Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Прәндік пісіруді қолға алған

Прәндік пісіруді қолға алған

Тіл үйірер тәтті прәндік. Сауда қатарында кім-кімді де еліктірмей қоймайтын мұндай тәттінің өтімділігі де жоғары. Дегенмен біздің дүкендерде көбіне сырттан тасымалданаты өнімдер болғандықтан бағасы да соңғы кездері әжептәуір өскен. Осыны ескерген жақсықылыштық кәсіпкер Ақбота Оңғарбайқызы өзінің кондитерлік өнімдер шығаратын цехынан пірәндік шығара бастады.
Кәсіпкер болуды қолға алған Ақбота Бегенбетова 2019 жылы «Бастау» кәсіпкерлерді қолдау орталығында кәсіпкерлер даярлау курсынан өтеді. Осылайша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алған. Сол арқылы өзінің кондитерлік кафетерий кәсібін бастаған. Кейіннен мемлекеттен кәсіпкерлерге берілетін пайыздық мөлшерлемесі аз несие алып, кәсібін жандандыра түседі.
– Негізгі мамандығым – технология пәніннің мұғалімі. Бірақ ол бойынша қызмет еткен жоқпын. Түрлі тәттілер пісіру менің болмысыма жақын болды. Бұл қызығушылықтан туған кәсіп деп айтсам да болады. Бастапқыда отбасылық жиын-тойларға пісіріп жүрдім. Кейіннен біртіндеп тапсырыс келе бастады. Сонан соң осы кәсібімді қолға алуға шешім қабылдадым. Осылайша кәсіпкер болып шыға келдім, – деп бастады әңгімесін Ақбота Оңғарбайқызы.
Кәсіпкер ең алдымен кондитерлік кофетерие ашқан. Онда адамдар демалып түрлі тәттілермен шәй ішіп, тез дайындалатын фас-фут тағамдарды тұтына алады. Ал одан бөлек тәттілер шығаратын цехтың жұмысы қайнап тұр.
– Бұрын ауыл ішіне көрші ауылдарға тапсырыспен түрлі тәтті торттар, самса, тоқаш сынды дастарханның шырайын кіргізетін өнімдерді дайындайтынмын. Жақынан бастап прәндік пен коржок дайындауды неге байқап көрмеске деген ой туды. Ақыры бұл істі де қолға алдым. Қазір Арал қаласындағы оннан астам дүкенді осы өнімдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Сұраныс жоғары, – дейді кәсіпкер.
Расымен де қазір «жақсықылыштың прәндігі» деген сөзді жиі естейтін болдық. Дәмі ерекше бағасы қалтаға қонымды тәттіні іздеп жүріп алатындар көбейген. Соның арқасында Ақботаның кәсібі де дөңгелене түсті. Қазір 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Бұрындары үлкендер береке нанда деп айтушы еді. Сол сөздың растығына көзім жетті. Ошағымыздан күнде тәтті наның иісі шыққандықтан болар, Аллаға шүкір несібеміз еселеніп келуде. Бастысы ол емес. Қазіргідей қымбатшылық заманы орнап тұрған шақта халыққа сапалы, тойымды, әрі арзан тағамдар тұтынуға өз септігімізді тигізсек дейміз. Ал нәпақамызды Алла пейілімізге қарай береді, - дейді ол.
Кәсіптен береке тауып отырған нәзік жанды ана көпке үлгі боларлық. Жолдасы Әділбек екеуі өмірге әкелген үш баласын жетілдіріп, жеткізіп немере сүйіп отырған жайы бар.
– Біз балаларымызға үлгі бола білуіміз керек. Жолдасым Әділбек мектепте мұғалім. Ер адамның ас-ауқаты дайын, сырт келбеті мінсіз болуы керек. Әрине әйел ретінде оған тікелей жауаптымын. Ал өз ісіме шын пейілмен кірісу артық шығынсыз дәмді дүние шығарудың алғы шарты болмақ, – деді.
Кәсіптің көзін тауып, берекелі тұрмыс кешіп отырған осындай іскер, қарапайым отбасылар біздің мемлекетіміздің гүлденуінің кепілі. Ақбота Бегенбетова  кәсіпкер әйел, асыл жар, бақытты ана тіркестеріне сай келетін жан екендігін өз ісімен дәлелдеп жүрген жан. Қоғам осындай нәзік жандылармен мақтанады.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
20 қыркүйек 2022 ж. 530 0