. Бұл жұмыста ақпараттық технологияларды енгізу екпін жасалады. Мысалы, өткен жылдың үшінші тоқсанынан және ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, «Астана - 1» ақпараттық жүйенің транзит, экпорт және импорт бойынша кеден органдарының бизнес-процестерін автоматтандыратын модульдер іске қосылды. Нәтижесінде, кедендік тазартудың орташа уақыты 105 минуттан 7-15 минутқа дейін қысқартылды», - деді ол.

Сұлтановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 181 млрд теңге қосымша түсімдері қажетті шығыстардың 44 пайызын ғана жабады. Нәтижесінде, республикалық бюджет шығыстары ақпан айында Үкімет түзеткен бюджеттен 417 млрд теңгеге, ал жалпы бекітілген бюджеттен 425 млрд теңгеге өседі.

«Аталған шығыстарды 3 негізгі бағыт бойынша бөлу ұсынылады. Бірінші Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестік қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауларын іске асыруға 293 млрд теңге көзделеді. Екінші, 25 млрд теңге Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бөлінеді. Үшіншіден, бұрын қабылданған міндеттерді іске асыруға 99 млрд теңге бағыттау ұсынылады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

inform.kz

---
18 сәуір 2018 ж. 954 0