Жаңылғанның тәттілері жайнатады дастарқанды

– Бастапқыда отбасылық қуаныштарды артық шығын шығармайын деп дастарқанға қоятын тәттілерді өзім жасап жүрдім. Кейін жақындарым тапсырыс бере бастады. Олардан басқалар естіп жасап беруімді өтінді. Осылай тапсырыс берушілер қатары көбейе берді. Содан неге осы ісімді кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді. Алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында оқып, кәсіп ашудың алғашқы алгоритмдерін үйрендім. Сосын кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік конкурсқа қатысып, 1 млн 200 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иелендім. Бұл қаражатқа кондитерлік тәттілер пісіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым,– деген Жаңылған кәсібін қалай бастағанын айтып берді.
Ол 2018 жылы бір әулеттің келіні атанды. Сол кезден бастап кондитерлік тәттілерді тұрақты істеп келеді. Өзінің тұрақты тапсырыс берушілері де бар. Заманмен үндесіп тәтті өнімдерін де түрлендіріп отыратын Жаңылған осылай отбасылық қаражаттың еселенуіне өз үлесін қосып жүр.
– Кондитерлік өнімдерді пісіру біреуге оңай сияқты көрінеді. Шын мәнінде аса мұқияттылықты талап етеді. Бір тәтті өнімді пісіру үшін оған қосылатын қоспаның бәрін өз ретімен, мөлшерінде қосу қажет. Кішкене мөлшерден асып не кем қылсаң бәрі еш кетеді. Ал осыны табыс көзіне айналдырып отырған біздер үшін бұл шығын болып табылады, – дейді Жаңылған.

Жаңылған өзі ата-енесіне қызмет етіп, жолдасының жағдайын жайлы етіп бір үйдің шаруасын ширатып отырған келін. Және оған қоса уақыт тауып тапсырысқа тәтті торттар дайындап жүрген кәсіпкер.
– Қазір тапсырысты үйден қабылдап жасаймын. Алдағы уақытта кондитерлік тәттілер дайындайтын цех ашқым келеді. Сол үшін еңбектеніп жатырмын. Өзіме артылған сенімді ақтап, кәсіпкерлік саласында табысқа жетуді мақсат етіп жүрмін, – дейді Жаңылған Тағыбергенқызы.
Бүгінгі кейіпкеріміз іс қыламын деген жанға мүмкіндіктің мол екендігін дәлелдеп бергендей. Әрине кедергілер де, күрмеулер де болуы мүмкін. Бірақ табысқа жетемін деген адам қиындықта сынбай қарсы тұрса түбінде бәрін мойындатары сөзсіз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ