Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жиһазды жайнатқан

Жиһазды жайнатқан

Ауданда кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары жыл сайын артып келеді. Олардың ішінде жастардың үлесі жоғары. Мемлекет қолдауының арқасында өз кәсібін бастап, тәуір табыс тауып отырған жандар да бар. Олар өздерін жұмыспен қамтып қана қоймай, халық қажеттілігін де өтеп отыр. Солардың бірі – Науан Қосқұлов. Ол қазірде өзінің жаңа кәсібін дамытып, табысқа жеткен. Ескі жиһаздаға жаңаша өң береді. Яғни жарамсыз болып, сәннен шығып қалған диван, креслоңызды ығыстырып сарайға немесе қоқысқа тастауға асықпаңыз. Науан оны қалай жайнатуды біледі. Мақаладан оқыңыз.

Науан 2019 жылдан бастап кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жасауда. Ол өз бизнесін бастау үшін мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алған. Бұл қаражат оның ойға алған жоспарын жүзеге асыруға үлкен қолдау болды.
– Қазір екі жылға жуық уақыт болды. Ескі жиһаздарды жөндеумен айналысып келемін. Жөндеп қана қоймай, оған заманауи өң беріп, қаптап беремін. Бастапқыда ағайын-туыстарыма, таныстарыма істеп беріп жүрдім. Кейін бірінен-бірі көріп келді. Қазір қызметімен жүгінушілер баршылық. Кәсібімді бастауыма мемлекеттен алған қаражат үлкен көмек болды. Соған барлық қажетті құралдарымды алдым, – деді Науан.
Жиһаздарды қаптау, тігіншілік өнермен пара-пар. Науан бұл кәсіпті бастауға өзінің өмірінде басынан өткен қиындықтардың себеп болғандығын айтты. Ол 2016 жылы істі болып екі жылын темір тордың ар жағында өткізді. Осы уақыт ішінде ол өмірден сабақ алды.
– Қателеспейтін пенде болмайды. Мен бұл сөзбен өзімді ақтап отырғаным жоқ. Бір кездеі жастық албыртпен шалыс басқан кезім болды. Ол ісімнің заң алдында жазасын тарттым. Жақындарымнан жырақта болған сол уақытта мен көп ойландым. Ол жақта да еңбек еттік. Сол кезде тігіншілік жұмыстармен алғаш рет таныс болдым. Машина, түрлі жиһаздар қаптау жұмыстарымен айналыстым, – деген кәсіпкер өмірдің қиындығынан сабақ алғандығын жасырмады.
Ол қалыпты өмірге оралған соң, жақсылыққа бет бұрды. Қоғам да оны ығыстырып, сыртқа тепкен жоқ. Қайта ынталы жігіттің бастамасын қолдай кетті.
– Қазір жастарға болсын, қоғамның қандай өкілі болса да кәсіп істеп, еңбектенемін деген адамға барлық мүмкіндік бар. Оған толық көзім жетті. Бастапқыда қалай болар екен деп іштей жүрексіндім. Бірақ, бәрі сәтімен келді. Аудандағы кәсіпкерлікті дамыту саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер де бар білгенін түсіндіріп, дұрыс бағыт нсқап отырады, – деді ол.
Науанның қазірде бос уақыты аз. Күні бойы үй ауласындағы шағын цехында уақыт өткізеді. Тапсырыстары да көбейген. Енді осы цехты үлкейтуді жоспарлап жүр.
– Цехты кеңейткім келеді. Кәсіпкерлік мақсатта жер алып, үлкен жиһаз цехын салсам деймін. Онда тек қаптаумен ғана айналыспай, тапсырыспен түрлі жиһаздар жасағым да келеді. Қазір көбі қолдан жасатқысы келеді. Бірақ менде ондай мүмкіндік болмай отыр,– деген Науан болашақ жоспарлары туралы айтып берді.
Науанның бүгінгі тірлігі түзу, мақсаты биік. Ол қазір бар жігерін жақсылыққа жұмылдырған. Қолынан іс келетін жігіттің жасаған дүниесі де тәуір-ақ. Тіпті кейбірі "қисайып, тозып тұрған диванымызды дүкендегі кемі 300 мыңға бағаланып тұрған диванға ұқсатып әкеліп бергенде, танымай қаламыз" дейді. Бірақ оның жұмысы ондай қымбат тұрмайды. Осылайша елдің алғысына бөленіп жүрген кәсіпкердің алдағы мақсаты орындалса, халыққа да қолайлы болғалы тұр.

Назерке Маратқызы
27 сәуір 2021 ж. 844 0